Абай • 08 Тамыз, 2023

Хакім Абайдың данышпандық тұлғасы

317 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Абай дейтін хакім, данышпан кісі еді. Абай дейтін хакім, данышпан кісі еді. Әттең, туған жері қазақтың іші болғандықтан, қадірі азырақ білінді. 

Шәкәрім Құдайбердіұлы

Хакім Абайдың данышпандық тұлғасы

Ұлы ақын, ұлт поэзиясының кемең­гері, данышпан Абайды тану, түсініп оқу – адамзат баласының қолы оңайлықпен жете бермейтін рухани биіктікке алып баратын басқыштың бір баспалдағы. Мемлекет басшысы, Президентіміз Қ.Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасыр­дағы Қазақстан» атты тарихи мәні зор мақа­ла­сында былай деп атап көрсетті: «Ақын ел-жұртын түрлі өнерді игеруге үгіттеді. Соның бәрі уақыт талабы еке­нін ол анық аңғарып, ұлтына ертерек үн қатты. Тіпті қазір айтып жүрген интел­лек­туалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алды деуге болады. Ұлы ойшыл әр сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеді.

Абай қазақтың әр баласын ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеуге шақырды. Оның мұрасы – парасатты патриотизмнің мек­те­бі, елдікті қадірлеудің негізі. Сон­дық­тан азаматтарымыздың көзі ашық болсын десек, Абайды оқудан, ақын өлеңін жаттаудан жалықпаған жөн.

Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйре­нуі­міз­ керек. Ұлы ақын ұлтының кемшілігін қат­­ты сынаса да, тек бір ғана ойды – қаза­­ғын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұт­ты».

ХХІ ғасырда азат ел, тәуелсіз мемлекет болып тарих сахнасына шыққан қазақ хал­қы өз ұлтын Абайша сүйіп, өз халқын төр­ге шығарудың жолынан жаңылуға хақы жоқ.

Туған еліміздегі есік қағып тұрған Абай күніне орай ақын жайында, соның ішін­де ұлы ақынның данышпандығы жайында ой бөліссек.

«Хакім» – араб тілінен енген сөз, «данышпан», «дана адам», «әкім» деген ұғымдарды білдіреді. Соңғы уақытта «хакім» үлгісін тіпті сирек қолданады десек те болғандай, ал енді «әкім» санаға жақын, етене ұғым болып қалды. Хакім деген сөздің ұғымы, берер ғибадаты жайындағы жауапты хакім, дана адам Абай мұраларының өзінен іздедік және аз-кем таптық та. Хакім сөзі алғаш Абайдың Жиырма жетінші қарасөзінде кездеседі, яғни «Сократ хакімнің сөзі» деген қосымша түсінікпен берілген. Абай данышпан Сократты хаким деп бағалаған және осы қарасөздің терең мағынасына үңілсек, Сократ хаким мен Аристодим екеуінің арасындағы диалог арқылы ақыл ойдың қуаттылығы, ақыл-ойға ие болып отырған адамзат баласының артықшылығын дәріптейтін тағылымдар жеткілікті.

Данышпан Абай өзінің аса көлемді, ғылым-білім, имани ұғым, діни тәрбие жөніндегі терең толғаныстарын, олардың өзара сабақтастығын энциклопедиялық үлгіде түсіндіріп беретін Отыз сегізінші қарасөзінде хакім сөзін әлденеше рет қолданған. Ендігі ретте осы қарасөзде кездесетін хакім сөзінің қыр-сырына ақын өз мұраларына үңіле отырып ой жүгіртсек. «Хаким, ғалым – асылда бір сөз, бірақ ғарафта (арабша – білу, тану) басқалар дүр», деп бір түйсе, тағы бірде «Әрбір ғалым – хаким емес, әрбір хаким – ғалым. ...Хакимдердің ғақлияты бірлән жетсе, иман якини (шын иман) болады», деп одан әрі тереңдей түсіндіреді.

Кемеңгер тұлға хакімдік қасиетті жақ­сы­ адамның бойынан іздейді және ол тек сол жақсы адамның бойында ғана болады деп сипаттайды. Бұл пікірін ақын былай деп дәлелдейді: «Белгілі жәуанмәрттілік (жақсы адам) үш хаслат (пайда, сипат) бірлән болар деген сиддық (шындық), кәрәм (ізгілік), ғақыл (даналық)...

