Қоғам • 31 Шілде, 2023

Күрежол көп күттірмесе екен...

202 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қарағандыдан Алматыға апаратын жол автобанға айналады. Сол жолдың 363 шақырымын құрайтын Қарағанды – Балқаш тасжолының құрылысы уақытынан кешігіп жатыр. Жоспар бойынша осы жылдың мамыр айында толық тапсырылуы тиіс-тін. Алайда «ҚазАвтоЖол» ҰК» акционерлік қоғамы автобанның төрт жолағы жылдың аяғына дейін ашылады, ал толық жұмыс келесі жылдың соңына қарай аяқталады деп уәде беріп отыр. Яғни тағы бір жылға шегерілді.

Күрежол көп күттірмесе екен...

2019 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Қарағанды облысында 800 шақырым жол жөн­деу­ден өтетіні айтыл­ған еді. Сол жоба­ның ішінде республикалық маңы­зы бар «Қарағанды – Бал­қаш» тасжолына бюджеттен жал­пы 248 млрд 225 млн теңге бөлін­ді. «Қарағанды-Балқаш» учас­кесін реконструкциялаудың жоба­лау-сметалық құжаттамасы 2016-2017 жылдары әзірлен­ген. 2018 жылы «ҚазАвтоЖол» ҰК» акцио­нерлік қоғамы «CITIC Const­ruction Co Ltd» және «ҚазГерСтрой» БК ЖШС компаниясы­мен келісімге келіп, 2019 жы­лы талапқа сәйкес, құры­лыс-монтаж жұмыстарын баста­ған. Сол уақытта «CITIC Const­ruction Co Ltd» ЖШС компа­ния­сы консорциумның лидері болып бекітіледі. Алай­да осы­дан бірнеше ай бұрын «ҚазГерСтрой» БК ЖШС берілген жүкте­­ме­ні орындамай, жұмыс кес­те­сін бұзғандық­тан консор­циум мүшелігінен шығарылып тастады. Қазір бас мердігер – «CITIC Construction Co Ltd» ЖШС жұ­мысты жүр­гізіп жатыр.

– Мұнда түрлі ауысымда 790 адам жұмыс істеп жатыр. 610 техника жұмылдырылған. Сондай-ақ 174 шақырымның жұмысын «СинеМидасСтрой» ЖШС істеп жатыр. Яғни Қа­рағандыдан Балқашқа қарай, 174 шақырымға дейінгі жұ­мыс осы мердігерге тиесілі. «ТеміржолЖөндеу» ЖШС компаниясы 20 шақырым жол салып жатыр. Биыл айналма жол 95 пайызға азайды, дейді «ҚазАвтоЖол»-дың Қара­ғанды облыстық филиалы ди­рек­торының орынбасары Айбек Амантаев.

«Қарағанды – Балқаш» тасжолы – сегіз учаскеден тұрады. Арақашықтық алшақ болғаннан кейін әр учаске екі климаттық белдеуде орналасқан. Ма­ман­дар осыны ескеріп, жолды бес қа­бат­пен салған. Яғни әр учаскеде жол сапа­сының құ­рамы әртүрлі, бір-біріне ұқсамайды.

Мәселен, №1-4 учаскесінің тө­менгі қабатына қиыршық тас­ты құм қоспасы төселген. Оның үстінен күл қоспасымен бел­сендірілген құмды цемент қос­пасы жүргізілді. Осы үдеріс біт­кеннен кейін ыстық ірі тү­йір­шік­ті тығыз асфальтбетонмен тегістеліп, үстінен қиыршық тас­ты мастикалық асфальтбетонмен жапқан.

№5 учаскедегі төсем одан сәл өз­герек. Климаттық жағдайға байланысты жолдың екінші қабатына қиыршық тасты құмды цемент қоспасын төсеген. Ал №6-8 учаскесі бес қабатпен салынып жатыр. Ең бірінші аралық байланысты нығайту үшін минералды қоспаның топырағы себілген. Оның үстінен қара қиыршық тас төселіп, ыстық ірі түйіршікті асфальтбетон құйылады. Төртінші қабатына ыстық ірі түйіршікті тығыз асфальтбетон, бетінен қиыршық тасты мастикалық асфальтбетон төселеді. Тағы бір ар­тықшылығы – жол бетондал­майды. Яғни «Қарағанды – Астана» автобанындай тайғақ емес, аса қауіпі жоқ.

