Мәдениет • 03 Тамыз, 2023

Жайыққа жырау келген күн

547 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Орал қаласында жырау шақырып, бағзы замандағыдай жыр кешін ұйымдастыру соңғы жылдары біраз азаматтың көкейінен шықпай жүр еді. Жайқалған жаздың бір сәтті күні оның да орайы келді.

Жайыққа жырау келген күн

Марабай жыраудың мұрагері

Жалпы, Батыс Қазақстан өңірін мамандар қазақ жыраулық өнерінің бесігі деп айтып жүр. Ауыз әдебиетінің бастауындағы Сыпыра жырау, Асан қайғыдан бастап, ноғайлы жырларының тамыры осы өңірден тартады. Одан беріде Жиембет жыраудан Махамбетке дейінгі шоғыр да осал емес. Ал ХІХ ғасырда қазақ тілінде баспа бетін көрген алғашқы кітаптардың қатарында Марабай жырау жырлаған «Ер Тарғын», «Қобыланды батыр» жырлары болған екен.

Марабай жырау қазіргі Батыс Қазақстан облысының Бөрлі, Теректі аудандары аумағында, Жайық бойында өмір сүрген. Ұлы Абайдың өзі «Қазақта Марабайдан артық ақыңды мен білген емеспін» деген екен, бұдан артық баға болар ма?

Дегенмен Батыс Қазақстан өлкесінде жыраулық өнер, жыр тыңдау дәстүрі жойы­лып кете жаздағаны рас. Тек соңғы жылдары ғана Марабай жырау өзінің туған өлкесінде кеңірек насихаттала бастады. 2017 жылы «Жыр дүлдүлі – Марабай» республикалық жыршылар байқауы оздырылса, дәстүрлі «Балдәурен», «Дала дарындары» облыстық байқауларына жыр аталымы енгізіліп, жылдан-жылға жас жыршылар шыға бастады.

Ал 2021 жылы Марабай Құлбайұлы­ның туған жерінде жыраудың 180 жыл­ды­ғы кең көлемде аталып өтті. Батыс Қа­зақстан облыстық халық шығар­ма­­шылығы орталығы жыл бойына созылған «Марабай таным» жобасын ұйымдастырды. Осы жоба аясында ауданаралық онлайн «Ер Тарғын» жыршылар эстафетасы, «Қо­бы­ланды батыр» жырын жатқа оқу челленджі өтті. Халық шығармашылығы орта­лығының директоры Мәулет Жұбатов бастаған мамандар жыраудың туған жерін, өскен ортасын анықтау, шежіресін нақтылау, ұрпақтарын іздеу мақсатында Бөрлі ауданының Ақсу ауылдық округіне, Шыңғырлау ауданының Тіксай ауылдарына арнайы барды. Шығармашылық байланыс орнату және жырау мұрасын зерттеу мақсатында Қостанай облысының Ы.Алтынсарин атындағы мемориалдық мұражайына, Көк­шетау қалалық Мәлік Ғаб­дуллин атындағы тарихи-мемориалдық мұражайы мен Ақтөбе облыстық Қобыланды батыр мемориалдық кешеніне іссапар ұйымдастырылып, ғылыми деректер әкелінді. Мерейтойдың нүктесі «Марабай тағылымы» атты республикалық ғылы­ми-танымдық конференциямен түйін­делді. Осы жиынға жергілікті ғалым­дар­дан бөлек, белгілі жыршы, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, өнер зерттеушісі Алмас Алматов, Ақтау қаласынан филология ғылым­дарының докторы, профессор Бибайша Нұрдәулетова, фольклортанушы ға­лым, танымал жыршы Берік Жүсіпов, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы, жыршы, өнертанушы Күнқожа Қайролла сынды ғалымдар келіп, Марабай мұрасын кеңінен насихаттауға, жалпы, жыршылық өнерді қайта түлетуге қатысты ой-пікір­ін ортаға салған болатын.

Орайы келген отырыс

Марабай жыраудың мерейтойын қазбалап жатқанымыздың себебі бар. Әр тараптан жыраулық өнердің жанашырлары бас қосқан сол күндері Берік Жүсіпов: «Біз жырау жоқ, азайды дейміз, қазір сол жырауды жалықпай тыңдай білетін жұрт та жоғалып кетті. Оның бір себебі – қазіргі сахналық қалып жыраулық өнердің аясына тарлық етеді. Дәстүрлі жыраулық өнерде жырау мен тыңдаушы қауымның арасы етене жақын, қоян-қолтық отырады. Осылайша, жыршының эмоциясы, аурасы аудиторияны түгел билеп тұрады» деген болатын.

