«Кәсіптік біліктілік туралы» Заңның мақсаты азаматтардың білімін, дағдылары мен машықтарын бағалаудың тәуелсіз және объективті жүйесін құруға негізделген. Заман ағымына қарай экономиканы цифрландыру, жұмыстың жаңаша форматтары, ұдайы біліктілікті арттыру сынды мәселелер еңбек нарығының айрықша белгілеріне айналып үлгерді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Кәсіптік біліктілік туралы» Заңды әзірлегенде әлемдік тәжірибені егжей-тегжей талдап, отандық Ұлттық біліктілік жүйесінің ағымдағы нәтижелерін ескерген.
– Еңбек нарығында бәсекелестік артқанда жаңа дағдыларды үйреніп, басқа мамандықтарды да игеріп отыруымыз қажет. Бүгінде көптеген мамандық бойынша дағдылардың өзектілігі тек екі жыл сақталады екен. Енгізіліп жатқан жүйе жұмыс іздеуге және жаңа жұмысқа бірінші кезекте түлектерді орналастыруға септігін тигізеді. Осылайша, тәуелсіз сертификаттау арқылы жұмысшы өз құзыретін нақты бағалауға, білімін, дағдыларын растауға мүмкіндік алады. Жеке жұмыс берушілерге қызметкерлердің біліктілігін растайтын құжат қажет. Мұндай жағдайда сертификат жұмысқа қабылдау кезінде кейбір мамандықтар бойынша негізгі құжатқа айналады. Жұмыс беруші үшін де сертификаттау өте тиімді. Өйткені олар жұмысқа қабілеті бар, яғни қолында оны растайтын сертификаты бар азаматтарды қабылдауға тырысады. Осы тақырыпқа тереңірек үңіліп, еңбек нарығында елдегі, әлемдегі трендтерді қаперге алсақ, аталған заң жобасында еңбек нарығындағы өзгерістер ескерілгенін білу қиын емес. Оның ішінде цифрландыру, жаңа мамандықтардың пайда болуы қамтылған. Төрт жыл білім алмай-ақ меңгеруге болатын мамандықтар пайда болып жатыр. Мұнда «Кәсіптік біліктілік туралы» Заң еңбек нарығында жастардың бірден ширауына септеседі, – дейді О.Ордабаев.
Иә, қазір онлайн курстардан өтіп, түйген-білгеніне қарай еңбек етіп жатқан жастар көп. Мұндай жаңашылдықтарға жастар да бейімделіп келеді. Олар ұдайы біліктілігін арттыруға тырысады. Бұрын кез келген сала маманының біліктілігі 10 жылға дейін жетсе, қазір сарапшылар білім-білігіміздің екі жылға дейін ғана маңызды болатынын айтады. Бұл дегеніңіз сан саланың мамандары кемінде екі жыл сайын білімін жетілдіріп отыруға тиіс дегенді ұқтырады. Біліктілікті арттыру арқылы орналасуға болатын жұмыстарда балама оқу жүйесі басты құрал саналады. Себебі сала мамандарының орта, жоғары білімі болмауы мүмкін ғой. Мұндайда жұмысшы өзі ізденіп жиған білім-білігін қалай дәлелдейді? Енді олар қабілетін, біліктілігін нақтылайтын орталықта дәлелдейді. Бұл заңда көрсетілген. Яғни біліктілігін растап, қолына сертификат алған азаматтың еңбек нарығында бәсі жоғары болды. Бұл ел азаматтарының еңбек нарығына мейлінше ертерек шығып, қамдануына септеседі. Жұмысшы мен жұмыс берушінің тез тіл табысуына жәрдемдеседі.
– Жұмыс іздеп жүрген азамат өз біліктілігін растап, сертификат үшін орталыққа жүгінеді. Теориялық және практикалық емтиханнан өтеді. Тәуелсіз бағалаудан сәтті өткен азаматтарға, әрине, сертификат беріледі. Бұл ретте сертификаттар еңбек нарығында басқа құжаттармен қатар танылады. Емтиханнан өтер кезде жұмысы бар қызметкерлерге еңбек нарығына сәйкес кепілдіктер мен өтемақы және жеңілдіктердің барлық көлемі беріледі. Ал жұмыссыз азаматтарға сертификат алу үшін мемлекет атаулы ваучерлерді ұсынады. Яғни жұмыссыз азаматтар сертификаттаудан тегін өтеді. Ол үшін жұмыссыздар жұмыспен қамту орталығына барады. Кәсіптік біліктілікті тану мәселелері бойынша барлық ақпарат бірыңғай ақпараттық порталда жинақталады. Ол портал – еңбек биржасында. Кәсіптер туралы толық ақпарат сайтта қолжетімді болады. Яғни жұмысшыларға қандай талаптар қойылады, мамандық бойынша қай жерде білім алуға болады, сертификатты қалай алуға болады деген сипаттағы тағысын тағы ақпараттарды сайттан табу қиын емес, – дейді вице-министр.
Түйгеніміз, «Кәсіптік біліктілік туралы» Заң Ұлттық біліктілік жүйесін енгізуге жол ашып отыр. Бұл да болса еңбек нарығында жұмыс берушілердің ұсынысына сай білікті маман даярлауға септеседі.