Бұл ретте Мемлекет басшысы: «Партияның мемлекеттік аппаратқа кірігуіне мүлдем жол бермеген жөн. Саясаттағы монополия түрлі әлеуметтік кеселді туындататыны және мемлекетті дағдарысқа ұшырататыны анық. Саяси үстемдікке барынша шектеу қою қажет.
Президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде ресімдеуді ұсынамын. Бұл норма саяси бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасайды. Осылайша, біз еліміздің болашақтағы көшбасшыларын негізгі саяси институттарды өзіне бағындырып алуға құмар болудан сақтаймыз.
Дәл сол сияқты, Орталық сайлау комиссиясының, Есеп комитеті мен Конституциялық кеңестің төрағалары және мүшелері міндетті түрде партиядан шығуы керек деген норманы да заңнамаға енгізген жөн.
Барлық өкілеттікті бір қолға шоғырландырған орталықтағы жағдай аймақтарда да қайталанатынын көріп отырмыз. Сол себепті әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында да лауазым иеленуге заң жүзінде тыйым салу керек. Мұндай шешімдер көпполюсті партиялық жүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді», деген еді. Сөзін ісімен қуаттаған Президент «Amanat» партиясының өткен жылғы 26 сәуірде болған кезектен тыс XXIII съезінде осы саяси ұйымның төрағасы ретінде өкілеттігін тоқтатып қана қоймай, одан шығу туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Содан кейін өңірлердің әкімдері де аталған партия филиалдарының төрағалығынан босатылды. Бірақ, олар «Amanat» партиясына мүшелігін сақтап қалды. Мұның өзі қоғамда «Бұл қалай?» деген сауал туындатып отыр. Оның үстіне биылғы жылы Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттардың бір мандатты округтер бойынша өткен сайлауы барысында кей өңірде «Amanat» партиясы ұсынған кандидаттарға жергілікті әкімдер әкімшілік ресурстар арқылы қолдау білдірмей ме деген пікірлер айтылғаны мәлім.
Шынтуайтында, қазір «Егер әкімдер партиядан шықса, онда «Amanat»-тың филиалдары оларға қалай ықпал етеді?» деген орынды сауал да туындап тұр. Әкімдердің билеуші партия құрамынан шығарылмауының басты себебі, міне, осы мәселеде жатқан сияқты. Біздің ойымызша, «өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын» оңтайлы жолды іздестірмей болмайды. Бұл үшін бұдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын, нақты айтсақ, 2002 жылғы 15 шілдеде қабылданған «Саяси партиялар туралы» Заңды қайта қарап, оны қазіргі заман талабына сай жетілдіру қажет. Өйткені, аталған заңның талаптары мен бүгінде қалыптасқан саяси өмір шындығы үйлеспейтін жайлар бар.
Мәселен, «Саяси партиялар туралы» Заңның 4-бабының 2-тармағында: «Мемлекеттiң саяси партиялардың iстерiне және саяси партиялардың мемлекет iстерiне заңсыз араласуына жол берiлмейдi. Саяси партияларға мемлекеттiк органдардың функцияларын жүктеуге де жол берiлмейдi», деп көрсетілген. Бұған қоса, осы баптың 5-тармағында: «Мемлекеттiк қызметшiлер лауазымдық мiндеттерiн атқару кезiнде Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарын басшылыққа алады және саяси партиялар мен олардың органдарының шешiмдерiмен байланысты болмайды», делінген. Мұның өзі аталған заңның елімізде мажоритарлық (бір мандатты округтер бойынша) сайлау жүйесі ғана болған кезде қабылданып, онда кейінірек пайда болған прапорциялық (партиялық тізімдер бойынша) сайлау жүйесінің ерекшеліктері жете ескерілмей қалғандығын айғақтап тұр. Өйткені, осы заңда «Билеуші партия» деген ұғым мүлдем қарастырылмаған. Іс жүзінде бұрынғы «Nur Otan» – бүгінгі «Amanat» өзін билеуші партия деп санап, оның Орталық аппараты жанындағы партиялық комиссиялар партия қатарындағы министрлер мен әкімдерді және олардың орынбасарларын әртүрлі өзекті мәселелер бойынша жүйелі түрде «кілемге шақырып», атқарып отырған жұмыстарына баға беріп, орындалуы міндетті шешімдер қабылдап келе жатқаны белгілі. Билеуші партияның өңірлік филиалдары да осы үлгімен жергілікті мемлекеттік органдардың партияға мүше-басшыларының мәселелерін «майшаммен» қарап, оларға міндет жүктеумен үзбей айналысып келеді. Ал егер жоғары лауазымды шенеуніктердің бәрі бірдей билеуші партия қатарынан шығатын болса, онда Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттарда көпшілік дауысқа ие болып отырған «Amanat»-тың оларға тиісті талап қоятын заңды тетігі жоқ.
Демек, «Саяси партиялар туралы» ескірген заңды қайта қарап, оған «Билеуші партия» ұғымын енгізу және Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауында жеңіске жетіп, депутаттық мандаттардың көпшілігіне ие болған партияның құқықтарын кеңейту, соның ішінде атқарушы билік органдарына ықпал ету тетігін қарастыру керек. Сонда ғана қолданыстағы заңнамаға барлық деңгейдегі әкімдердің саяси партияда болмауы туралы өзгеріс енгізіп, олардың сайлау науқанына заңсыз араласуы сияқты келеңсіздіктің алдын алуға мүмкіндік туады деп білеміз. Мұның өзі Мемлекет басшысы айтқандай, саясаттағы монополияны шектеп, қоғамды одан әрі демократияландыру жолындағы тағы бір қадам, ілгерілеу болары даусыз. Әділетті Қазақстан орнату талабы да осы.