Одан әрі Балқаштан Бурыл­байталға дейінгі (Қара­ғанды облысы аумағындағы бөлігі) 141 шақырым болатын жолда да жұмыс қызу жүруде. Мұнда 290 адам еңбек етіп жатыр. Оған  290 техника тартылған. Биыл жыл соңына дейін 90 шақырымның төрт жолағын ашамыз дейді «ҚазАвтоЖол» өкілдері. «Sinohydro Corporation Limited», «СинеМидасСтрой», «Todini Costruzioni Generali» ЖШС, үш мердігер жұмыс жүр­гі­зіп жатыр. Ал жалпы Бал­қаш – Бурылбайтал күрежо­лы­ның жалпы ұзын­дығы 288 шақырымды құрайды. Жоба автомобиль жолдары комитетінің құзыретінде.

– Бурылбайтал – Күрті тас­жолының ұзындығы 228 ша­қырымды құрайды. Жолдың 2 телімінің құрылысына «Қаз­АвтоЖол» жауапты. 143 ша­қы­рымның 81 шақырымы биыл қолдануға берілсе, 62 шақы­рым­дық екінші бөлігі келесі жылы аяқталмақ. Қалған екі те­лімнің құ­рылысына Авто­мо­биль жолдары ко­митеті жауапты. Ал Күрті – Қапшағай тасжолының жал­пы ұзындығы 67 шақырымды құрайды. Келісімге сәйкес бұл жолдың құрылысы 2025 жылға дейін аяқталады деп көзделіп отыр, – дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК» акционерлік қоғамының баспасөз хатшысы Ләззат Стамғазиева.

Биыл мамыр айында жол толығымен бітуі керек-тін. Құ­ры­лыс жұмыстарының созылу себебін Ләззат Кеңесқызы былай түсіндірді.

– COVID-19 пандемиясынан кейін жол-құрылыс мате­риал­да­рының және жалпы құрылыстың күрт қымбаттауына байланысты жобалау-сметалық құжатқа тү­зе­тулер енгізілді. Соның салдарынан жұмыс жоспарын бір жылға шегердік. Бұл жағдайды «ҚазАвтоЖол» Индустрия және ин­фрақұрылымдық даму ми­нистрлігі Автомобиль жолдары комитеті бірлесе отырып қа­рас­тырды. Төрт жолақты авто­бан келер жылдың І жарты­жыл­ды­ғында толық пайдалануға бе­ріледі деп жоспарланған. Сме­талық құжатқа түзетулер ен­гі­зіліп жатқанда мердігер компания жол-құрылыс жұмыстарын өз қаражаты есебінен жүргізді, – дейді ресми өкіл. – Құрылысқа ең қажетті материалдардың ба­ға­­сы шарықтап кеткен. Мә­се­лен, ПЦ 400-Д0 маркалы порт­ладндцементтің құнын сме­талық құжатқа – 16 330 теңге болғанда бекіткенбіз. Қазір ол – 35 897 теңге тұрады. Жол құрылыс битумы 100/130 маркасының жобалық-сметалық құны 106 230 теңге болса, бүгін бағасы  210 146 теңгеге қымбаттаған. Одан бөлек, арматураның жо­ба­лық-сметалық құнын 170 310 теңгемен есептесек, ол 376 202 тең­геге күрт көтерілді.

«Қарағанды – Балқаш» тас жолында биылғы құрылыс маусымы басталғалы бері 20 шақырымнан аса асфальт жол төселген. Ал жалпы жоспар бойынша жұ­мыс­­тың 70 па­йыздан астамы орын­­далғанын айтады мердігерлер. Яғни автобан бойына 310 су өткізу құбырының 299-ы салынған. Жобадағы 11 көпірдің жартысынан көбі аяқталыпты. Ауыл шар­уа­­шы­лы­ғы техникасының өтуі үшін төселетін жол құ­ры­лысы 75 па­йыз­ға орын­дал­ған. Теміржол ар­қылы өтетін 1 өткелдің жөндеу жұ­мыстары да аяқталуға сәл-ақ қал­ды.

«Қарағанды – Балқаш» автобаны – І және ІІ санаттағы автожолдың қата­рында. Басты ерекшелігі – жолдың бес қабатты жабыны. Жауапты компания өкілі төрт жолақты автобанның келер жылы толық қолданысқа берілетінін айтты. Сағызша созылмай, сапалы салынса деген көп тілеуі кешеуілдемесе екен. Әйтпесе, жолға кететін қыруар қаржы қолға кетті ме деген көптің көкейінде көлеңкелі күмән туындайды.

 

Қасымхан ҒАЛЫМ,
«Egemen Qazaqstan»