Абай • 10 Тамыз, 2023

«Абайды әркім әртүрлі салады»

976 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Осы күні Абайдың түрлі портретін де, ескерткіштерін де көп көріп жүрміз. Бірақ сол біз көрген Абайдың образы ақынның шын бейнесіне ұқсай ма – білмейміз... Хакімнің туған күні қарсаңында Суретшілер одағының мүшесі
Нұрбұлан Өтепбаевпен бейнелеу өнеріндегі Абайдың шынайы болмысы хақында әңгімелескен едік. 

«Абайды әркім әртүрлі салады»

Абай

– Абайға арнап қанша сурет сал­дыңыз?

– «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінде Абайдың екі түпнұс­қа фотосуреті сақталған. Бірінші суретте Абайдың Ділдәдан туған тұң­ғыш баласы Ақылбай және Абайдың өзі, Әйгерімнен туған ұлы Тұрағұл. Сурет 1896 жылы Семей қаласында түсірілген. Фотограф – Н.Г.Кузнецов. Екіншісі – Абайдың отбасымен 1903 жылы түскен суреті. Мұнда Абай өзі­нің Жидебайдағы үй ішімен түскен қалпында бейнеленген. Бірінші қатарда Пәкизат – бөрік киіп отырған қыз бала мен Әубәкір. Бұл екеуі – Ақылбайдың балалары. Оспан бұл екеуін бауырына салып өсіріп, өз баласы ретінде көрген. Ортада отырған – Абай. Екінші қатарда – Мағауия, Еркежан және Әубәкірдің әйелі Камалия. Алдың­ғы қатарда отырған – Тұрағұл. Бұл суреттерді музейге Мұхтар Әуезов тапсырған. Мен сол түпнұсқа фотосуретке қарап, Абайды, балалары – Ақылбай мен Тұрағұлды салдым. Абай музейі қорында «Шәкір Әбенұлы», «Шыңғыстау», «Жазира», «Мұхтар Әуезов», «Ахат Құдайбердиев», «Абай Құнанбаев», «Шәкәрім Құдай­бердіұлы», «Кәкітай Ысқақов», «Ақыл­бай Құнан­баев», «Мағауия Құнанбаев», «Әу­бәкір Ақылбайұлы», «Көкбай Жана­тайұлы», «Әсет Найманбаев», «Әріп Тәңірбергенов», «Бөрілі», «Еңлік-Кебек зираты», басқа да кар­тина­­ларым тұр.

Абайдың ұлы Ақылбай

Абайдың ұлы Ақылбай

– Абай әлеміне қалай келдіңіз?