Кейін осы сөзді белгілі заңгер, қазір Мәжіліс депутаты Абзал Құспан жиі еске алып, «баяғы қазақтың дәстүрімен, жайлауда, киіз үйдің ішінде, жырсүйер тыңдарманды іріктеп жинап, нағыз жырауды ортаға алып тыңдасақ» деген идея­ны айтып жүрді. Биыл алғашқы еңбек демалысына шығып, елге келген бетте осы іске шындап кіріскен. «Еруліге қарулы» дегендей, об­лыстық халық шығармашылығы орта­лығы бастаманы қолдай кетті. Сөй­тіп, «Марабай таным» жобасы аясында Маңғыстау облысында тұратын бел­гілі жырау Сәрсенбай Рахманбердиев Оралға шақырылды.

Бұл кезде оралдық бір топ белсенді азамат жыр кешін есте қаларлықтай етіп өткізудің қамына кірісіп кеткен еді. Әсіресе қоғам белсендісі Нұрлан Сәдір бүкіл ұйымдастыру жұмысын ұршықша иірді. Аз уақыт ішінде жыр жанашырлары жұдырықтай жұмылды. Жырауға лайықты құрмет көрсетіп, қазақы дәстүрмен астына ат мінгізуді бел­гі­лі ғалым, меценат Қазыбай Бозымов өз мойнына алды. Жыр кеші өтетін қазақы ауылдың орнын «Саба» этнокешені басты. Жас ұрпақты атбегілікке баулып, бие байлап, қымыз өндіріп отырған Ақмоншақ пен Ақылбек Ишановтар бастаманы бірден қолдады. Жырау мен тыңдаушы қауымды төбесіне көтере күтті. Орал қаласының шетінде, Бортаудың етегінде орналасқан этнокешенде қаз-қатар тігілген киіз үйлер, түтіні түзу ұшқан қазан-ошақ, білегінде орамалы, қолында құмғаны бар жеткіншектер, тіпті тіршілігіне жараса кеткен ерттеулі аттар мен жарғақ тазы – бәрі-бәрі ХІХ ғасырдағы қаймағы бұзылмаған қазақ ауылын көз алдымызға әкелді. Оралдағы белгілі «Тұмар» студиясы – Светлана Дүйсенбаева бастаған қолөнерші қыз-келіншектер де осы іс-шараның қызметінде бастан-аяқ жүріп, қонақ күтісті. Көптің тілегі бір арнаға тоғысқан, «бәріміз біріміз үшін» деп айтарлықтай ғажап кеш болды. «Abai.tv» және «Aqjayiq» телеарнасы жыр кешін толық таспалап алды.

 Бес сағатқа ұласқан жыр кеші

Әрине, кештің бас қонағы – алыстан ат арытып келген жырау еді. Сәрсенбай Қыдырұлы сонау Бесқалада – қарақалпақ топырағында дүниеге келген. 10 жасынан бастап жыршы-термешілік жолына түскен көрінеді. 12 жасында әйгілі Наурызбек жыраудың батасын алып, «бала жыршы» атаныпты. Одан бергі өткен үш мүшел өмірінде тек осы өнердің жолында келе жатқан жанкешті азамат екен. Талай мәрте республикалық, халықаралық додаларда алған жүлдесінің есебі жоқ. Өзі де көмейінен құйылған өңшең ғибрат, ақыл-нақыл сөзге лайық ұстамды, тақуа, сабырлы жан екен.

Айтпақшы, Оралға жыршы келетіні туралы көпшілікке хабарланған жоқ. Тек жыр қадірін біледі-ау деген аз шоғыр адамға, зиялы қауым өкілдеріне ғана шақырту жіберілген. Әйтпесе, нөпір халық сыймай да қалар еді.

Сонымен он екі қанат ақ орданың төріне жырау шығып, домбырасын қолға алғанда, жиналған әлеумет сілтідей тынды. Шіркін, жыршылықтың жол-өнегесі сан ғасырдан-ақ қалыптасып қалған ғой. Ештеңені ойдан шығарудың қажеті жоқ. Жырау әуелі халыққа сәлем беріп, өзін таныстырды. Оның ішінде бата алған ұстазы, өзінің үш жұрты, өткен өмірі туралы айтып өтті. Сосын Ақ Жайық өңірінің аты мәлім жақсы-жайсаңын жырға қосып, жиылған жұртты бір дуыл­­да­тып алды.

Кейін өзінің репертуарын таныстыратын «ортаға салар» рәсімі өтті. Жырау өзі айтатын жырларды ретімен таныстырып, сөз арасында суырыпсалма шумақтар қосып, тыңдарман қауымды сергек ұстап отырды.

Бұдан соң көпшіліктің таңдауы түскен жырларға кезек берілді. Жекпе-жек көріністері арқаны шымырлатар «Асау-Барақ», Бала Ораздың Әлім қызбен айтысы, Мұрат Мөңкеұлының жырлары кезегімен төгілді. Өнер иесінің дауысы жағымды, сөздері анық, аудиторияны игеріп, айналасын ойнақы әуенмен «оятып» отыратын әдеті бар екен. Жырдың арасында домбырасын қоя қойып, «әлқисса» деп бас­тап кететін қыстырма әңгімелері де тың­дар­манды жалықтырмады. Бас-аяғы бес сағатқа созылған жыр кешінде жиналған жұрттың мейірі әбден қанды.