Бұл айтылмыш үш хасләттің иеле­рі­нің алды – пайғамбарлар, онан соң – әулиелер, онан соң – хакимдер, ең ақыры – кәміл мұсылмандар». Аңғарып қара­сақ, жақсы адамның бойында адамзат баласының бойындағы ең жақсы қасиет­тер – шындыққа жүгіну, ізгілікті болу, дана­лыққа жету екен, сонымен қатар атал­ған жақсы қасиеттердің кімге тән еке­нін де санамалап, яғни пайғамбарлар мен әулиелерде, хакімдер мен кәміл мұсыл­м­андарға тән екенін атап, айғақтап көр­сетеді.

Хакімдер жайлы айтылған келесі бір пікірі де өте құнды, олай дейтін себе­біміз хакімдік қасиеттің бойында білім, ғылымға деген құлшыныс, ізденістің айрықша мол болатынын былай деп түсіндіреді: «Бұл хакимдер ұйқы, тыныштық, әуес-қызықтың бәрін қойып, адам баласына пайдалы іс шығармақлығына, яғни электрияны тауып, аспаннан жайды бұрып алып, дүние­нің бір шетінен қазір жауап алып тұрып, от пен суға қайласын тауып, мың адам қыла алмастай қызметтер істе­тіп қойып тұрғандығы, уахсусан адам баласының ақыл-пікірін ұстартып, хақ пенен батылдықты айырмақты үйрет­кен­дігі – баршасы нафиғлық болған соң, біздің оларға міндеткерлігімізге дау жоқ». Адам баласының ақыл-ой, даныш­пан­дығын баянды ететін қасиет ғылым еке­нін түсіндіріп және жоғарыда айтылып өткен «әрбір ғалым – хаким емес, әрбір хаким – ғалым» деп келетін пікірін одан­ әрі тиянақтай түскен.

Данышпан Абайдың «Адаспай тура іздеген хакимдер болмаса, дүние ойран болар еді» деп келетін пікірінің сыры да тым тереңде жатыр. Жер бетіне өлім ұрығын шашып, қаншама қасірет-қайғы әкеліп жатқан оқиғалар мың-мыңдап саналады, дүниенің ойран ботқасын шығарып жатқандарды тура жолмен алып жүретін хакімдерге деген Абайдың сенімі зор екенін айқын аңғаруға болады.

Абай өзі өмір сүріп отырған қоғам­ның қасіретіне ұдайы назар аударып отырды, әсіресе надандық атаулымен аяусыз күресті. Осы Отыз сегізінші қара­сөзінде имандылық ұғым жайында айтқан пікірлерінің қай-қайсы болса да аса бір білімпаздықпен, тереңділікпен сараланған. Сондай-ақ көп пікірін хакім­дікпен байланыстыра отырып ой сабақ­та­ған, соның бір дәлелі ретінде Абайдың тағы бір рет өз пікіріне жүгінсек: «Бұл заман­ның моллалары хаким атына дұшпан болады. Бұлары білімсіздік, бәлки бұзық пиғыл...». Кең-байтақ қазақ даласына білім ұрығын шашып, иман­дылық нұрын септі деп санайтын молла­лардың хакімдік қасиетке қарсы әреке­ті­не ақын төзбейді, «білімсіздік», тіпті «бұзық пиғыл» деп қабылдайды. Қазақ бала­сының қолына хакімдік қасиет оңай келіп қонбағанын осы келтірілген ақын жазбаларының қай-қайсысынан да аңдауға болады. Ұлы Ақынның «мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма» деп айтуына себеп те, салдар да жеткілікті болды.

«Қазақтың бас ақыны – Абай Құнан­баев. Онан асқан бұрынғы-соңғы заман­да қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ», деп Ахмет Байтұрсынов атап­ көрсеткендей, қазіргі қазақ баласына ұлы ақын Абай шығармаларын тереңдете оқы­ту­дың мәні мен маңызы аса зор. Тәуелсіздікті баянды ету үшін, ел бірлігі мен ынтымағын сақтау жолында, ұлттық рух пен рухани танымды асқақ ұстау үшін Абай мұрасын оқытудың маңызын айтып жеткізу мүмкін емес.

Абайдың қарасөздеріндегі хакімдік қасиет және оның қазақ қоғамындағы тари­хи рөлі жайында біршама пікір сабақ­тап, түйінді ойларымызды ортаға сал­дық. Ал енді «Осы хакімдік ұғымы ақын жырларында кездесе ме, айтыла ма?» деген сұрақтар төңірегінде де ой бөліс­сек.