– Абай маған да, менің отбасыма да бөтен емес. Абай туған топырақта өстік. Әкем тоғыз жасында Абайды көріпті. «Бойшаң, толық, сұрлау, жанары өңменіңнен өтетін өткір көзді адам еді» деп отыратыны есімде. Әкем мен ес білгеннен Абайдың кітапта­рын үнемі оқып жүрді. Сырты майланып кеткен көне кітап еді ол. Қазір үй­­де сақтаулы. Сол кітапты жатса да, тұр­са да жанынан тастамайтын. Ке­зін­­де Көкбайдың «Сабалақ» дастанын жатқа айтып отырып жаздырды. Әкем 1940 жылы мұражайға Абайдың бәйбішесі Ділдә­нің төсегін тапсырған. Қолындағы актісін­де бәрі жазылған. Бұл туралы дерек Кеңес энциклопедиясына да енгізіл­ген. Ал шешем тобықты ішіндегі көтібақ Имахан ақсақалдың кенже қарында­сы Күнімбала деген кісі. Алаша тоқу, сыр­мақ, түскиіз басу­­дың асқан шебері еді. Күләзия деген апайымыз, тағы бір апайымыз бар, үшеуі 1945 жылы Абайдың бей­несін кілемге тоқыған екен. Мені қын­жылтатыны – Абай­дың бейне образын суретшілер қандай ракурста салса да, оның бет әлпеті, шын кескіні айқын болуға тиіс. Қазақстан баспаларын­да Абайдың фото­суреттері жеткілікті және кең тара­ған. Бірақ сол фотосуреттер Абай­­дың бейнесін тұпнұсқа­дай анық бере алып жүр ме? Себебі әртүрлі бас­паларда қайталанып түсіріле бере­ді және компьютерде өңделеді, көп­теген суреттері ретушталған, яғни өң­делген, кейбірі мүлдем өзгеріске ұшы­­раған. Осындай суреттерден Абай­­дың анық кескінін көріп елестету де оңайға соқпайды. Менің ойымша, деректі құжаттарды, не суреттер­ді өңдеуге мүлдем болмайды. Тарихи құжат­тарды сол алғашқы қалпында сақ­тау келешек ұрпақтың зерттеуіне мол мағлұмат береді. Бірнеше жыл бойы Абайға байланысты картиналарды, фотосуреттерді зерттеп, ақынның кейіп-кескінін анықтап білуді мақсат еттім. Ұлы ақын туып-өскен жерлер­ді зерттеп бейнеледім. Қасқабұлақ ­ауылында тұрдым, еңбек еттім. Ауыл ақса­қалдарының әңгімелерін тың­дап, мәліметтер жинастырдым. Мені Абай­дың реалистік бейнесі, ақынның ұлт­тық кейпі мен мінезі ойлан­дыр­ды. Абайдың портрет суреттерін бірнеше қайталап бейнеледім. Оның көпші­лігі жеке жинақтаушылардың қолын­да сақтаулы. Жылдар өткен сайын Қазақстан бейнелеу өнерінде жасалған кар­тиналардағы Абай образы, кескіні көрерменге үйреншікті болып кеткені рас. Әрине, адамның кейіп-кескіні күніне өзгеріске ұшырай береді, бірақ сол құбылмалы құбылыстан су­ретші мін таппайтындай кескін жасап шыққа­ны абзал. Ол жай ғана ұқсастық емес, жарқын бейне, мінездік кейіп, образдың біртұтастығы…

2019 жылы Абайдың екі баласымен түскен фотосуретін негізге ала отырып, ақынның графикалық портретін бірнеше қайталап бердім. Әрине, Абай образын жасау, оның тұңғиық жанына үңілу өте күрделі болды. Түпнұсқа фотосуретті лупамен қарап отырып, жұмыс істедім. Дегенмен графикалық суретке мұқият қарасаңыз, сіз одан Абайдың кейіп-кескінін, шындықты аңғарасыз. Ол иконографикалық порт­ретті ақынның 175 жылдығына сый ретінде музейге тарту еттім.

– Иә, Абайды әркім әртүрлі салады. Біреу дерекке, біреу Әуезовке, енді біреу өлеңдегі Абайға сүйенеді. Сіздің Абай қандай? Жалпы, бізде ақынның біртұтас образын жасау үшін мәлімет жеткілікті ме?

– Абайдың қазір салынып жатқан суреттері бір-біріне ұқсамайды. Ба­жай­лап қарасаңыз, портреттерінде қа­те­ліктер кеткен. Мысалы, ақынның сақа­лы шашына дейін бар. «Бакенбарды» дейді ғой, соны қырмайды – сақал қойғанда шашқа дейін жібереді. Көп суреттегідей иегінің астында ғана шоқшиып тұрмаған. Мен соны түзе­тіп салдым. Сосын Абайдың сол көзі сығырайып, қысыңқы келеді. Мұр­нының сол жақ тесігі үлкендеу. Осын­дай детальдарды нақпа-нақ суреттедім. Түпнұсқаны лупамен қарап отырып, өзінің шын бейнесін дәлме-дәл салуға тырыстым. Тұлға бейнесін суреттегенде ойша салу деген дұрыс емес. Мендегі мақсат – келешек ұрпаққа хакімнің шын бет-бейнесін қалдыру болды. Абайдың қайталанбайтын біртұтас образын жасау үшін қазір жеткілікті мәлімет бар. Бірақ әлі де іс жүзінде ғылыми зерттелген еңбектер жоқтың қасы. Абай образын бейнелеу өнерінде теориялық мағынасын түсіндіру де шешілмеген мәселе. 1887 жылы натурадан салған жалғыз түпнұсқа суретті (П.Лобановский салған) және Абай­дың фотосуреттерін негізге ала отырып, өнердің барлық жанрында біртұ­тас көркем образ нұсқасын қалыптас­ты­ру да қолға алынбаған. Әрине, еліміз­дің бейнелеу өнерінде Абай образына қатысты еңбектер жоқ деп айта алмай­мыз. Данышпан Абайдың образын жасауға бірқатар әйгілі суретшілер мен мүсіншілер үлес қосқан. Мы­салы, Н.Крутильников, Ә.Қастеев, Л.Леон­тьева, Н.Нұрмұхамбетов, Е.Сидоркин, Қ.Телжанов, А.Рахманов, И.Исабеков, К.Каметов, А.Ғалымбаева, Р.Есіркеев, Х.Наурызбаев, Д.Элбакизде.

