Қоғам • 01 Тамыз, 2023

Еншісі бөлінбеген елу үй

223 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Заман қанша құбылып, небір қиындықтарын алға тосса да, жаңа өзгерістерге ұмтылып, ұлы уақыт көшіне жұтылып кетпей келе жатқан құтты қоныстың бірі – Мектеп ауылы. Түкпірдегі елді мекеннің әлеуметтік-эконо­микалық, рухани-мәдени тыныс-тіршілігімен жан-жақты танысып қайтуыма бірден-бір себепкер болған – осы елдің тумасы, қадірменді ақсақал Әлім Төлебаев.

Еншісі бөлінбеген елу үй

«Алдындағы малымен, жүрген ескі заңымен, не екенін білмеймін, сол ауылды сүйемін» (Мағжан) демекші, малға да, жанға да құт Есіл өзенінің саға­сына қонған 50 үйлі елді мекен тұрғындарының өздеріне тән парасат-пайымы, ұлттық болмысы сырт көзге бірден аңғарылады. Киелі шаңырақтың не себепті бұлай аталуының өзіндік сыры бар. Тарихқа шегініс жасасақ, өткен ғасырдың 30-шы жылдары Боз­бала, Саяғаш, Көкшұңқыр, Қосағаш, Әйтімбет, Дауымбай қоныстарын жайлап, осы жерлерде кіндік қаны тамған азаматтар ұжымдасып, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығаруға пәтуаласқан. Көрші орыс селосы – Николаевкадан бір бай көпестің қарағайдан қиып салған зәулім үйін бұзып әкеліп, мектеп тұрғызған. Кейін оны Ленин ауылы­на «алып кетіп», құрылыс материалдарын интернат салуға пайдаланған. Сонда да ескінің көзіндей болып бір жұрнағы сақталып қалған, ол – арада бір ғасырға жуық уақыт өтсе де, әлі күнге дейін оқушылардың әжетіне жарап тұрған шеберхана. Алғашқыда «Мектеп» ұжымшары ретінде құрылып, кейін «Ново­покровка», «Тереңсай», «Алматы» кеңшарларының бөлімшесіне айналған. Көне көз, құйма құлақ қариялардың айтуынша, ауылдың жадау тұрмысы, жүдеу кейпі көпшіліктің сағын сындыра қоймаған. Құлаққа ұрған танадай жым-жырт тіршілікке қан жүгіртіп, келешекке деген үміт отын жағуға ұмтылған үлкендер жағы «бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай» бірігіп, отбасы мен бала-шағаны асыраудың оңтайлы жолдарын іздестірген. Бірі комбайнның қаңылтырынан шелек, леген, бірі домбыра жасап, енді бірі үйеңкі ағашынан доға иіп, қарасудан балық аулап, бала-шаға нәпақасын айырған.

Ағайынды Мұқановтар, Ахма­диндер, Төлебаевтар, Сейіт­бековтер, Байлиндер, Бәй­кеновтер, Әбілмәжіновтер, Қапаровтар, Қалиевтер, тағы басқа әулеттер ерінбеген жанның еңбегі жанатынның үлгі-өнегесін көрсеткен. Тарап кетудің аз-ақ алдында тұрған ауылдың түтіні түзу ұша бастаған. Алдарынан жұмыс үркіп отыратын қайрат­ты азаматтар ала жаздай шөп шауып, отын-суын қамдап, артылғанын өзгелерге пұлдап, нарық заңына ыңғайланған. Берісі Өрнек, Қаратал, Ыбыраев, әрісі Волошинка, Ақсу, Лузинка, Черуновка тұрғындарын қам­тамасыз еткен. Осы кезге дейін асар әдісімен 30 баспана бой көтерген. Көмекке зәру көп балалы отбасылардың, қарттардың өтініш-тілектері екі етілмей, тап-тұйнақтай орындалады.

