Аймақтар • 01 Тамыз, 2023

Киелі мекен – кең Жылыой

390 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жылыой – сан ұрпаққа мекен болған, етек-жеңі мол пішілген, сәулет өнерінің сан түрлі архитектуралық ескерткіштеріне бай, Қарашүңгіл қауымы маңында, қазақ жерінде тұңғыш мұнай бұрқағы атқылаған мұнайлы аудан. Бұл өңір сәулет өнерінің сан түрлі архитектуралық ескерткіштеріне бай десек, сәулет өнерінің сан түрлі қолтаңбасы – Ақмешіт қауымы, Дәдем ата, Ұшқан ата, Жұбан тамы мазары, Дүйсеке ата, Құлшан әулие, тағы да басқа қауымдар көп ұшырасады. Асан Қайғы, Доспамбет, Шалкиіз жыраулар жырға қосқан ардақты мекен.

Киелі мекен – кең Жылыой

Жылыойдың бір бөлшегі Ақмешіт – Пір Бекет атамыздың туған жері. Ақкиіз­тоғайдан шыққан жол Жем өзенінен өткен соң, біраз жоннан асырып, Намазтақырға апарады. Бағзы заманда Бекет ата осы жерде таң намазын оқыған екен. Осы жерден қарап тұрсаңыз, ақ күмбездей болып Ақмешіт көрінеді. Ақмешіт – әулие мүридтеріне ұстаздық еткен, атасы мен анасының мәңгілік мекен еткен киелі төрі.

Алдыңғылардың үлгісін кейінгілер мирас қылады. Жылыой дегенде ауыздан ағыл-тегіл жыр да, сыр да ағытылады. Бұл жерден көмекейінен көсемжыр ат­қы­лаған небір сұңғыла ақындар да, қол бастаған батырлар да, асқынған дауды жарты ауыз сөзбен тоқтатқан би-ше­шендер де өткен. Ел қорғаған Байбақты ата Қармысұлы, Сүйінғара, Төремұрат, Нарынбай, Өтен сияқты батырларымен ардақты, Мәтжан би, Аралбай, Есенбақ, Қашқынбай, Бала Ораз сияқты дуалы ауыз ақын, би-шешендерімен салмақты болған бұл мекенде Қыздарбай, Сақып деген даңқты әншілер, Ұлсары, Айдай, Қанжан сияқты ақын әрі шешен қыздар да болған дейді ауыздан ауызға жеткен ел шежіресі.

2000 жылы археологтер қазба жұмыс­тарын жүргізгенде Ақмешіттегі Бекет ата мешітінен үш шақырым қашықтықтағы Аралтөбе маңынан бұдан 2000 жылдай бұрын осы араны мекен еткен сарматтар дәстүрінің куәсі – тағы бір «Алтын адам­ды» тапты. Бұл да атажұрттың қазынаға толы қойнауының жұмбақ сырларының жер бетінде көрініс тапқаны болар.

Жылыой – мұнайлы аудан. Ерте кездерде мұнай көздері жердің бетіне шығып, тайыз құдықтар қара майға толып жататын көрінеді. Осындай құдіретімен 17 ға­сырдан бастап Жылыой өңірі орыс және шетелдік зерттеуші-саяхатшылардың назарын аудартты. 1899 жылы Қарашүңгілде тұңғыш рет мұнай бұрқағы атқылады.

Құлсары қаласы – Атырау облысы Жылы­ой ауданының орталығы. Құлсары атауы 1822 жылы Маңғыстауда туып, 1902 осы мекенде дүниеден өткен батыр әрі көріпкелдік қасиеті бар Құлсары ата Тінекейұлы есімімен тығыз байланысты. Құлсары қара қылды қақ жарған би әрі өте дәулетті адам болған екен. Оның қырық мың жылқысы Кең Жылыой жерінде еркін жайылған. Атамыз жүйрік аттар да ұстаған. Күншілдікпен біреулер атаның бәйгеден озып келген жорғасының қолтығына қара сабын жағып өлтіреді. Осыдан кейін Құлсары ата құсаланып ауырады. Өлген жүйрік атты садақы қылып, көзінің тірісінде бейітін салдырған. Ұрпағына «Осы жерден құлағыма бір дүбір келеді, Маңғыстауға, ата-бабамның қасына апарып әуреленбеңдер. Менің Құлсары деген атым өшпес, жылқыларымды қарап жатайын, денемді осы жерге қойыңдар», деп өсиет айтқан екен.

