Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Мен, ғұмырын мектепте шәкірт тәрбиелеумен өткерген, саналы өмірінің жарты ғасырын Хан-Тәңірі тауының беткейінде ұлағатты ұстаз болған Әкімқожа Садыровтан мұраға қалған кітаптарға берілген қолтаңбалардың екеуiне ғана тоқталуды жөн санадым. Бұл туралы Қазақ педагогикалық институты тіл және әдебиет факультетінің 1939 жылғы түлегі Әкімқожа Садыровтың естелігін оқып көрелік.
«Мен үшін қолтаңбалар алған кітаптарымның ішінде екі кітаптың орны ерекше. Бiрi – әлемдiк әдебиеттiң алып сеңгiрлерiнен саналатын, кезiнде талай жасқа қамқоршы болған, көп адамның есiнде қарапайым да жайдары аға бейнесiнде қалған Мұхаң, ұлы Мұхтар Әуезов қолтаңбасы турасында. Екiншiсi – қарны жарқыраған бала кезi, бой тiктеген өспiрiм шағы қашанда көз алдымнан кетпейтiн Бердiбек Соқпақбаев туралы. Бiрi – ұстаз. Екiншiсi – шәкiрт. Барша қазақ ұлына ұстаз болған қаламгер, кемеңгер жазушының саған да iлтипаты түскенiн өзгеше бақыт деп түсiнесiң. Ал өзiңнен дәрiс алған кешегi қара баланың ел таныған талант иесi дәрежесiне көтерiлуi – әрi сүйiнiш, әрi мақтаныш.
1942 жылы «Абай» романының бiрiншi кiтабы жарық көрдi. Әрине, ол кезде романның болашақта қазақ әдебиетiнiң мәртебесiн өлшеусiз өсiретiн, романнан жери бастаған Еуропа жұртшылығын таң қалдыратын феномендiк құбылыс екендiгi белгiсiз едi. Әйткенмен қалың оқырман әдебиетке жаңаша бiр леп келгенiн түйсiкпен сездi. Кiтаптың бөлек бiтiмiн толық тани алмағанмен, бұрынғы, көзтаныс дүниелерден әйтеуiр ерекшеленiп, өркештенiп тұрғанына көңiл сендiрдi. Кiтапты ат сабылтып iздеген, бiр-бiрiне өзгеше сый ретiнде тартқан жандарды да көзiмiз көрдi. Алғашқылардың бiрi болып мен де романның төрт-бес данасын алып қойдым. Бiрiн өзiме, қалғанын көңiл қимас дос-жаран қалап қалса деген оймен (солай болды да). Бас алмай құныға, қызыға оқып шықтым. Көп нәрсенi соқыр түйсiкпен ғана болжағанымды, толық қабылдап, тұтас ұғына алмағанымды сезетiндеймiн. Араға бес-алты күн салып «Абайға» қайта оралдым. Күн артынан күн оздырып, асықпай, бажайлап оқи бастадым. Көз алдымда алып таудың жаңа қойнаулары, асыл тастың жаңа қырлары ашылғандай күй кештiм. Тiптi бұрын оқымағандаймын. Мiне, содан берi отыздан астам жыл өттi, «Абай жолын» әлденеше рет бастан-аяқ түгел оқып шықтым. Әр оқыған сайын жаңадан қолға алғандай халде боламын. Әр оқыған сайын бұрын байқамаған, байыптай алмаған қасиеттерi ашыла бередi. Көп ретте өзiмдi ұлан жазираның, ұлы жыныстың әр тарапынан бiр iз кесiп қана жүрген жиһанкездей сезiнемiн.
Хош... Әу баста қолма-қол пiкiр жазбақ болып едiм, артынша ол ниетiмнен бас тарттым (ара-тұра рецензиялар, сын мақалалар жазып жүретiнмiн). Жалпы мақтау, жайдақ мазмұндау боп кетсе қайтемiн деп жүрексiндiм. Күрделi шығарманың қатпар-жықпылын тегiс зерделеп, пайымды пiкiр айтуға, шынымды айтсам дайындығым аз сияқты көрiндi...
Сөйтіп жүргенімде Мұхаңмен етене аралас бір курстасым маған: «Сені Мұхтар Әуезов үйге келіп кетсін деді», демесі бар ма... Күткенім бұйырып, ертесінде таңертеңгi сағат он шамасында Мұхаңның үйiне келдiм. Жазушы үйде, кабинетiнде екен. Жазу столының үстiнде жатқан алтынды түп, былғары тысты әлдебiр қалың, көне кiтаптарды жай парақтап отырған Мұхаң аяқ тысырын естiп, мойнын бұрды да, толыса бастаған денесiн жеңiл қозғап орнынан көтерiлдi.