Әрине, ақын жырларында дәл жоға­ры­дағы қарасөздегідей тәптіштеп, арнайы анықтама беріп, хакімдікті түсіндірмейді, алайда сол қарасөздерінде айтылған хакімдік қасиеттің ақын өлеңдерінің көбінде поэзия тілімен өрнегін тауып,­ ойлы оқырманды даныш­­пандыққа, даналыққа, әкімдікке шақы­ра­тын шумақ­тар аз кездеспейді. Сол себепті де біз өз пікі­рі­мізді осы тұрғыдан да одан әрі жал­ғас­­тыра түскенді қажет деп таптық.

Абай жырларындағы хакімдік қасиет тура­лы толғамдар әрқашан терең ойға жетелейді. Ең алдымен Абай өмір сүрген қоғам­ның сыр-сипатына аз-кем анықтама бере кетсек.

ХІХ ғасырдың екінші жартысы қазақ халқының бұлқыну мен жұлқынудан кетіп, төңкеріс жасау мен көтерілістің бәрінен тауы шағыла жеңіліп, ендігі кезекте қылша мойнын бодандық қамытын киюге «өз еркімен» ұсынып тұрған алмағайып замана еді. Бұл дәуір халықтың жүген, ноқтаға көндігіп, ер тоқымын бауырына алып тулау түгілі, ауыздықпен алысудың өзі сиреп бара жатқан кез еді. Халық үшін данышпандық, даналық ұғым, хакімдік қасиеттің (қазіргі әкімдік) құны көк тиынға айналып қалған кезі болатын. Қазақ елінің ел билеу жүйесі де, ой ойлау жүйесі де орыс отаршылдарының қолына түгелге жуық өткен кезең болатын.

Ендігісі қандай жол еді, аңырап қалған халық қай жолмен жүру керек деген мәселе күн тәртібіне көлденең қойыл­ды. Осы және басқа сан алуан сұрақ­тың жауабын кемеңгер Абай жыр­ларынан іздедік.

Әрине, Абай өз жырларында даныш­пан­дық туралы трактаттар немесе хакім­дік, әкімдік институт қалыптастыру керек деген қағиданы жер-жаһанға жар салып айта алған жоқ. Ол кез ондай пікірді айту­дан кетіп қалған кезең болатын. Алайда Абайдың ұлылығы сол туған халқы­ның бойынан осы қасиеттерді іздеді, таба алмай күйінді, ең бастысы осындай қасиет­тің бар екенін және ол қасиеттердің қапы­сыз керек екенін ұқтырды, Абайдың Абай­лығы да, хакімдік қасиеті де осында.

Абайдың өзіміз іздеген тақырыптағы жырларына там-тұмдап болса да жақын келейік.

Ақынның 1986 жылы жазылған «Қар­тай­дық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» өле­ңін­дегі мына жолдар еріксіз назар аудартты:

«Ақылды қара қылды қырыққа бөлмек,

Әр нәрсеге өзіндей баға бермек.

Таразы да, қазы да өз бойында,

Наданның сүйенгені көп пен дүрмек», деп келетін терең мәні бар ақын жырының соңғы шумағы былай аяқталады екен:

«Қолдан келе бере ме жұрт меңгермек?

Адалдық, арамдықты кім теңгермек?!

Мақтан үшін қайратсыз болыс болмақ,

Иттей қор боп, өзіне сөз келтірмек».

Ақын ақылды адамның қасиетіне қатты көңіл бөледі, ақылдың таразысы, қазылығы үстем болса, наданның кімге сүйенерін тап басып көрсетеді. Одан әрі келтірілген жыр жолдарындағы ел билеу, ел меңгерудің оңай еместігін, яғни хакімдікке қолы жеткеннің адалдық пен арамдықты теңгере алатын қасиеті бар ма деген сұрақ қояды. Өкініштісі сол, «мақтан үшін қайратсыз болыс болмақ» сәнге айналған заманда қолдан келер қайрат қалмады.

Абай даналықтың, данышпандықтың кілті ғылымда деп түсіндірді. «Ғылым таппай мақтанба» өлеңі – осының айғағы. Көпке мәлім өлеңнің ойымызға тірек боларлық кейбір шумақтарына үңілсек:

«Болмасаң да ұқсап бақ,

Бір ғалымды көрсеңіз.

Ондай болмақ қайда деп

Айтпа ғылым сүйсеңіз.

Сізге ғылым кім берер,

Жанбай жатып сөнсеңіз?

Дүние де өзі, мал да өзі,

Ғылымға көңіл берсеңіз».

Ғылым-білім жайында айтылған ақын аманатының түйіні төмендегідей:

«Мұны жазған – білген құл,

Ғұламаһи Дауани,

Солай депті ол шыншыл.

Сөзін оқы және ойла...», деп аяқта­уы­ның да терең сыры бар. ХV ғасырда өмір сүрген тәжік халқының классик ақыны, философ Дауани Ғұламаһиді (Жала­ладдин Мұхаммад ибн Асхад ад-Дауани (1427-1501) еске алуы, сөзін оқып, ойлан­ деуі жай емес. Даналық мектебінде оқу, данышпандыққа жету оңай емес, ол үшін жас кезіңнен бас­тап оқы, білім ал деген өсиеттер ақын жырларында әр кез айты­лып отырады. Халық айтса қалт айтпай­ды, «оқу инемен құдық қазғандай», Абай да даналыққа барар жол, баспалдақ ғылым мен білім екенін сан рет ескертті.

Білімді болу, ғылымды игеру – да­ныш­­­­­­­пан­­­дыққа, кемеңгерлікке апаратын ақи­­қат­ жол. Осы тақырыпты тереңнен қоз­­­ғап жазған Абай өлеңдерінің бірі «Инте­­р­натта оқып жүр» өлеңі.

«Интернатта оқып жүр

Талай қазақ баласы –

Жаңа өспірім, көкөрім,

Бейне қолдың саласы», деп басталатын өлеңде білім алу мен білімді болудың арасындағы сан алуан қадір-қасиет жа­йында жеткізе жазды. Ақын жырларына үңілейік:

«Аз білгенін көпсінсе,

Көп қазаққа епсінсе,

Кімге тиер панасы?

Орыс теріс айтпайды

Жаман бол деп оларды.

Қаны бұзық өзі ойлар

Қу менен сұм боларды,

Орыста қалар жаласы», деп бір түйеді. Одан әрі:

«Ойында жоқ бірінің

Салтыков пен Толстой,

Я тілмаш, я адвокат

Болсам деген бәрінде ой,

Көңілінде жоқ санасы», дейді.

Білім-ғылым туралы сөз болғанда бағдарламалық рөл атқаратын осы өлең жайында академик, абайтанушы М.Әуезов айтқан келесі бір пікірлерге сүйене отырып, айтпақ ойымызды жалғастырсақ. «Бұл өлеңде cыншылдық та көп, қоғам үшін озғын ой да мол. Жаңа буынға басшы болған ақын патшалық сис­темасына да терең сын айтады. Тегінде, қазақ баласының ендігі талпынатыны тек орысша оқу екенін Абай бұрын да айтқан. Бірақ екі түрлі оқу бар...

Біріншісі – патшалық аппараты, өзіне тілмаш, ұсақ чиновник, ...әзірлеймін деп отырған шала шикі оқу. Бұған берілген жасты, Абай халыққа пайдалы емес, залалды адам боп шығады деп бағалайды. Оның бар талабы: прошение жазу, шала зәкүншік, шалағай төрешік болу. Өзі де азғын, елді де сорлатады. ...Бұндай оқушы болудан жирену керек. Ұсақ тілмаш, әлдеқандай адвокат, чиновник болсам деген арманда жүрген жаңағы жастарға Абай «Салтыков пен Толстойды» әдейі атап өтеді», дейді. Ұлы Абай озғын ойлы данышпан тұлғаларды жайдан-жай еске алмағанын Әуезов тап басып көрсетіп отыр. Абай өмір сүрген қоғамда қазақ баласына данышпандыққа жету тым оңай болған жоқ, тіпті оқу-тоқудың соңына түскендердің дені «прошение жазу, шала зәкүншік, шалағай төрешік болу» секілді қасиетсіз жолды таңдап жатқанда не үміт, не қайыр тілейсің.

ХХ ғасырдың бас кезінде-ақ данышпан Абайды «Қазақтың бас ақыны» деп таныған және осы ұғымды қалың қазақ баласының санасына сіңіруге бар күш-жігерін жұмсаған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов былай дейді: «Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы боларға керек. Сөздің шырайлы ажарлы болуына ойдың шеберлігі керек; ұнамды, орынды, дәмді болуына сыншылық керек; мағыналы, маңызды болуына білім керек. Абайда осы үшеуі де болған». А.Байтұрсынов та кемеңгер тұлға болудағы басты өлшемнің бірі білім екенін және ондай қасиет ақын бо­йында жазушылық, сыншылық өнермен ұштасып жатқанын айғақтай түседі.