Қызылдар өкіметі қызыл туын Жылы­ой жеріне тіккенде, ең алдымен, Бекет ата салған Ақмешітті динамитпен жарды. Ата мешітін жаруға қатысқан адамдар түгелімен есі ауысып, айқайласып, Жем жағалап бірін-бірі қуып кеткен екен. Қы­зылдар атақты Мәтжан биді жасының ұлғайғанына қарамай намаз үстінде тұт­қындамақ болғанда би ауырып қайтыс болады. «Аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен төрт түлік малды қырғызып, бай мен молданы, оқыған көзі ашықты итжеккенге айдатқан Қызыл өкімет Жылыой өңіріне оп-оңай орнай қалған жоқ. Жаңа өкіметтің шектен шыққан қатыгездігіне шыдамаған «дала барыстары» атанған қалың Адай қарсы көтеріліске шықты. 1931 жылдың жазында Жем бойында То­банияз бастаған көтерілісшілер аса күшті зеңбіректермен қаруланған жазалау отрядтарына төтеп бере алмай, қол­ға түсті. Аман қалғандарына жаңа үкі­­мет ит қорлығын көрсетіп, азаптап өл­тір­ген. Жылыой жұрты Алашорда қоз­­ға­лысын да қызу қолдаған. Мұның да жолы қысқа болды. Сол зобалаң бас­­тал­ған күндерде жылыойлықтар Алаш көсемі Мұстафа Шоқайды өз топы­­ра­ғында Каспий теңізінен Бакуге бара­тын кемеге отырғызып, шығарып сал­ған. Жылыой тарихында мынадай бір сұм­дық дерек бар. 1932-1956 жылдар арасында осы өңірде «ПрорваЛАГ» деген қазақтың көрнекті қайраткерлеріне арналып салынған қатаң тәртіпті құпия саяси лагері болған. Тарихтың қойнауына кеткен бұл құпия орынға жақында аудан әкі­мі Жұмабек Қаражановтың қолдауымен ескерткіш тақта орнатылды. Ел аузындағы әңгімеде бұл лагерьде Сәкен Сейфуллин де болыпты деседі. Сәкеннің сұлулығы аңыздай болған ғой, сол сұлулығы оны көп тұтқынның арасынан айрықша көрсеткен шығар, сірә? Түрме қызметкерінің қапы­да айтып қойған сөзі әйелдердің құлағы­на жетпей ме? Жылыойдың бір сұлуы Сәкенді бір көріп өлсем, арманым жоқ деп басын қатерге тігеді. Түрме бастығына жалынып жүріп, түн ортасында Сәкен ақынға бір құмыра шұбат апарып берген екен дейді. Осы арада әлі де зерттей түсетін дүниелер бар.

1942 жылы Батыс майдан даласында ерлікпен қаза тапқан жылыойлық Далабай Жазықбаев – Қасым Аманжоловтың «Ақын туралы аңыз» поэмасының кейіпкері Абдолла Жұмағалиевпен тағдырлас ақын. Соғыста ерлікпен көз жұмған Далабай ақынның атында мектеп бар Құлсарыда. 1952 жылы туған жерде тұңғыш оркестр құрған, үлкен өнер иесі дирижер-композитор Тоқсанбай Құлтумиев, композиторлар Забен Жарылғасов, Қосан Үбіғалиев, белгілі композитор, дирижер Айтқали Жайымов, аты аңыздай естілетін ақын Меңдекеш Сатыбалдиев, әдебиетші-шежіреші Жанаш Нұрмаха­нов, өткен ғасырлардағы ақын-жырау­лар шығармашылығын зертеуші белгілі ғалым Қабиболла Сыдиықов, технология ғылымдарының докторы, профессор Қуанғали Қуатбаев, ақын-ұстаз Аман­қос Ершуов, ақын, қоғам қайраткері Өте­ген Оралбаев, әдебиетші-ғалым Мақсат Тәж-Мұрат, өнертану ғылымдарының кан­дидаты, музыкатанушы Бақыт Тұрма­ғамбетова, т.б. Жылыойдың жампоздары мен жайсаңдары лек-легімен заманалар көшіне ілесіп келеді.

