Олимпиада • 02 Тамыз, 2023

Алдағы Олимпиададан не күтеміз?

159 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Францияның бас шаһары – Па­риж­де алауы тұтанатын XXХIII Жаз­ғы Олимпия ойындарының басталуына да бір жылдан аз уақыт қалды. Өткен аптада Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) бас­шысы Томас Бах ұйымға мүше 203 мемлекеттің Ұлттық Олим­пиада комитетіне Париждегі төрт­жылдықтың басты додасына ресми шақырту хат жіберді. Олардың қатарында Қазақстанның да Ұлт­тық Олимпиада комитеті бар.

Алдағы Олимпиададан не күтеміз?

Сегізінші серпіліс

Халықаралық Олимпиада комите­тінің штаб-пәтері орналасқан Швей­царияның Лозанна қаласында өткен ресми іс-шарада ХОК президенті Томас Бах Олимпия ойындарының отаны саналатын Грекия Ұлттық Олимпиада комитетінің және алдағы ересектер ара­сындағы Жазғы және Қысқы, сонымен қатар Жасөспірімдер Олимпиадаларын өткізетін елдер мен босқындар жөніндегі ХОК олимпиадалық құрамасының президенттерін қабылдап, Олимпиадаға шақыру хат табыстады.

Тұп-тура 359 күннен кейін баста­латын Париждегі дүбірлі дода Қазақ­станның тәуелсіз мемлекет ретінде қаты­сатын сегізінші жазғы Олимпиада­сы болмақ. Бұған дейін жерлестеріміз мұн­дай дүрмектің жетеуінде бақ сынап, солардың бірде-біреуінен жүлде­сіз оралмағанын жанкүйерлер жақсы біледі. Тіпті ел тарихындағы ең сәтсіз Олимпиада деп бағаланған Токиодағы додада отандастарымыз сегіз қола жүл­дені ел қоржынына салған болатын.

Қазіргі таңда жер-жаһанның спортшылары Сена өзенінің жағалауындағы жаһандық жарысқа қатысу үшін жанталасып жатыр. АҚШ, Англия, Аустралия секілді жазғы спорт түрлерінің алпауыттары қазірдің өзінде жолдамалар санын 100-200-ден асырып тастаған. Тарқатып айтар болсақ, мұхиттың ар­ғы бетіндегі мемлекеттің еншісінде – 230, Тұманды Альбион өкілдерінде – 120, «Жасыл құрлық» спортшыларында 110 жолдама бар екен. Ал сары құрлықтың алыптары саналатын Қытай құрамасына – 66, Күншығыс еліне 59 жолдама тиесілі. Тағы бір айта кетерлігі, Франция жарысты ұйымдастырушы мемлекет болғандықтан, «үш жолақты» елдің спортшылары төртжылдықтың басты бәсекесінің бағдарламасына енген барлық спорт түрінен іріктеусіз-ақ жолдамаларға қол жеткізіп қойған.

Жолдама жолындағы іріктеу сайыс­тарының басым бөлігі биылға жос­парланғанымен, 2022 жылдың өзінде жер-жаһанның спортшылары спорттың 11 түрінен лицензияларға иелік етіп үлгерді. Ал биыл спортшылар тағы 13 спорт түрінен жолдамаларға таласады. Жалпы алғанда, бүгінге дейін ХОК-қа мүше 203 мемлекеттің ішінде жүзден аса елдің өкілдері Париж Олимпиадасы­ның кем дегенде бір-бір жолдамасына иелік етіп отыр. Солардың қатарында Қазақ­станның спортшылары да бар екені қуантады.

Бірер ай бұрын Тайландтың Районг қаласында ұйымдастырылған тасжол­дағы велоспорттан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпыкоманда­лық есепте топ жарып, соның нәтижесін­де Париж Олимпиадасының бір жолдамасын жеңіп алды. Ал күні кеше Жапонияда мәресіне жеткен су спорты түрлері бойынша әлем чемпионатында да ел қоржынына тағы бір жолдама түсуі мүмкін еді. Өкінішке қарай, 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде ұлттық құраманың көшбасшысы Әділбек Мусин іріктеу кезеңінде аталған қашықтық­ты 51,68 секундта еңсеріп, жартылай фи­налға шыққанымен, олимпиадалық іріктеу уақытына (51,67) жете алмады. Сөйтіп, секундтан да аз уақыт жетпей, Олимпиада жолдамасын уысынан шығарып алды.

 Меже – 100 жолдама

Мәдениет және спорт министрлігі Дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов отан­дық БАҚ өкілдеріне берген бір сұхба­тында Қазақстан құрамасы Париж Олим­пиа­дасына спорттың 20 түрі бойынша 100-ден аса жолдама жеңіп алуды жоспарлап отырғанын айтты.