Шын мәнінде, данышпан «Абай шығармаларының мағынасын терең бойлап ұғып, түсіне алсақ, өткен заманды, елдің жайын, халықтың тағдырын, ой-арманын тани аламыз. Және сол арқылы қазіргі заманды, кешегі мен бүгінгіні, келешегімізді де бағдарлаймыз». Бұл ақиқатқа ешбір күмән келтіруге болмайды.

Абай және хакімдік қасиет жайына қайта назар аударсақ. Қазақ елінің бодандық қамытына белінен батқан кезінде өмір сүрген ақын жырларында әкімдік деген ұғымдар жоқтың қасы. «Сәулең болса кеудеңде» өлеңінде айтқандай: «Единица – жақсысы, Ерген елі бейне нөл» жағдайына жеткен болатын, сол себепті де ақын одан әрі: «Единица кеткенде, Не болады өңкей нөл?» деп сұрақ қоятын, мұңға батқан ақын:

«...Сөзімді ұғар елім жоқ.

Моласындай бақсының

Жалғыз қалдым – тап шыным», деп қатты күңіренетін.

Абай ақын орыс тіліндегі «единица» сөзін термин ретінде дерліктей жай ғана қолданып отырған жоқ, қазақы ұғымдағы жеке, дара мағынасын беретін сөздің аудармасын саналы түрде алмауы, «не болады өңкей нөл?» деп сұрақ қоюының астарында, ішкі сырында терең ой жатыр. Қазақ баласының бойындағы даралық, данышпандық қасиеттің жойылып бара жатқаны, сол себепті де «өңкей нөлдердің» аренаға шығуы бұл кезде жанға бататын жағдай болып қалған еді, бақсының моласындай жалғыз қалған ақынның жандүниесін түсіну сол кезде де, қазір де оңай болмай тұр. «Нөл» көбейіп кеткен заманның қасіретін ақын аз тартпады, жалғыз қалған ол сөзін ұғар елі жоғына күйінді...

Туған халқының бойынан даныш­пан­дық пен даналықты, әкімдік пен хакімдік қасиеттің ауып бара жатқанына жаны ауырған кемеңгер енді бірде «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», деп күңіренді, сол себепті де жоғарыда айтылған «нөл­дер­дің» әрекетін:

«...Бас-басына би болған өңкей қиқым

Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын...», деп түсіндірді. Ақын жырларында айтыл­ған «қиқымдардың» би болғысы ғана емес, әкім болғысы келетіндері мол, сөйтіп ел­дің сиқын алады. Бұл әрекеттерден әлі де арылып болған жоқпыз, Абайдың Абайлық құдіреті де осында.

Данышпандыққа барар жолдың ­соқ­пағы білімпаздықтан бастау алады. Сол себепті ақын өзінің көпте­ген өлеңінде білімді, білімпаздық­ты, білімділікті арқау етіп отыр­ды. «Білімдіден шыққан сөз, Талап­тыға болсын кез» деп тіледі.

Демек саналы ғұмырын, жыр жау­һа­рын «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп өсиет еткен ұлы ақын, кемеңгер хакім Абай жайындағы айтпақ ойымызды «бар қазақтың жүрегіне жол тапқан» жазушы әрі ғалым Сәбит Мұқановтың «Данышпандардың бәрі – ақын емес, ақын­дардың бәрі – данышпан емес, Абай – солар­дың екеуі де болды» деген пікірімен нақты­лай түскіміз келеді. Айтылған пікір – хакім Абай­дың­ данышпандық образының жар­қын бет­те­рін аша түседі. Бұл пікірді тағы бір пікір­мен­ толықтырудың, сабақ­тас­ты­рудың өзі артық дүние.

Қорыта келгенде, Мемлекет басшы­сы­ның атап көрсеткеніндей: «Абай арманы – халық арманы. Халық арманы мен аманатын орындау жолында аян­ба­ғанымыз абзал. Абайдың өсиет-өнегесі ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанды осындай биіктерге жетелейді». Абай арманы мен халық арманы үндестік тауып, хакім Абайдың данышпандық тұлғасынан, қадір-қасиетінен нәр алған қазақ халқы Әділетті Қазақстан құру аманатын адал әрі абыроймен орындайды.

 

Нариман НҰРПЕЙІСОВ,

филология ғылымдарының

кандидаты, доцент