Ауылдан ешкімнің көшкісі жоқ. Керісінше, «Оңтүстіктен – Солтүстікке» бағ­дарламасы аясында сонау киелі де қасиетті Түркістан төрінен бірнеше от­басы қоныс тепкен. Ол туралы 9 жыл­дық мектептің директоры Талғат Қосаев айтып берді. Білім ошағында 32 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, 14-і – мұғалім.

«Есімдері мақтанышпен ата­латын жерлестеріміз Кәрім Есмұқанов, Әмір­жан Қалиев, Думан Нұрғалиев Қор­ған Әйіп­ұлы, Ерлік Есләмбек, тағы бас­­қалары сыртта жүрсе де, қам­қор­лығын аяған емес. Бірнеше компьютер мен ноут­бук сыйлады. Басқа да азаматтардың және аудандық әкімдіктің қолдауымен парталар, шкафтар ауыстырылды, жаңа линолеум төселді. «Ақылды пеш» орнатылды. Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша жұмысқа орнықты. «Уақытша отбасы» бағдарламасы арқылы мекте­біміз 12 балаға толықты», деген Талғат Қабжанұлы бізді күнгейден қоныс аударған отбасылармен таныстырды.

Ауылдың негізгі күн көрісі – төрт түлік мал. Жер телімін жалға алушылар «балапанды күзде санар» уақытта ғана төбе көрсететін көрінеді. Оның өзінде пай үлестірер кезде «қабағынан қар жауып, кірпігіне мұз қатып» келеді екен. «Барға – қанағат, жоққа – салауат» айтып үйренген тұрғындар бергенге риза, артық сұрап арларын сатқан емес.

Ауылдың үлкені де, сыйлысы да – сексеннің сеңгіріне көтерілген Тұяқ Сейітбеков. Негізгі мамандығы – механизатор. Кәмилә әжей – 12 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген «Батыр ана». 1993 жылы ағайынды бес отбасы бірігіп, алғашқы шаруа қожалығын құрған. Кейін шаруашылықты кеңейтіп, егістік алаңын 700 гектарға дейін жеткізген. Бүгінде шаруа қожалығына ұлы Ербол ие. Техникалар толық жаңаланған. Сыйымдылығы 2 мың тонналық қырман қалпына келтірілген. 100-ге жуық қой, 30 шақты жылқы, осынша ірі қара мал өсіреді. Қайырымдылық шаралармен де айналысады. Күнгейден қоныс аударған отбасының біріне баспана салып берген.

Мектепте шаруашылық меңгерушісі болып істейтін Темір­болат Мұқанов – игілікті істердің ұйытқысы, жастардың ақылшы­сы. Өмірден көрген-түйгені мол. Бастапқыда үлкен ағасының ұйғарымы­мен «Аға­йын­дылар» серік­тестігін құр­ған. Алайда ауырт­палық еңсе көтертпей, пай­ларын «Атамекен-Агро» ЖШС-не беруге тура келген. Пай үлесін заттай, астық­тай алып тұрады. Өзі болса, қосал­қы шаруашылықпен айналысады, 60-қа жуық саулық қой, 10-15 сиыр ұстайды.

Жаңабай Сейдахметов, Нұрбек Бейсен­баев сияқты атпал азаматтар ата кәсіпті жандандырып, тыным тап­­пай жүрсе, олардың орталарына жас отбасылардың орала бастауы да қуан­тады. Солардың бірі – Рауан Серікұлы. Орда бұзар жастан енді асқан оның талабы таудай. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақ­стан университетін алғашқы әскери дайын­дық мамандығы бойынша бітіргеннен кейін Петропавл қалалық классикалық гимназиясында жұмыс істей жүріп, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінен несие рәсім­деген. Бес асыл тұқымды бұқа сатып алып, табынға қосқан. Ондағы мақ­саты мал асылдандыру жұмыстарын жетілдіру арқы­лы жергілікті сиырлардың құнар­лылық, қоңдылық сапасын арттыру болатын. «Достық» кредит­тік серіктестігінің аудан­дағы филиалына мүше болып, 6 млн теңге несиеге 24 бас ірі қара малын сатып алған. Үйдің жанынан шағын баз тұрғызған. Лизингке «МТЗ» тракторын рәсімдеген. 

