Ақтауда 3-8 тамыз аралығында Маңғыстау облысы әкімдігінің, Оқу-ағарту министрлігі, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, Халықаралық және Қазақстан Шахмат федерацияларының ұйымдастыруымен World Schools Team Championship додасы өтті. «Freedom Holding Corp» компаниясының бас серіктес және демеуші болуымен өткен шахматшылар сайысына ТМД елдерінен, Африка, Оңтүстік Америка, Еуропа және Азия елдерінен мектеп командалары қатысты.
Сайыстың басты ерекшелігі – кәсіби шахматшылар немесе шахмат үйірмесі мен секциясының тәрбиеленушілері емес, шахматты жақсы көретін қарапайым мектеп оқушылары қатысуында. Әуесқой шахматшылардың чемпионаты 12 жасқа және 18 жасқа дейінгі санаттарда өтіп, оған 50 елден 400-ден аса сайыскер қатысты.
Қазақстан намысын Ақтау қаласындағы It мектеп-лицейі мен Н.Марабаев атындағы №7 мектеп-лицейі, Алматы қаласындағы М.Ганди атындағы №92 мамандандырылған лицейі мен Республикалық физика-математика мектебі, физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі, Астанадан №72 мектеп-лицейі мен республикалық физика-математика мектебі және Атырау қаласындағы «Білім-Инновация» облыстық лицей-интернаты, Павлодардан дарынды балаларға арналған мектеп-лицей, Шымкенттен Ө.Жолдасбеков атындағы №9 IT-лицейі оқушылары қорғады.
4 тамызда Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимаратында ашылған турнир төрт күн бойы «Halyk Arena» кешенінде өтті. Парагвай, Перу, Мадагаскар, Үндістан, Украина, Түркия, Грузия, Қытай секілді әр түкпірдегі елдерден жиылған жасөспірімдердің жарысқа көтеріңкі көңіл күймен, өзара достық ниетпен араласып, тәжірибе алмасуына ықпал ететін сайысты жоғары деңгейде ұйымдастыруға назар аударылды.
– Ақтауда өткен күндер балалардың жадында мәңгі сақталатындай жағдай жасағымыз келеді. Қатысушылар бір-бірімен араласып, міндетті түрде достар табады, тәжірибе алмасады. Ал біз чемпионаттың жоғары деңгейде өтуіне жан-жақты қолдау көрсетеміз. Жарыстың негізгі мақсаты – зейінді, білімді, ерік-жігерді қажет ететін бұл спорт түрін насихаттау. Ақтау түрлі деңгейдегі қонақтарды қабылдауға дайын. 2018 жылы Каспий маңындағы бес елдің президенттерін қабылдадық. Сондықтан кез келген адамды қабылдауға мүмкіндігіміз бар, – деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Ақтауға аптап ыстықта бірнеше күн жүріп жеткен сайыскерлерді те шахмат сайысына қатыстырып қоймай, алдын ала бірнеше спорттық-мәдени шара өткізілді, қаланы аралатып, теңізге апарды. «Жас қанат» стадионында ақтаулық «Каспий» командасының ойыншылары турнирге қатысушыларға шеберлік сыныбын өткізді, шахматшылар «Каспий» баскетбол клубының жаттығуына қатысып, кәсіпқой баскетболшылармен жолдастық матчтар ойнады, сондай-ақ облыстық музейді аралап, сурет салу фестивалі және жағажайдағы спорттық жарыстарға қатысты, шахматтан кәсіби мамандардан тәжірибе жинады.
– Ұйымдастырушылардың футбол мерекесін ұйымдастырғаны тамаша болды. Балалар достасып, футбол ойнауға мүмкіндік алды. Деңгей – жақсы. Бастысы, барлығы бір-бірімен араласып, арқа-жарқа болып жатыр. Шахматшы үшін физикалық дайындық өте маңызды, бірнеше сағат бойы тақтаға телміру үлкен күш-қуатты қажет етеді. Жақсы дене дайындығының болуы өте маңызды. Еліміз кейінгі айларда шахмат астаналарының біріне айналды. Шахматтың маңызы артып келе жатқанына қуаныштымын. Мұнда тұратын адамдар жақсы білім алып жатыр, инфрақұрылым дамуда. Демек, мемлекет дұрыс бағытта келе жатыр. Біз Қазақстанның шахмат федерациясымен қоян-қолтық жұмыс істейміз. Мектептер арасында өтіп отырған әлем чемпионаты алғашқысы емес, мұндай турнирлер өткізіліп келеді, бірақ тұрақты дәстүрге айналмады. Ондаған елдің қатысуымен өтетін мұндай чемпионат тұрақты түрде өтіп отырғанын қалаймыз, – деді Халықаралық шахмат федерациясының (fide) президенті Аркадий Дворкович.
Сайыс бірден қыза жөнелді, әр елден келген әуесқой шахматшылар дегеннен туған елінің намысы үшін есені жібермеуге күш салды. Екінші ойын күні оқушылар тағы екі тур ойнап, нәтижесінде, ұпай айырмашылығының алшақтығы айқынырақ бола түсті. Төртінші турдың қорытындысы бойынша кесте айтарлықтай өзгерді. 27 команда қатысқан кіші топта Үндістан командасы көш бастаса, Астана қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің оқушылары олармен үзеңгі қағыстыра алды. Польша шахматшылары үздік үштікті тұйықтаса, Астана қаласының №72 мектебінің өкілдері 4-орынды місе тұтты. Тағы үш команда – Павлодар қаласынан келген дарынды балаларға арналған мектеп-лицей, Шымкент қаласынан қатысушы Ө.Жолдасбеков атындағы № 9 IT-лицей, Ақтау қаласынан қатысқан Н.Марабаев атындағы №7 мектеп-лицей шахматшылары сәйкесінше 9-11-орындарға жайғасқан.