«Қазіргі таңда спортшылар мен жат­тықтырушыларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Жер­лестеріміз Олимпиада жолдамасына қол жеткізу үшін өз елімізде және шетелдерде оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, халықаралық жарыстарда шың­далу үстінде. Өздеріңіз білетіндей, спорт­тың екі түрінен ұлттық командалар­мен жұмыс істеу үшін шетелден арнайы жаттықтырушылар шақырдық. Бұл Олимпия ойындарына көбірек жолдама, жүлде санын молайтуға өз септігін тигізеді деп ойлаймыз», дейді Е. Мырзабосынов.

Дене шынықтыру және спорт коми­те­тінің төрағасының айтуынша, Қазақ­стан әлі де Олимпия ойындарында бокс, ауыр атлетика, күрес түрлеріне ерек­ше басымдық беріп, аталған спорт түр­ле­рінен мейлінше көп жолдама және сәй­кесінше Олимпиадада сапалы жүл­делер алатынына сенім артпақ.

Сондай-ақ өзге спорт түрлерінде бақ сынап жүрген жерлестеріміздің кейінгі бір-екі жылдағы нәтижелеріне қарап отырсақ, Париж төрінде жеңіл атлетика, спорттық гимнастика, теннис, семсерлесу, су спорты түрлерінен және Олим­пиада бағдарламасына жаңадан қосылған брейкданс бәсекесінен де жүл­де күтуге болатын сыңайлы.

 Жаңа спорт – жаңа мүмкіндік

Олимпия ойындарының тарихына көз жүгіртер болсақ, Олимпиада бағ­дарламасына енген спорт түрлері әр жарыстың алдында өзгеріп отыра­ты­нын байқаймыз. Яғни әр Олим­пиа­да қарсаңында ойындардың бағдар­ламаларына жаңа спорт түрлері қосы­лып, ескілері немесе қоғам арасында аса қатты қызығушылық байқалмаған спорт түрлері келесі жолғы сайыстардан алынып тасталып отырады. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын Токиодағы ойын­дар бағдарламасында болған каратэ, бейсбол және софтбол спорт түрлерінен енді Париж Олимпиадасында жүлделер сарапқа салынбайды. Естеріңізде болса, Токиодағы Олимпиадада каратэ сайысында отандасымыз Софья Берульцева аса жоғары нәтиже көрсетіп, қола жүл­де жеңіп алған еді. Өкінішке қарай, енді Софья Берульцева Франциядағы Олим­пиадаға қатыса алмайды.

Париж Олимпиадасын ұйымдастыру комитеті ХОК ұсынған мүмкіндікті пайдаланып, ойындарды қызықты өткізу мақсатында жаңадан төрт спорт түрін Олимпиада бағдарламасына енгізді. Негізінен бағдарламаға жаңа спорт түрін енгізер кезде ұйымдастырушылар мен ХОК ол спорттың жастар арасындағы танымалдығына және гендерлік теңдікті ескеріп, ол спорт түрімен әйелдер де жаппай шұғылдануына бас мән береді. Яғни Париждегі ойындарда спортшы­лар брейкинг (брейк-данс), спорттық шың­ға өрмелеу, скейтбординг пен серфинг­тен Олимпиада чемпионы атануға тыры­сып көреді.

Бір ғана брейкинг спортына тоқталар болсақ, ХОК алдымен бұл спорт түрін алғаш рет 2018 жылы Буэнос-Айрестегі жасөспірімдер арасындағы Олимпиадада сынақтан өткізіп, нәтижесінде бір олим­пиадалық кезеңнен кейін Париждегі бәсекенің бағдарламасына енгізіп отыр.

Париждегі Олимпиадада жалпы 32 спорт түрінен түрлі-түсті жүлделер та­ра­тылады деп жоспарланып отыр. Әлем­нің 200-ден аса мемлекетінен келген спортшылар 306 жүлде жиынтығын са­рапқа салады. Бұл – академиялық ескек есу, бадминтон, баскетбол (оның ішінде 3x3 баскетбол бар), бокс, күрес, брейкинг, велоспорт, су спорты түрлері, волейбол, жағажай волейболы, гандбол, гимнастика (батут, спорттық гимнастика, көркем гимнастика), гольф, байдарка мен каноэде есу, дзюдо, ат спорты, жеңіл атле­тика, үстел теннисі, желкенді спорт, регби-7, серфинг, скейтбординг, қазіргі бес­сайыс, спорттық шыңға өрмелеу, садақ ату, спорт­тық ату, теннис, триатлон, таэк­вон­до, ауыр атлетика, футбол және көгал­дағы хоккей.

Франциядағы осымен үшінші мәрте өткелі жатқан XXXIII жазғы Олимпия ойындары 2024 жылдың 26 шілдесінде басталып, 11 тамызда өз мәресіне жетеді.