Аймақтар • 01 Тамыз, 2023

Жөндеу жұмыстарымен танысты

178 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әне-міне дегенше күз, іле-шала қыс келеді. Ал былтырғы қыстан сан рет сынып, қылаяғы өрт шыққан Риддер жылу-электр стансасы биыл толық жөнделе ме? Жуырда «Amanat» партиясының партиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Майра Айсина жұмыс сапармен Батыс Алтайға барып, қазандықтағы жөндеу жұмыстарын көріп қайтты.

Жөндеу жұмыстарымен танысты

Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов­тің айтуынша, қазіргі уақытта жылу электр орталығында 11 мердігер ұйым, 264 маман жұмыс істеп жатыр екен. Жөндеуге қажетті материалдар мен жабдықтар толықтай жеткізілген. Жұмысты жеделдету үшін қызметкерлер екі ауысымда еңбек етіп жатыр. Кәсіпорын қызметкерлерінің маусым айындағы еңбекақы­сы жылыту маусымына дейін өтелді. Ал от жағу уақыты бас­талғанға дейін 3 қазандықты жөн­деу жұмыстарын аяқ­тау жос­парланған. Төртінші қа­зан­дық қараша айында аяқ­талады. Сондай-ақ ре­зерв­­тік нұсқа ретінде Рид­дер қала­сындағы «Казцинк» ЖШС қазан­дығына қосу жұмыс­тары да ойластырылған.

Бұл Риддер тұрғындары үшін өте өзекті мәселе. Сондық­тан қазандықты қалпына кел­тіру жұмыстары «Amanat» пар­тия­сының облыстық филиа­лы басшылығының, РФП және ТФП партиялық бақы­лау ко­миссиясының, депутат­тық кор­пустың тұрақты бақы­лауын­­да. Айта кетсек, Риддер ЖЭО-да партиялық бақылау бекеті ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап ашылған.

Әлбетте, жүргізіліп жатқан жұ­мыстарға жан-жақты бақы­лау, қадағалау қажет. Өткен қыс­та Риддердегі қаншама пәтер, қаншама әлеуметтік ғимараттар жылусыз қалды?! Мектептер мен балабақшалардың жылусыз қалып, қашықтықтан оқытуға көшкені де елдің есінде. Біраз уақытқа төтенше жағдай жарияланып, қазандықты лекерлеп алып, қыстан шыққан. Сол үшінде ел алаңдаулы. Биылғы қыстан қысылмай шықсақ екен деп тілейді.

«Қысымыз – ұзақ, әрі қатал. Оны бәрі біледі. Өкініштісі сол, өткен қыстан тоңып шық­тық. Балалар күрк-күрк жөтел­ді, ауырды. Қазандықтың неше рет сынып, неше рет өртен­ге­ні есте жоқ. Одан бір инвес­тор ақша құяды дегенді естіп қуан­дық. Сөйтсек ол да өтірік болып шықты. Әйтеуір, жан-жақтан бақылауға алып жатыр. Оң шешімі табылатын шығар» дейді күмәндана пікір білдірген Риддер тұрғыны Майра Дөненбаева.

Халықтың сеніміне қайта кіру қиынның қиыны. Құрғақ уәдеден әбден шаршаған. Тың­дауға да құлық танытпайды. Демек сөзден іске көшіп, шын мәнінде жұмыстың жүргізіл­генін көрсету керек.