Мектептіктердің Елубай Байлинге деген құрметі ерекше. Елекеңнің «темір көлікті» тізгіндегеніне – тұп-тура отыз жыл. Содан бері Мектеп – Өрнек– Жар­ғайың – Аманкелді – Ильинка – Алек­сандровка – Еңбек – Лесхоз – Покровка – Явленка – Петропавл бағыты бойын­ша күнде қатынап, жолаушыларға қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді. Қазір оның жеке иелігінде екі «Газель» микроавтобусы бар. Қолы ашық жомарт жан «Уақытша отбасы» бағдарламасына қатысушыларға бір-бір қойдан беріп, азық-түлік­пен де көмектесті. Елекеңнің жан жары Зураның жезтаңдай әнші екенін айта кеткен жөн. Ал ұлы Әзімбек – республикаға танымал, әсіресе жас буын әндерін сүйіп тыңдайтын «Алаш» ансамблінің негізін қалаушы, белді мүшесі.

«Ауылымыздың орналасқан жері – табиғаты керемет, ауасы таза, суы мөлдір. Мал өсіруге өте қолайлы. Ауыл­дасым Сырым Балахметовтің екі трак­торы, бағымында 100 қойы бар. Тұяқ ағамыз мал өсірушілерге әркез жәрдемдесіп отырады. Жемазықты қолжетімді бағамен босатады. Үйге дейін әкеп береді. Былтыр 1 орама ( 3 центнер) шөптің бағасы 10-12 мың теңгеге дейін шарықтап кеткенде «Дауымбай» шаруа қожалығы 8 мың теңгеден үлестірді. Өзім де қой, жылқы, сиыр өсіремін. Жастарымыз – малсақ, еңбекке деген құлшынысы ерен. Тиісті орындардан қолдау тапса, ауылдарға жаппай ораларына сенімдімін. Ауылдан ешкім көшкісі келмейді», деген Елубай Әшімұлы бізді былтыр бой көтерген 250 орынды дәмханаға бастап барды. Оның іші кірсе шыққысыз, түгелдей еуропалық нақышта безендірілген. Ауыл азаматтарынан жиналған қаражатқа тұрғызылыпты.

Мектептіктер бір кіндіктен жалғыз өскен Ағыбай Әбіл­мә­жіновті ерекше бір жылылықпен еске алып отыратынын байқадым. Марқұм сырттай біртоға, жуас көрінгенімен, шындық үшін шырылдап, отқа түсетін бірбеткей мінезі бар-тұғын. Сол үшін талай рет маңдайына таяқ болып тиген. Бірнеше дипломы бар білікті маман бола тұра жұмыстан да қуылған.