«Ау, Әкiмқожамысың? Ал кiр, кiр, батыр. Көрiнбей кеттiң ғой», деп баппен ғана жымиып қойды. Ұмсына барып қолын алдым. Асқар таудай ағаның олқысынбай орнынан тұрып, жылы қабылдауы әрi абыржытып, әрi елжiретiп жiбердi. «Абайыңыз» құтты болсын, аға, биiктен биiкке өрлей берiңiз», дей берiппiн сасқалақтап. Мұхаң салмақты қолдарымен қаусыра тартып, бетiмнен сүйдi. Соған дейiн де, содан кейiн де ұлы Әуезовтің кiшiк мiнездерiне талай куә болдым. Ол Мұхаңның сүтпен сiңiп, сүйекке бiткен бекзат қасиетi едi.
– Ал, Валя, – дедi Мұхаң күлiп, кабинетке Валентина жеңгемiз кiрген екен. – Мына Әкiмқожа атты жас әдебиетшіні келіп кетсін деп едім, өзі «Абайды» оқып, менi арнайы құттықтай да келiптi. Қуанышын бiлдiрiп игi тiлек айтып жатқан жандар аз емес қой, бiрақ қай-қайсысының болсын өз орны бар. Өз көңiлi, өз пейiлiмен бөлек...
Мұхаң маған шақыртқандағы аз-маз қолдан келер шаруаны түсіндіріп барып, әдебиет әлемінен кеңінен бір көсілді дерсің... Мен үнсіз беріле тыңдап, ғажап сырлы әлемге сүңгiп шыққандай серпiлдiм. Мұхаңның сырғи лықсыған өзендей бiр қалыпты, ырғақты қоңыр даусы ойымды бiрде қарлы шыңға, бiрде салқар қырға жетеледi де отырды. Аракiдiк менi де сөйлетiп алады. «Аға», деп қалдым бiр орайда. «Абай» – өнер адамы туралы жазылған бүгiнгi бiрден-бiр туынды ғой, француздың «Жан-Кристофы» сияқты көп томдық романға айнала ма түбiнде?»
– Пәлi, Әкiмқожа, – деп риза көңiлмен жымиды Мұхаң. – Сен өзiң Ролланды оқыған екенсiң-ау. Арғы-бергi әдебиетпен таныстық – құптарлық iс. Ақын да ұзақ уақыт беделiнде қажеттi жағдайлардың ықпалымен түзелетiн алмасқа ұқсайды. Алмастың сапасы сол түрлi факторға байланысты болса, ақынның қалыптасуына да табиғи қабiлетi, жиған бiлiмi, түйген бiлiгi, қоршаған ортасы үлкен әсер етедi. Мен қазақ өлеңiнiң ұлы реформаторы Абайдың асқан реалист ақын, озық ойлы азамат ретiнде қалыптасу жолын зерттедiм. Геологтің алмастың түзiлу құпияларын тексеретiнiндей. Негiзгi арқау сол. Сонан соң сахара тiршiлiгiн шынайы да, сынын бұзбай жеткiзуге тырыстым. Қазақ даласындағы күрделi әлеуметтiк мәселелердi пайымдау да – басты мақсаттың бiрi.
Мұхаң жоталы тұмсығын сипалап, қос қабағының арасы сызаттана бiраз үнсiз отырып барып:
– Және соншама көп том да болмайтын шығар. Өйткенi мен Абай өмiрiндегi барлық оқиғаларды тiзбелеудi емес, бетбұрыс кезеңдердi көрсетудi мұрат етiп отырмын, – деп түйін сөзін айтты.
Кетер кезде Мұхаң шынылы шкафты ашып, «Абайдың» бiр данасын алып мынаны жазып едi: «Әкiмқожа, ойланып оқып, тереңдеп сынап көмекшi боларсың деген сенiммен, үмiтпен сыйлаймын. Достық көңiлден автор. М.Әуезов. 1 август, 1942 жыл».
Арада бiрнеше жыл өткеннен кейiн «Абай» романының 1945 жылы Мәскеуден орыс тiлiнде жарық көрген басылымына былай деп қолтаңба қалдырған болатын: «Глубокоуважаемому Акимкоже с чувством дружбы. М.Ауезов. 1 июля 1946 г».
