Әуелі әткеншек теуіп отырған тақиялы қыз баланың суреті 19-шы шағын аудандағы балалар ауруханасының тұсындағы үйдің қабырғасынан көрініс тапты. Нәп-нәзік суреттің өр жағына «бәрі жақсы болады» деген жазу жазылып, ауруханада жатқан науқастарға күш-жігер беріп тұратындай көрінді. Бұдан кейінгі мурал С.Нұрмағамбетов және А.Чехов көшелерінің қиылысындағы үйге салынған. Ол жерге еліміздің көк байрағын көтеріп тұрған балақай бейнеленді. Ал арбат бойындағы үйлердің бірінен қызылды-жасылды кемпірқосақтың суретін салып жатқан бүлдіршінді көруге болады. Әуезов даңғылы мен Горький көшесінің қиылысындағы үйге жас хоккейшінің бейнесі түсті.
Бәрінен бұрын І.Есенберлин даңғылының төріне Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханның портреті түскенде елең етпеген ел болмады. Ересектердің «бұл кім?» деп танымай жатқанын да құлағымыз шалып қалған. Есесіне жалынды жастар Әлихан Бөкейханның кім екенін мүдірмей түсіндіріп беріп жатты. Иә, кеңестік жүйенің шекпенінде өмір сүріп келгендер Алашты, Әлиханды қайдан білсін?! Бертінге дейін тарих беттерінен көрмегеніміз өтірік емес. Демек, мурал көпшіліктің көкірек көзін ашып, Алашты тани түсуге ықпалын тигізіп жатыр. Оның үстіне, суреттің төменгі тұсындағы QR код арқылы Әлихан Бөкейханның өмір жолымен танысуға болады. Таптырмас идеямен салынған суреттер қала әкімдігінің тапсырысымен жүзеге асқанын айта кеткен жөн.
– Муралдың көрген көзге әдемілік сыйлайтыны бір бөлек те, патриоттық салмағы бір бөлек. Ең бастысы, қала тұрғындарына ұнап жатқанын байқап отырмыз. Бесінші мурал – Әлихан Бөкейхан Өскемендегі үйлердің бірінің қабырғасында менмұндалап тұр. Алаш көсемінің үлкен портреті және цитатасы – «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» жастарға рух беретініне күмәніміз жоқ, – дейді қала әкімі Жақсылық Омар.
Суреттерді салған қылқалам шеберлері Алматы қаласынан келген «Tigrohaud crew» шығармашылық орталығының мүшелері Ержан Танаев пен Әли Зәкір.
Өзгеше қаланың тұрғындары да әр көшелерге айтулы тұлғалардың портреттері бейнеленсе деген ұсыныстарын айтты. Мәселен, Әлия Молдағұлова көшесіне Әлияның портреті асқақтап тұрса деседі. Әрине, ұсыныстардың ескерусіз қалмайтыны анық. Суретшілер болса, тапсырыс түссе, талмай еңбек ететінін айтты.