«Ағыбай бірде қиранды клуб жанынан өтіп бара жатып, үйінділер астында тау-тау болып үйілген кітаптарды көріп қалады. Оқырман іздеп жүріп оқитын қазақтың классик ақын-жазушылары шығармаларының далада шашылып жатқанын маған қинала айтты. Мұның алдында ғимаратты бұзбау жөнінде жергілікті басшылыққа бірнеше рет өтінген, ескерткен. Төрт мыңға жуық кітапты бір бөлмеге жиыстырып, кітапхана айналдырды. Қанша айтқанмен, менің кітапханашылық тәжірибем бар, тегін, ақысыз қызмет көрсетуге кірісіп кеттік. Көпшілік үйдің сыртындағы «кітапхана» деген жазуды оқып, біртіндеп келе бастады. Отағасымның көркем әдебиетке деген құмарлығын айтсаңшы, 52 жасында «кітапхана ісі» мамандығын алып шықты. Елді мекеніміздің 75 жылдығы атап өтілгенде Жұмаш Сейітбеков ақсақал бастаған қауым ауыл мәде­ниетін жандандыру, мәде­ниет ошақтарын қалпына кел­тіру жөнінде бастама көтеріп, Ағыбайдың тәуекелі мол игі ісіне халық қалаулыларының назарын аударды. Мәселе мәслихатта талқыланып, арнайы штат бөлін­ді. Оның үлгісімен Жарқайың, Өрнек, Бірлік, Талапкер, Жекекөл ауылдарында кітапхана ашылып, әрқайсысына бір-бір штат бірлігі қарастырылды. Бұл – үлкен ерлікке пара-пар жеңіс еді. Кейін отбасымыз жаңа үйге қоныс аударғанда кітапхана аумағы ұлғайды. Қазір кітап қоры алты мыңға жетеқабыл. Тіпті клуб салмақ болып, құрылыс материалдарын да жинастырған болатын. Әттең, ара­мыз­дан ерте кетті. Өзі жоқ болса да, ол жағып кеткен шамды сөндірмей отырмын», – деді жан жары Рыскелді мұңды үнмен.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлтымыздың береке бастауы – ауылды дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. 2022 жылы 26 қарашада «Қазақстанның ауылдық аумақтарын дамытудың 2023 – 2027 жылдарға арналған Тұжырым­дамасы» туралы Жарлыққа қол қойды.

«Мен сайлауалды сөздерімде ауыл­ды өркендету ісіне баса назар аудардым. Бүгінде Қазақстан халқының 40 па­йызға жуығы ауылда тұрады. Ауыл­дағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын», деген болатын өзінің жаңа президенттік мерзімдегі ұлықтау салтанатында сөйлеген сөзінде.

2023 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша республикада 6293 ауылдық елді мекен бар. Онда шамамен 7,8 миллионға жуық адам тұрады. Бірақ «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру үшін ауылдардың жалпы санынан даму әлеуеті жоғары 3,5 мың елді мекеннің іріктеп алынуы түсініксіз. Сонда Мектеп сияқты шағын ауылдар қайтпек? Бұл – бір ауылдың емес, мың ауылдың мұңы болып тұр. 2019-2022 жылдары республикалық бюджеттен 326 млрд теңге бөлініп, 4 жылға жуық уақытта 3,7 мың жоба жүзеге асырылған. Атап айт­қанда, 334 тұрғын үй-ком­мунал­дық шаруашылық объек­тісі, 1,2 мың әлеуметтік, 2,2 мың көлік инфрақұрылымы жөнделіп, жа­ңадан салынған. Отыз мыңдай жұмыс орны ашылған. Былтыр 577 ауы­лдық елді мекенде 1 мыңнан ас­там жобаны іске асыруға 128 млрд теңге бөлінген. Өкінішке қарай, шағын елді мекендер бұл бағ­­дар­ламаға ілікпеген. Респуб­ли­ка­лық мүдделі ведомстволар тарапы­нан мұндай немкетті көз­қарас жалғаса беретін болса, ертеңге деген сәулелі үміттің үзіліп, сөнері анық. 

Алақандай ғана ауылды қатты қинап тұрғаны – ауданға, облысқа қатынайтын грейдер жолдың адам төзгісіз жайы. Тұрғындар оның азабына әбден көндігіп кеткен, айта-айта шаршаған. Бұдан бөлек, интернет, ұялы байланыс сапасының төмендігі, мектеп ғи­маратының ескілігі, тарлығы ең­селерін қанша түсірсе де, түгін тартса, майы шығатын атақонысты ешнәрсеге айырбастамақ емес.

                                                

Өмір ЕСҚАЛИ,

Қазақстанның мәдениет қайраткері

Солтүстік Қазақстан облысы,

Есіл ауданы