Қазақстан • 02 Тамыз, 2023

Елді өркендету жолындағы бетбұрыс

296 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жалпыұлттық референдум арқылы Қазақстан Республикасының Конституциясына түбегейлі өзгерістер енгізілгеніне бір жылдан астам уақыт өтті. Ұсынылған 56 түзетуді дауыс беруге қатысқан Қазақстан азаматтарының 77,18 пайызы қолдап, жаңартылған Ата заң халық мүддесін көздеген игі істерге жол ашты.

Елді өркендету жолындағы бетбұрыс

Ең басты өзгеріс Қасым-Жомарт Тоқаев­тың тәуелсіз елімізді демократиялық жолмен дамытуда үлкен кедергіге айналып, кейінге тартқан, ұлттық байлықтың тең жартысын ат төбеліндей азғантай топ­тың иемденуіне, жаппай сыбайлас жем­қор­лық індеті жайылуына әкеліп соққан супер­президенттік жүйеден өз еркімен бас тар­туы болғаны анық. Оның орнына «Күш­ті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы ұсыны­лып, іске асырыла бастады. Соның бір ай­ғағы – Президент мандатының ұзақтығы 7 жыл­дық бір мерзіммен шектеліп, қайта сай­ла­нуға тыйым салынғандығы. Бұл аса маңыз­ды конституциялық өзгеріс туралы был­тырғы 1 қыркүйекте жариялаған «Әділет­ті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында Мемлекет басшысы: «Бұл бастаманың негізі қандай? Бір жағы­нан, 7 жыл – кез келген ауқымды бағдарла­маны жүзеге асыру үшін жеткілікті кезең. Екінші жағынан, Президент мандатын бір мерзіммен шектеу Мемлекет басшысының жалпыұлттық дамудың стратегиялық мін­дет­терін шешуге барынша жұмылуын қам­тамасыз етеді. Мен ұсынып отырған конс­ти­­туциялық жаңалық билікті монополи­за­ция­лау қаупін айтарлықтай азайтады. Дәл осы себепті, мен Президентті бір мерзім­ге ғана сайлау нормасын енгізуді ұсы­нып отыр­­мын. Жаңа президенттік жүйе саяси тұ­­рақ­тылықты нығайтып, қоғам­дық құ­ры­лыстың қазақстандық үлгісін орнықтырады», деді.

Пайымдап қарасақ, тіпті демокра­тия­ның даму шыңы саналатын АҚШ пен Еуропа елдерінде мемлекеттердің бірін­ші басшыларының екі мәрте сайлануы­на рұқсат етілгендіктен, олардың қайсы­бірі келесі сайлау қамымен кейде саяси попу­лизмге ұрынып жүр. Мұндай сайлау­шыларға ұнауды көздейтін әрекет­тің кез келген мемлекеттің орнықты даму мү­д­десіне сәйкес келуі неғайбіл. Сондықтан да бәріне әділ төреші – уақыт қоғамдық құры­лыстың қазақстандық үлгісінің артықшылығын көрсетеді деп ойлаймыз.

Жаңарған Негізгі Заңда Мем­лекет басшысының жақын туыстарының мемлекеттік саяси қызметшілердің, квази­мем­лекеттік сектор субъектілері басшыларының қызметтерін атқаруына тыйым салынғаны да суперпрезиденттік жүйеде жол берілген келеңсіз құбылыстарды болдырмауға бағытталып, Пре­зидент жария еткен Әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадам ретінде бағала­нып отыр. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Болгарияда Қазақстанның Төтен­ше және Өкілетті елшісі болып істейтін жақын туысын қызметінен босатқаны оның сөзі мен ісінің арасында алшақтық болмайтынын аңғартқандай.

«Жер тағдыры – ел тағдыры» деген сөздің мағынасы терең. Былтырға дейін Конституция бойынша жер және оның ресурс­тары мемлекеттік меншікте болып келді. Бұл жоғары лауа­зым иелерінің жер мен қазба байлықтарды пайдалану мәсе­лелерін жұртшылықпен ақыл­даспастан, өз қалауларынша шешуіне мүмкіндік беріп, мұның аяғы кейде халық наразылығын туғызғаны мәлім. Қарапайым адамдардың «Еліміздің жерінің үсті де, асты да тұнған байлық. Тәуелсіздіктің арқасында алдағы уақытта мұнайымен байыған Қатар мемлекетінің халқы сияқты молшылықта өмір сүреміз», деген ортақ арманы елдің жағдайын ойламай, қара басының қамын күйттеген шенеуніктердің сыбайлас жемқорлығының құр­бан­дығына шалынған. Осы ретте Мемлекет басшысы: «Халықаралық сарапшылар Қазақстан байлығының жартысы 162 адамның ғана қолында екенін растап отыр. Осы ретте халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды. Мұндай ақшамен өмір сүру мүмкін емес. Бұлай жіктелу мен теңсіздіктің қауіпті екенін айтқан болатынмын. Жағдайды дереу өзгерту керек», деген еді. Осыған орай Ата заңның 6-бабының 3-тармағы: «Жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жан­уарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады», деп өзгер­тілді. Бұл еліміздің табиғи ресурстарының игілігін олар­дың заңды иесі – халық та көре­тін кез туды деген сөз. Соның басы ретінде Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Бір­тұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жол­дауында «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын іске асыру бастамасын көтерді.