Оқырман үшiн өзi қастерлейтiн жазушының қолтаңбасынан қымбат мұра жоқ шығар-ау. Қазiр мұқабасы ақжемденiп, көнетозданған қос кiтапты, Мұхаңның қолтаңбалары қалған қос кiтапты қолға алсам, ұлы Әуезовтің, тiрi Әуезовтың бейнесi көз алдыма қайтадан келiп, көкiректен өткен күндер елесi көшетiндей. Жазушы аға сол жолғы үйiне барғандағыдай «Ау, Әкiмқожамысың сен осы», деп қалардай көрiнедi де тұрады.
Мен – қатардағы ауыл мұғалiмiмiн. Бүкiл саналы ғұмырымды, жиған-терген бiлiмiмдi шәкiрттерге арнаған адаммын. Солардың жақсылығына сүйiнемiн, жамандығына күйiнемiн. Бұрынғы шәкiртiм абыройлы азамат боп жатса, сiңiрген еңбек, төккен тердiң зая кетпегенi. Асылы, бұл бiр мен емес, мұғалiм бiткеннiң баршасына тән мiнез болса керек. Өйткенi шәкiрт – ұстаздың кешкен ғұмыр, еткен еңбегiнiң белгiсi. Қандай белгi? Ол – ендi түйiнi шиыр, кесiмi қиын мәселе. Барлық әрiптестерiм сияқты мен де өзiмнiң ел таныған шәкiрттерiмдi мақтан тұтамын. Соның бiрi – Бердiбек, белгiлi қазақ жазушысы Бердiбек Соқпақбаев. Шынымен-ақ Бердiбек тәрiздi үлкен жазушының өнер жолына бет бұруына азды-көптi себiм тисе, нұр үстiне нұр, мен үшiн ұлық мәртебе. Шыншыл да шебер жазушы Бердiбек мектеп қабырғасында көп сөйлемейтiн, бiрбеткейлеу, тiптi тентектеу бала едi. Зейiндi, зерделi шәкiрт атанған. Дегенмен қазақ әдебиетi сабағына деген ықыласы өзгеше болатын. Әдетте көп оқушыларды өкпеден қысатын шығарма жазу кезiнде ол суырылып шыға келетiн. Әрине, бүгiнде бурыл бастанып, кекселенген Бердiбектi кешегi тәмпіш танау, тентек қара десек, ешкiм сене де қоймас. Бiрақ соның бәрi де кеше ғана болған. Күнi бүгiнде көз алдымда. Оқушылардың шығармаларын жинап алған соң, алдымен Бердiбектiң жазбасын оқуға тырысатынмын. Тiптi кейбiрiн дауыстап оқып, қалған шәкiрттерге үлгi ретiнде ұсынатынбыз. Кейiн де бұрынғы оқушы, бүгiнгi қаламгер Бердiбектiң әрбiр жаңа шығармасын елден бұрын оқуға асығатын болдым. Бiрде 1978 жылы Алматыдағы Жазушылар одағына адуынды ақын Көдек Байшығанұлының шығармаларын «Қазақ әдебиеті» газетіне ұсынуға барғанымда шәкіртім Бердiбек қарсы жолығып, сонда әдеби кеңесші болып қызмет істейді екен, бөлмесіне ертіп апарып, маған қолтаңбасы жазылған кiтабын сыйлады. «Қайдасың, Гауһар?» екен. Бердiбектiң маған басқа емес, дәл осы кiтабын сыйлауында мән бар сияқты. Кiтап кейiпкерлерi – Бердiбектiң құрбылары, тағдырлас замандастары. Менiң алғашқы шәкiрттерiм. Мен бұл шығарманы ең бiр қызық дәуренiн алапат жалын шарпыған шәкiрт ұлдарым мен қыздарыма арналған ескерткiш деп танимын. «Құрметтi әке!» деп жазыпты оқушым. «Сiз маған ұстаз болған ардақты адамсыз. Әдебиетке келуiме мұрындық та болдыңыз, шын жүректен сыйлаймын. Бақыт тiлеймiн. Құрметпен Бердiбек».
Міне, ұлы жазушы, ұстазы Мұхтар Әуезов пен қарымды қаламгер Бердібек Соқпақбаевтың ұлағатты ұстаз Әкімқожа Садыровқа қалдырған қасиетті қолтаңбаларының сыр-естелік парасы осындай.
Берік САДЫР,
«Egemen Qazaqstan»-ның
ардагер журналисі