Жылыой ауданының географиялық орна­ласуында Атырау облысының бөлі­гін­дегі Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жаға­лауымен Жем, Қайнар өзен­дерінің салалық бойын қамтыса, сол­түстігінде Ақтөбе облысының Байғанин ауданымен, оңтүстік шығысында Маң­ғыстау облысының Бейнеу ауданымен шектесіп жатыр. Кеңес үкіметіне дейін бұл аймақ «Маңғыстау ойы» деп те аталған. Жер рельефі ойпатты, жазық болып келген­дік­тен, Жылыой атанған болар, «Кең Жы­лы­ойдай» әсем ән болып, ән көгінде қалық­таған. Негізі Жылыой атауы жылы және ой деген екі сөздің бірігуінен шыққан деседі. Ел ішінде «Үйшікке барсаң, күй тартпа, Жылыойға барсаң, ән салма» деген сөз қалған. Үйшік – Атыраудың Гурьевке дейінгі көне атауы. Ертеректе Жылыой аймағында өзіндік ерекшелігі бар ән-музыка мәдениеті қалыптасып, Мұхит және қайқылар дәстүрін ұстанған өнер мектебі болған деседі өлкенің мәдени мұра тарихын зерттеушілер. Ежелден Жылыой жері – ән мен жырға айналған аймақ. Соның бір дәлелі – ел арасында бірнеше нұсқамен айтылып жүрген «Кең Жылыой» атты халық әні. Бір әннің бір­не­ше нұсқада тарауының өзі сол өлке та­би­ғатының өнер дарыған киелі топырақ еке­нін танытпай ма?!

«Кең Жылыой – біздің елдің тиянағы,

Даусыңды ести алмадым қиядағы.

Даусыңды ести қалсам қиядағы,

Талпынған мен балапан ұядағы».

«Кең Жылыойдай» халық әнін кезінде Жылыойда туған әнші, вокал өнеріндегі ерекше құбылыс Ерік Құрманғалиев те орындаған екен. Ерік Құрманғалиев – айрықша тағдыр кешкен әнші. Оның әншілік тұлғасы күллі әлемнің алдында теңдесі жоқ даралық. Тілі басқа, дәс­түрі бөлек алты құрлықтың адамдары оған, оның әншілік өнеріне табына әрі таңдана қарады. Ерік бір ғана халық­тың перзенті болса да, оның әншілік мис­сия­сы отанынан шығып, таулардан асып, мұхиттардан өтіп, бүкіл әлемнің алабын аралап кетті, атағы шартарапқа жайылды. Ерік Құрманғалиев өзінің сұхбаттарын­да «Менің туған жерім – Құлсары» деп мақтанышпен айтып кеткен.

Жылыой ауданының құрылғанына биыл 95 жыл толып отыр. Осы айтулы датаға орай Ақтау қаласында ауданның «Киелі мекен – Кең Жылыой» атты мәде­ни күні өтті. Мәдени іс-шара барысында теңіз жағалауындағы амфитеатрда «Жылыой – қазыналар мен мол мұраның өңірі» атты аудан шеберлерінің сәндік-қол­өнер бұйымдары, өлкенің көрікті жер­лерінің суреттері, ауданнан шыққан ақын-жазушылардың кітаптарынан көр­ме ұйымдастырылып, «Жылыой жәр­мең­кесі» атты кәсіпкерлердің өнімдері, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмең­кесі өтті. Жәрмеңкеде ауданның 20-ға жуық кәсіпкерінің сан түрлі өнімдері көпшілікке ұсынылды. Жылыойлық өнерпаздар жыр мен күйден шашу шашып, әуелеген әндер шырқап, мың бұралған билерілерімен көп­шіліктің ықыласына бөленді. Іс-шараларға Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қара­жанов пен Маңғыстау облыстық мәде­ниет, архивтер және құжаттама басқар­ма­­сының басшысы Әбілқайыр Байпақов, Ақ­тау қаласының әкімі Ербол Ізбергенов қа­тыс­ты. Бір кезде «Маңғыстау ойы» деп те атал­ған Жылыой ауданы осылайша 95 жыл­­дық торқалы тойында қарт Каспийге аман­­дасып, ел мен елдің мерейін бір асырды.

 

Маржан ЕРШУ,

ақын, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты