Қоғам • 01 Тамыз, 2023

Сәулет пен сапа үйлесімі

191 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алматының өткенінен сыр шертетін тарихи нысандар замана сыпатына сай сән түзеген зәулім ғимараттардың тасасында қалмауы қажет. Мемлекет басшысы көне шаһардың тарихи келбетін сақтау «бармақ басты, көз қысты» қарайтын мәселе емес екенін қала билігіне шегелеп тапсырған болатын.

Сәулет пен сапа үйлесімі

Туризм арқылы тынысын кеңейтіп, экономикасын еселеген елдер саяхатсүйер қауымды өзінің тарихи нысандарымен-ақ баурап отыр. Бір сөзбен айтқанда, ежелгі сәулет, халқына ұшан-теңіз дәулет әкеліп жатыр. Бұл тұрғыда бір ғана бауырлас түрік елін алға тартсақ жеткілікті. Бірер жыл бұрын Алматыны дамытуға бағытталған кеңесте Президент бұрынғы қала құры­ лысын жоспарлау кезінде біраз қателік кеткенін, бұдан былай орталық аудандарда тығыз құрылысқа тыйым салып, саябақ­тарды көбейту қажетін баса айтқан болатын. Бұл бағыттағы жұмыстарды жолға қоюға жаңа қадамдар жасал­ғаны­мен, әлі де терең зерделеуді қажет ететін мәселелер аз емес.

– Өткен 20 жылда тау бау­ра­йындағы аңызға айналған алма ағаштары түп-тамырымен жойылып, төбелердің басына дейін үйлер салынды. Мұның екі себебі бар. Біріншісі – халық санының өсуі, екіншісі – тау алқаптарындағы көрікті жерлердің жаппай сатылуы. Бір қателік бірнеше қиындықтың қақпасын ашып берді. Бұл өз кезегінде қала экологиясын есеңгіретті, аймақтың сейсми­калық қауіпті аумақта орналасуы мүлдем ескерілмейтін болды. Бұл жеңіл қарайтын жағдай емес. Қазір қала ішінде кішкентай бос орын пайда бола қалса, бірден алып тұрғын үй бой көтереді. Мұның салдары қаланың тығыздығын арттырып, тұрғындардың жайлы өміріне қолайсыздық тудырып отыр, –   дейді сарапшы Олжас Есенбаев.

– Дегенмен бұл жайтты жан-жақты қарастырған жөн. Басты қынжылтатын жайт, жаппай салынып жатқан құрылыс нысандарында жалпы қалаға ортақ эстетикалық талғам қалып­таспауы. Мәселен, Анкара мен Ыс­­танбұлға барсаңыз, әуе­жай­дан бастап сол елдің рухы сезі­ле­ді. Яғни құрылыс нысандары ұлттық ерекшеліктерге бейімделіп жасалған. Айталық, үй шатырларының түсі біркелкі. Көлік жолдарының өзі табиғи ерекшеліктер ескеріле отырып жасалған, ұқсата білу, таби­ғат­тың өз әдемілігін бүгінгі күн­мен тиімді үйлестіру деген дү­ниені байқайсыз. Бізге осы нәрсе жетпейді, қала ішінде биік төбе болса, соны күреп тас­тап, әйнек ғимарат салғанды жақсы көреміз. Сонда табиғи ерекшелік, ұлттық бренд қайда қалады, – дейді ол.

Қаланың тарихи келбетін сақтау ескіге жабысып, жаңаны жолатпау деген ұғым емес. Жыл­дар жылжыған сайын заманға сай жаңа ғимараттардың бой көтеруі заңды. Мәселе – сол нысандарға ортақ бірізділік қалыптастыру әрі қала­ның өзіне тән ерекшелігін жоғалтпау. Алматы жасыл желек құшағында, әсем таулардың баурайында орналасуымен ерек. Яғни біз айтып отырған игілік қала­ның басты артықшылығы болып қала беруге тиіс. Академик Ораз Баймұратов аталған жайға қатысты өз қынжылысын жет­кізді.