– Халық ауыз әдебиетінің шеберлігіне тәнті боласың! Өз батырының бейнесін асқақ­тату үшін қалмақ батырын да біраз жерге әуелетіп апарып тастап жі­­бер­­гендегі тыңдарман жүзіндегі пси­­хо­ло­гия­лық шаттық, жеңімпаз құ­бы­лыс­қа қа­ра­дым да отырдым. Өздері жең­­гендей желпініп қоя берген қазақы тап-таза мінез! Бәз-баяғы қалып! Жыр­дың сиқыры сол ғой, – дейді ақын, Жазушылар ода­ғының мүшесі Дариға Мұштанова.

– Жырау, жыршының жыры, шынымен камералық театр секілді шағын аудиторияда тыңдалғаны дұрыс екен. Абыл, Ақтан жыраулардың ізбасары Наурызбек жыраудың шәкірті, асылдардың сарқыты Сәрсенбай жырауды тыңдап, шынымен театр қойылымын, кино эпизодын көргендей әсерде болдық, – дейді осы кештің тағы бір көрермені болған журналист Ардақ Мұратқызы.

Қорғау күткен құндылық

Бір қызығы, айтушы емес, тыңдаушы бұрын шаршаған кеш болды бұл. Жо­ға­ры­да Берік Жүсіпов айтқандай, таңды-таңға ұрып жыр тыңдауды ұмытып қалыппыз. Түн ортасынан ауғанда үл­кен­дер жағы қозғалақтап, жасамыс­та­ры ертеңгі жұ­мыс­ты еске алып жатты. Қолтығы жаңа терлеп, бауыры енді жазылған жырау әлі де айта түскісі кел­генімен, көпшіліктің қа­лауынан аса алмады. Сонда да сыр біл­дірмей, арнайы шақырған, осы кешті ұйым­дастырған азаматтарға, қиқулап дем берген, жыр тыңдаған жамағатқа жырмен алғысын айтты.

Кешке облыстың әр түкпірінен қолына домбыра алып, жыр-терме айтуға талпынып жүрген жас жыршылар арнайы шақырылған екен. Тайпақ ауылынан келген Нұрсұлтан Марсел (жетекшісі – Тайпақ ауылдық мәдениет үйі қызметкері Ақмарал Таудаева), оралдық Бекзат Баян мен Айтөре Досжан (жетекшісі – Бейбіт Қажығалиев), Жалпақтал ауылынан Саят Ерешов (жетекшісі – Асылхан Болтанов) осы сапарды Сәрсенбай жыраудан бата алып қалды.

– Елімізде жыршылық өнер, жырау­лар қорғансыз деуге болады. Осын­дай іс-шаралар арқылы елдің және тиісті орындардың назарын ұлттық өнер­ді қорғау мәселесіне аударғым ке­ле­ді. Болашақта ұлттық өнердің мемлекет қорғауына алынуы үшін еңбек ететін боламын. Сол үшін әлемдегі көршілес елдердің ұлттық өнер мен мәдениетке қатысты заңдарын зерт­теу үстіндемін, – дейді Парламент Мәжі­лісінің депутаты Абзал Құспан.

Шынында да, көрші Қырғыз елін­де манасшыларға құрмет ерекше. Қырғызстан президенті Садыр Жапаров осыдан екі жыл бұрын Қазақ­стан­дағы жалғыз манасшы Баянғали Әлімжанды «Достық» орденімен марапаттады. Ал Ресей құра­мын­дағы Саха елінде ұлт­тық эпосы – олонхоны жатқа білетін жыршының бәріне мемлекеттік стипендия тағайындалған екен. Осы жаңалықты жеткізген филология ғылымдарының докторы, түркітанушы ғалым Мұрат Сабыр қазақ жыр өнеріне де мемлекет тарапынан қолдау қажетін айтады.

Кеш соңында Жайық жұртының алғысын ақын, Жазушылар одағының мүшесі Сағынтай Бисенғалиев жыр шумағымен жеткізді:

«Қай қазақ жыр келді деп

       жар салмайды,

Қай қазақ арқа қозса ән салмайды?!

Жайықтың жағасында

жырғап қалдық,

Жырлатып саңылақ ұл Сәрсенбайды!

 

Сәрсенбай Рахманберді ұрпағы екен,

Қап кеткен Қара шалдан жыр

тағы екен.

Наурызбек-нар ұстазы бата беріп,

Жалға деп жыр дәстүрін

нұсқады екен.

 

...Жырларың таңнан-таңға

ұласты ма,

Ақ жолы ақпа жырдың қыр асты ма?

Астыңда Ақжайықтың арғымағы,

Тура тарт, аялдама, күн Астына!»