«Біз Ата заңымызда жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі деген басты қағидатты бекіттік. Бұл – құр сөз емес. Бұл – барлық реформаның арқауы. Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылы­ның аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады. Оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор, шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігі­не қызмет етеді. Бастаманы мұ­қият әзірлеу қажеттігін ес­кере оты­рып, жобаны 2024 жылғы 1 қаң­­­тардан жүзеге асыра бас­тау­ды тап­сы­ра­мын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Үкімет пен Ұлттық банктің есебі бойынша әр бала 18 жасқа толғанша оның шотында кемін­де 3 мың АҚШ долларына тең қаражат жиналуға тиіс. Ал елімізде жыл сайын 400 мыңдай сәби дүниеге келетінін ескерсек, мемлекет бұл бағдарламаға қыруар қаржы бөлмекші. Мұның өзі қарапайым адамдардың бір кездегі Қатар мемлекетіндегідей бақуатты өмір сүру туралы ортақ арманын естеріне түсіріп, олар ертеңгі күнге үкілі үмітпен қарап отыр.

Конституциялық реформаға сәйкес елімізде мажоритарлық сайлау жүйесі қайта енгізілгендігі қоғамды демократияландыру жолындағы ілгері басқан қадам екендігі даусыз. Бір мандатты округтер бойынша депутат­тық­қа кандидат ретінде тіркел­ген азаматтардың саны өте көп болғаны – соның айғағы. Бұл – халықтың Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған саяси реформалар бағытына сенгендігінің, оның Әділетті Қазақстан орнату идеясын қолдағандығының нәтижесі. Алайда өткен сайлауда да­уыс беру кезінде қолданыстағы заңнаманы бұзушылықтарға жол берілді деген сыңайдағы сыни пікірлер мен дау-дамайлар аз болған жоқ. Осы ретте Мемлекет басшысы сегізінші шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясын ашқан сөзінде: «Сайлау науқаны кезінде көптеген орынды сын, байыпты ұсыныс айтылды. Біз айтылған салмақты ұсыныстарды міндетті түрде зерделейміз. Біз Отанымызды өркендету жолында зор бетбұрыс жасап, жаңа дәуірге қадам бастық. Бірақ өзгерістер мұнымен бітпейді. Бұл ұзақ жолдың басы ғана. Реформалар жалғаса береді, саяси құрылымды жетілдіру қажет. Бұл аса маңызды жұмыс», деп атап айтты. Демек еліміздің сайлау жүйесі алдағы уақытта халықаралық озық тәжірибеге сүйеніп, одан әрі жетілдірілуге тиіс.

Ата заңның бұлжытпай сақталуын қадағалайтын Конс­титуциялық сот құрылғаны – Мемлекет басшысының тағы бір маңызды бастамасы. Бұрынғы Конституциялық кеңеске азаматтар заң нормалары бойынша түсініктеме алу үшін тікелей жүгіне алмайтын. Мұндай құқық тіпті Парламенттің жекелеген депутаттарына да берілмей, жоғары заң шығарушы орган мүшелері жалпы санының бестен бірінен кем болмайтын депутаттар тобына ғана берілген. Енді Конституциялық сотқа кез келген Қазақстан азаматы жүгіне алады. Мәселен, биылғы жыл басынан бері оған азаматтардан 3,5 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Осыған орай 30-дан астам құқықтық норманың Негізгі Заңға сәйкестігі қаралып, оның 5-і конституциялық емес деп танылған.

Рас, жаңарған Ата заңда өлім жазасына түпкілікті ты­йым салынғанын біреу құптап, біреу құптамайды. Біздіңше, қандай қылмыс жасаса да, адам өмірін сот үкімі емес, Алла Тағаланың үкімі қиғаны жөн. Күнәкар пенде өзі жасаған аса ауыр қылмысы үшін өмір бойы бас бостандығынан айырылып, ажалы жеткенше қамауда азап шексе, одан асқан қандай жаза болуы мүмкін? Өлім жазасына кесілгендердің ішінде некен-саяқ болса да, тергеушілер мен судьялар жіберген қателіктерден нақақтан күйіп, кейін ақталып шыққандар бар екенін де ескермеске болмас.

Түйіндей айтқанда, жаңарған Ата заң бүгінде Мемлекет бас­шысының Әділетті Қазақстан орнатуға бағытталған саяси рефор­маларының берік негізі болып отыр.