Мұны естіген сенаторлар Ғалиасқар Сарыбаев пен Амангелді Төлемісов және Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин «ҚазАвтоЖол» АҚ-ның мамандарының уәжін тыңдап, Алтынемел асуынан өткізетін күрежолдың құрылысын көзбен көріп қайтты.
Облыстық мәслихаттың төрағасы Гүлнар Тойлыбаева, «Amanat» партиясының Жетісу облыстық филиалының төрағасы Арыстанғали Арын, облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ғалымжан Дәрібаев, облыстық, Панфилов, Кербұлақ аудандық мәслихаттарының депутаттары, облыстық Қоғамдық кеңестің мүшелері қатысқан кездесуде жергілікті тұрғындардың Алтынемел асуындағы жолдың биыл аяқталмайтынына алаңдаушылық білдіріп отырғаны айтылып, талап-арыз бергені алға тартылды.
Кездесу барысында облыс әкімі Бейбіт Исабаев биыл мамыр айында жол жөндеу жұмыстарының жай-күйімен арнайы танысқанын атап өтті. Ал нысанның неліктен кешігетіні туралы мәліметтің шыққанын сұраған сенаторларға жауап берген «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның басқарма төрағасы Мейірхат Қасымбаев:
«Әрбір құрылыс – бір күндік шаруа емес. Сарыөзек – Көктал бағытындағы жолдың 45-68 шақырымына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының ұзақ жүруі, ең алдымен, келісімшартқа тікелей байланысты. 2021 жылы жасалған келісімшарт 3 жылға есептелген. Соған байланысты Қаржы министрлігі 2021 жылы қаржының 10 пайызын, 2022 жылы тағы 10 пайызын берді. Енді 2023 жылы келгенде қаржының қалған бөлігін түгелдей бөлді. Алғашқы жылдарда тең бөлінбеген қомақты қаржыны кейінгі жылы толық игеру мүмкін болмай тұр. Осылайша, жалпы 10,2 млрд теңге бөлініп отыр», деп мәселенің мәнісін түсіндіріп өтті.
«Бұл – бір. Екіншіден, 2021 жылы қаржы қажетті деңгейде бөлінбегендіктен, тауардың бағасы бүгінде қымбаттап кетті. Қаржы министрлігі мен Экономика министрлігі инфляцияны құрықтай алмағанынан бөлек, жолдың қаржысын кешіктіріп бергізді. Соның кесірінен нысанның құны 2,5 млрд теңгеге қымбаттады. Сол себепті құрылыс мерзімі ұзарды. Мына нысанның ұзындығы – 23 шақырым. Республика бойынша 3 700 шақырым жолдың құрылысы тұр. Оның бәріне қыруар жұмыс күші керек. Оны іздеу, табу қажет. Сондықтан жалғыз «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ны кінәлай беруге болмас. Әрине, ұлттық компания мердігерлерінің кінәсі бар. Оны түсінеміз. Өз құзыретіміздің шегінде шешуге тырысып жатырмыз. Осыған орай биылғы қазан-қараша айларында автожолды пайдалануға береміз. Келер 2024 жылы 25 қарашада толық бітіріп, елдің қажетіне ұсынамыз», деді М.Қасымбаев.
«ҚазАвтоЖол» АҚ-ның Алматы облыстық филиалының төрағасы Нұрхат Ақылтаевтың айтуынша, Сарыөзек – Көктал бағытындағы автокөлік жолының 45-68 шақырымындағы құрылыс жұмыстары кейінгі бір айдың ішінде қарқын алған. Енді көзге көрінбейтін жолдың табанын бекіту жұмыстары аяқталып, бетондау аяқтала бастаған. Қазір күніне 1 км жолдың асфальті төселіп, Алтынемел асуындағы күрделі бұрылыстарды түзеу, бекіту жұмыстары жүріп жатыр. Ұзындығы 23 шақырымға тең жолды жөндеуге алған «РСУ-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне көмекке 2 субмердігер келген. Бұл – «KazContructionGroup», «E.S.T.Contruction» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Қазір асуда 105 түрлі техника, 170 адам жұмыс істеп жатыр. Осыған орай биылғы қоңыр күзде асфальті төселген жолдың бір бағыты ашылып, жолаушыларды өткізе бастайды. Бір өкініштісі, «Алацем» зауытына шикізат таситын жүк көліктері жолдың жабындысын тоздырып, түзу жерін қиратып кетуде. Осыған орай сенаторларға өтініш жасаған «ҚазАвтоЖол» АҚ басшылары жолмен салмағы ауыр көліктерді жүргізбеуді Үкімет деңгейінде шешіп беруге көмектесуді сұрады.
Өтініш аяқсыз қалмайтынын жеткізген Сенат депутаты Ғ.Сарыбаев ұлттық компания басшылығына асудағы жолдың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырып, Президенттің тапсырмасына орай жол биыл пайдалануға берілуі керек екенін ескертті. Күніне 3 рейс жасайтын қытайлық ауыр жүк көліктері жаңа жолды тоздырып жіберетінін алға тартқан М.Қасымбаев Алтынемел асуындағы жүк көліктерінің санын азайту құрылыстың сапасына тікелей әсер ететінін атап өтті.
Бұдан соң Алтынемел асуының Басши ауылдық округімен шектесетін жеріне дейін барып, құрылыс жұмыстарымен танысқан жұмыс тобы мәселені бірлесе шешуге келісті. Ол үшін «ҚазАвтоЖол» АҚ асудан өтетін жолға асфальт төсеуді күз айында бітіріп, автокөліктердің өтуіне мүмкіндік беруі керек. Ал жол құрылысы жоспарға сәйкес келер жылы күзде бітеді. Яғни тауды кесіп өтетін жолды абаттандыру жұмыстары 2024 жылы аяқталады.
Кездесуге келген Қоғамдық кеңес мүшелері мен аудандық, облыстық мәслихаттардың депутаттары Сарыөзек – Көктал автожолының өзекті мәселелері – жолдың маңын тазарту, абаттандыру сынды жұмыстарды қаржыландыруға қатысты сұрақтарын қойып, лайықты жауап алды.
Парламент Сенатының депутаттарымен кездесуге келген «Алацем» зауытының жүргізушілері зауытқа шикізат жеткізіп берумен айналысатын «Ұлы Дала Жолы» ЖШС-ның оспадарсыз әрекетіне наразылығын жеткізді. Олардың айтуынша, Алтынемел асуынан жеткізілетін тасты серіктестік 20 тонналық жүк көліктеріне 40 тоннадан тиеуді міндеттеп, жол жүру қауіпсіздігін айрықша бұзып отыр. Осыған байланысты «Алацем» зауытының басшылығымен арнайы кездесіп, мәселені шешуді тапсыратынын жеткізген халық қалаулылары автожолды мерзімінде берудің қажетін ескертті.