Әскер • 09 Тамыз, 2023

Әскери қызметшілер батырдың 101 жылдығына орай 10,1 шақырым жүгіреді

210 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Астана» триатлон паркінде екі мәрте Кеңес Одағының Батыры авиация генерал-майоры Талғат Бигелдиновтың туғанына 101 жыл толуына арналған жарыс өтеді. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің ресми сайтында хабарланды, деп жазады Egemen.kz.

Әскери қызметшілер батырдың 101 жылдығына орай 10,1 шақырым жүгіреді

Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми сайты

«Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің спорттық шара өткізу туралы бастамасын Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұлан және Астана әкімдігі қолдады.

«Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған жалғыз қазақ Талғат Бигелдинов көзі тірісінде-ақ аңызға айналды. Біз «101 жыл – 10,1 км» жарысы қазақстандықтар үшін жақсы месседж боларына сенеміз және шараға белсене қатысады деп ойлаймыз», деп ұйымдастырушылар тарапы жарысқа  кәсіпқойларды ғана емес, әуесқой жүгірушілерді де шақырғандықтарын аңдатпада атап айтқан. 

Салтанатты ашылу рәсімі Қарулы күштер әскери қызметшілерінің, ҰҚК Шекара қызметінің және Ұлттық ұланның салтанатты сап түзеуімен басталады. 

Қорғаныс министрлігінің әскери ансамбльдері, Ұлттық ұлан, елорданың шығармашылық ұжымдары және құрмет қарауыл ротасының дефилесі шара аясында өнер көрсетеді. Оған қоса жәрмеңке ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Талғат Жақыпбекұлы Бигелдинов жауынгерлік жолын қатардағы ұшқыш болып бастап, соғысты гвардиялық авиаполк эскадрильясының командирі ретінде аяқтағаны мәлім. Соғыс жылдары шабуылдаушы Ил-2 ұшағымен аса күрделі һәм жауапты тапсырмаларды орындаған шақтарда жарақат алған ол бірнеше мәрте ажал апанынан аман шыққан.

Жеңіс жолында өз өмірін талай мәрте қатерге тіккен Талғат Бигелдиновтың ерліктері Қазақстан тарихында мәңгілік қалары анық. Аты аңызға айналған ұшқыштың құрметіне арнап осындай шара өткізу Ұлы Отан соғысы батырларын жадымызда жаңғыртып, ұрпаққа өнеге етудің ажырамас байланысын айғақтаса керек.