Ал 43 команда қатысқан 18 жасқа дейінгі санатта Түркиядан келген Ыстанбұл ENKA мектебінің оқушылары алғашқы жетістігінен жылжымай, көш бастады. 2-орынды Үндістан командасы иеленсе, үздік үштікті Перу құрамасы түйіндеді. Бұл күні Алматы қаласының Республикалық физика-математика мектебінің командасы 4-орында, Алматы қаласының М.Ганди атындағы №92 мамандандырылған лицейі 13-орында, ал Атыраудан келген «Білім-Инновация» облыстық лицей-интернаты 19-орында болса, Алматы қаласының физика-математика бағытындағы НЗМ балалары 28-орында, ал Ақтау қаласының ІТ мектеп-лицейінің өкілдері 39-орында болды.
Төрт күнге созылған аламан аяқталып, қарт Каспий жағалауындағы амфитеатрда қорытындысы жарияланып, жүлдегерлер марапатталды.
– Бірнеше күнге созылған Халықаралық шахмат турнирі аяқталды. Бұл стратегиялық маңызды жарыста біздің оқушылар өздерінің тапқырлығын, терең білімі мен коммуникациялық машықтарының жоғары екенін көрсетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада шахматтан әлем чемпионатының ашылуында «Шахмат – бұл адам санасын шыңдайтын спорт» деген еді. Бұл интеллектті дамытатын қызықты ойын ғана емес, сонымен қатар адамның ойлауына оң әсер ететін құнды құрал іспеттес. Осы спорт түрімен айналыса отырып, біздің жасөспірім балаларымыз тапқырлығы мен шығармашылығын шыңдайды, сондай-ақ өз қатарына үлгі болады, деген аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев болашақта Ақтауда осындай турнирлер жиі өтетінін атап өтті.
Сайыс нәтижесінде 12 жасқа дейінгі кші топта Үндістаннан келген «Velammal MHS Mogappair» мектеп оқушылары барлық сегіз матчта жеңіске жетті. 2-орын және күміс медаль Украинаның Львов қаласынан келген «Lviv Academic Gymnasium» командасына берілді. 3-орынға бірден бес команда үміткер болса, оның төртеуі – Қазақстаннан. Қола жүлдегерлер қосымша көрсеткіштер бойынша анықталды. Нәтижесінде, медальдарды Астана қаласының Республикалық физика-математика мектебінен Аланбек Жайназаров, Әмір Жүкенов, Мирас Хасенов, Айсұлтан Анетов алды. Ал 18 жасқа дейінгі үлкен топта турнир аяқталуға бір күн қалғанда ыстанбұлдық «Istanbul ENKA High School» мектебінің шахматшылары алтын медальға қол жеткізді.
Еліміздің шахматшылары чемпионаттың соңғы күніне дейін тек 7-орынға ие болып келсе, соңғы күні бар күш-жігерін жұмсаудың арқасында алматылық РФММ күміс алды. Олардың
7 және 8-турдағы екі жеңісі, командалық ұпай бойынша Үндістан командасымен теңесуге, ал қосымша көрсеткіштер бойынша қарсыластарынан басым түсуге ықпал етті. Күміс жүлдегерлер қатарында Эдгар Мамедов, Иманғали Ақылбай, Әмір Иген, Зарина Нұрғалиева, Әлихан Дәулет бар. Осылайша, «Velammal Vidyalaya alapakkam» және «Chennai» Үндістан мектебінің оқушылары қола медаль алады. Нақты айтқанда, қазақстандық оқушылар шахматтан әлем чемпионатында күміс пен қола жүлделерді
иеленді.
– Бүгін мұнда әлемнің 50-ден аса елінен ондаған команда жиналды. Бұл бүкіл әлемдегі шахмат қозғалысының керемет танымалдылығын және Қазақстанның әлемдік шахматқа әсер ете алатынын көрсетті. Турнир жүздеген жас шахматшының мансабындағы алғашқы нүкте болғанына сенімдімін. Сондай-ақ мұнда олар жаңа достар мен пікірлестер тауып қана қоймай, Ақтаудың сұлулығынан ләззат алып, қазақ мәдениетін жақынырақ тани түскеніне күмәнім жоқ, деген Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов шахматтың маңыздылығын және оның бүкіл әлемде танымалдылығын айтып, барлық қатысушының келешегіне сәттілік тіледі.
Шахмат сайысында үндістандықтармен «айқасып», жұлдызы жарқырап алда келген, яғни топтық есепте 1-орын алған түрік командасының ойыншысы Ишик Джан «чемпионат барлық қатысушы үшін үлкен шахмат мерекесі болды. Мұндай жарқын әсерді бұрын-соңды шахмат іс-шараларында кездестірмедім. Чемпионат өте жоғары деңгейде өтті», деп өз әсерін жеткізді.
Спортта, өнерде болсын кәсіби маман әуесқойлықтан басталады. Шахматта болашақ жүйріктерді даярлау үшін жастарды қызықтыру аса маңызды. Ақтауда өткен чемпионат осы тұрғыда өз мақсатына жетті, небір талантты жастар танылды, іріктелді. Каспий жағасында от шашулатып аяқталған сайыс талай жасөспірімнің жүрегіне ұшқын тастады деп есептейміз. Бұл жолы елімізге күміс пен қоланы сыйлаған жасөспірімдердің болашақта алтынмен апталған небір қомақты жүлделерді еншілейтіні анық.