– Мені алаңдататын ахуал – Алма­ты­ның эстетикалық келбеті. Өйткені ғимараттардың бірі қызыл болса, енді біреуі жасыл. Мекемелердің түр-түсі де әркелкі. Қарасаңыз, ортақ үйлесім таба алмайсыз. Осы орайда қаланың архитектурасына, құрылысына ортақ стандарт қажет-ақ. Нысан­дарда өзара үйлесім мен байланыс болса дейсің. Себебі бұл – үлкен мәдениеттің белгісі. Мәселен, Еуропаның кез келген мем­лекетіне бара қалсаңыз, ғимарат­тар­дың эстетикалық талғамы есіңізді алады. Бәрі біркелкі. Ортақ стандарт бірден көзге ұрады. Бізге де осы қажет. Қала билігі құрылыс жүйесін қатаң қадағалап, кеткен кемшіліктердің орнын толтыруы керек. Ол үшін ортақ стандарт қалыптастырып, құрылысшылар мен кәсіпкерлерге жоғары талап қою қажет, – дейді академик.

Аумағы артқан сайын құ­ры­лысы да қарқын алған Ал­ма­тының бүгінгі сәулеті былтырғы қаланың бас жос­пары талқыланған басқосуда назар­дан тыс қалған жоқ. Есте болса, ша­һарды бірыңғай дизайн код бо­йын­ша көріктендіріп, сәулетін біркел­кі­лен­ді­ру жұмы­сы бірер жыл бұрын кө­терілген болатын. Алматының сәу­ле­тін айқындайтын дизайн кодта тұрғын үйлердің қасбеті қандай түспен боял­уы керектігі, балкондардың біркелкі жаб­дық­талуы, тіпті жарнама сөрелерінің қалай орналасуына дейін құ­жатқа енген. Бұл бағыттағы оң өзгерістерді әсте жоққа шығара алмаймыз. Соңғы уақыттары саябақтар мен жол жиектерінде ұлттық нақышта көмкерілген түрлі мурал пайда бола бастады. Сапа мен талғам біріне-бірі сай болса, ғимараттардың сырт келбеттері этностық на­қыштармен өрнектелсе деген пікірлер ауық-ауық айтылып жүр. Жер сілкіну қаупі жоғары өңір­дегі тұрғын үйлер мен ғима­рат­тар­дың тиісті нормаға сай са­лынуы – өз алдына бөлек әң­гіме. Қаладағы ғи­ма­рат­тар­ға жүргізілетін сейсмикалық аудит құрылыс сапасына қатысты біраз жай­дың бетін ашпақ.

Жүйелі шешім қабылдау, жұртшы­лық­ты аумақтарда құ­рылыс салуды талқылауға тарту, сондай-ақ бизнесті қолдау үшін теңдестірілген шешімдер қабылдау мақсатында Алматы әкімі Ерболат Досаев жауапты басқармаға туындаған мәсе­ле­лерді оңтайлы шешу үшін қала құрылысын реттейтін жаңа ережелерді қатаң сақ­тау­ды тапсырған болатын. Жаңа жоба бойынша әрбір ал­матылық қаланың қоғамдық ке­ңістігін өзгерту бойынша өз идеясын ұсына алады. Қала тұр­ғындарының барлық ұсы­ныс­тары эскиздерді әзірлеу кезінде қаралып, ескерілмек.

Қалай дегенде де сең қозғалды. Түр­кия­дағы дүлей дүмпуден кейін сейс­ми­калық ошақта ор­наласқан қаланың құ­ры­лыс сапасына тереңірек көңіл бөліне бастағандай. Әсіресе шаһар­дың тарихи орта­лығын қалпында сақтап қалуға мән беріліп отыр. Жауап­ты­лардың сөзіне сенсек, алдағы уақытта салынатын ны­сан­дардың «дизайн код» талаптарына сай болуы қатаң қадағаланады. Ал қаладағы жүзге тарта тарихи ғимараттың бастапқы келбеті өзгертуге ұшырамайды, олар заңмен қорғалатындықтан, тек жаңартылып отырмақ.