– Осы жылы «Ауыл ел бесігі» аясында 488,7 млн теңге болатын 12 жоба басталды, облыстық бюджеттен 335,2 млн теңгелік тағы 19 жобаға қаржы қаралған. Осылайша, «Қызылорда – Айдарлы – Тартоғай» және «Шымкент – Самара – Тереңөзек» автомобиль жолы қайта жөнделеді. Аудандағы тозығы жеткен электр желілерін жаңғырту да басталып кетті. Айдарлы, Аманкелді, Жетікөл, Қоғалыкөл, Шаған елді мекендерінің электр бағаналары мен желілері және трансформаторлары толық жаңартылады. Ал Тереңөзек кенті, Қалжан ахун, А.Тоқмағамбетов, С.Сейфуллин елді мекендеріне жаңа электр желілерін орнатуға демеушілер көмек қолын созады, – дейді аудан әкімі Берік Сәрменбаев.
Іскер азаматтар ауыз су құбырын жаңартуға да көмек береді. Осының нәтижесінде Шаған және Қоғалыкөл елді мекендері ауыз сумен толық қамтылмақ.
Биыл ауданда өнеркәсіп өндірісі 68,5 пайызға ұлғайып, өңдеу өнеркәсібі 3,4 пайызға, ауыл, орман және балық шаруашылығының өнімі 1,4 пайызға артқан. Инвестиция тарту 72,4 пайызға өсіпті. Жыл соңына дейін құны 1,9 млрд теңге болатын 10 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Түрлі қаржы ұйымдары жеңілдетілген несие алу үшін берілген 49 жобаның құжаттарын қарауда.
Сырдариялықтар, әсіресе «Ауыл аманаты» бағдарламасына белсене қатысып отыр. Осы күні 3 млрд теңгені құрайтын 489 жобаның құжаты дайындалып, «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына ұсынылған.
Қазір ауданда 3 247 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеп тұр. Биылғы жарты жылда мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында 184 жобаға қаржылай қолдау көрсетілген.
Сырдарияның негізгі тіршілігі – ауыл шаруашылығы. Аудандағы егіс көлемі жыл сайын артып келеді. Биыл оның аумағы 7,8 пайызға ұлғайған. Аудан диқандары көктемде еккен 35 мың 732 гектардың 23 мың 500 гектары – күріш.
– Бірнеше жылға созылып келе жатқан су тапшылығы аграрлық саланың алдына кесекөлденең тұрған мәселеге айналғанын білесіздер. Осыған байланысты облыс әкімінің қолдауымен былтыр шаруашылықтарға 22 насос алынды. Биыл қосымша тағы төртеуі әкелінді. Бұрыннан қолда барды қосқанда қазір ауданда осындай 32 қондырғымен егінге су жеткізіліп жатыр. Өткен жылдан бері облыста аймақ басшысының тапсырмасымен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тұрғындарға бақша дақылдарын егуге мүмкіндік жасалғаны белгілі. Былтыр ауданда 210 гектар қосымша жер ашылып, 865 отбасы бақша дақылдарын еккен болатын. Биыл жер көлемі 359 гектарға дейін ұлғайып, 1 105 үйелмен әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерін егіп алды. Әсіресе бұл бағытта жастардың ерекше құлшыныс танытып отырғанын айта кеткеніміз орынды болар. Былтыр 2 ауылда жастар бригадасы 20 гектарға егін ексе, осы жылы тағы 4 елді мекенде бригадалар құрылып, бақша дақылдары егілген алқап көлемі ұлғайды, – дейді аудан әкімі.
Сырдағы ауылдарға да табиғи газ жеткізіле бастағалы біраз болды. Енді от жағып, күл шығарудан құтылатын елді мекендер қатарына Сырдария ауданындағы Қалжан ахун, С.Сейфуллин, А.Тоқмағамбетов, Шаған елді мекендері қосылады. Бұл үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, газ желілері жүргізіледі.
Аудандағылар демеушілік есебінен жасалған Н.Ілиясов ауылын газдандыру жобасына бюджеттік өтінім ұсыныпты, көп ұзамай Бесарық, Ақжарма елді мекендерін көгілдір отынмен қамту жобалары қолға алынбақ.