– Абай балаларының да суретін салдыңыз. Әсіресе кімнің образын жасау қиынға соқты?

– Балаларының фотосуреттері бол­ғандықтан аса қиынға соққан жоқ. Тек Әбдірахманды салғанда кішкене қиналдым. Мағауияның фотосуреті де анық емес, сондықтан оның суретін салу ауырлау болды.

– Абайға, оның әулетіне арналған портреттерді шығармашылық орта қалай қабылдады?

– Суретшілер жақсы бағасын бер­ді. Түпнұсқадан алыс кетпегеніме көздері жетті. Енді суретшілерге де осы түпнұсқаға қарап салу қажеттігін айтып жүрмін. Алматыда сувенир шы­ға­ратын орталық өкілдері хабарласып, мен салған Абай суреттерін сұ­рап алды. Жалпы, Абайдың да­ныш­пандығы уақыт кеңістігімен сы­налған. Ол бірінші болып қазақ дала­сында Пушкиннің, Лермонтовтың, Толс­той­дың, Крыловтың шығармаларын аударды. Мысалы, сол Лермонтовтың көзі тірісінде салынған портреттерінің 15-і осы күнге дейін жеткен. Сол портреттердің жеке біреуінен кемеңгер ақынның сыртқы кескінінен оның көп­қырлы ішкі әлемін жеткілікті елестету мүмкін емес. Десек те білікті кәсіби суретшілердің жасаған портреттерінен (Ф.О.Будкин, П.Е.Заболотский, А.И.Клюн­дер, К.А.Горбунов) Лер­мон­товтың нақты бейнесін елесте­туі­мізге әбден болады. Гетенің де бей­нелеу өнеріндегі портреттері өте көп. Ұлы ақынның бет әлпеті, кес­­­кіні осы күнге дейін зерттелуде. Мы­салы, зерттеуші эксперт-фи­зио­­номист Михаэль Хейтль ұзақ уақыт компьютерлік томографияның көме­гі­мен зерттеу жүр­гізген. Гетенің көзі тірісінде мүсінші Готтлоб Вайсер (1780-1815) алған бет әлпетінің гипс маскасы ақынның дәлме-дәл кескінін бере алады деген шешімге келген. Ал бізде суретшілер Абай образын өз­дерінің жеке тәжірибесіне сүйеніп немесе болымсыз материалдарды ғана қанағат қылып туындылар жасай­ды. Сондай кәсіби суретшілердің де шы­ғармашылық картиналары жет­кі­лікті. П.Д.Лобановскийдің натура­дан қарындашпен салған жалғыз суреті Семейдің Абай музейі қорында сақтаулы тұр. Ол кезде Абай 42 жаста болған. Шашы өсіңкіреген, қара шашты, жақ сүйектері шығыңқы, сақалы да сондай ұзын емес.

– Суретті салмас бұрын тыңғы­лық­ты зерттедім дедіңіз. Абайды кім арқылы жақсы таныдыңыз?

– Ең алдымен, ақынның Алматы­дағы ескерткішіне қарадым. Абайға келіңкірегенімен, дәлме-дәл ұқсамай­ды. Ол биікте тұрған соң бізге ұқсай­тындай болып көрінеді. Бірақ, елімізде суретшілер әлі Абайдың нақ образын келтіре алмай жүр. Оның ішінде бел­гілі суретшілер де бар, мүсіншілер де бар. Кейінгі жылдары Абайдың ес­керт­кіштері тіпті көбейіп кетті ғой. Абайға шын ұқсаған ешқайсысы жоқ. Қазір ескерткіш жасау науқанға айналды. Ескерткіштердің тағдырын тендер шешетін болды. Әсіресе бұл үрдіс мерей­тойлар аясында күрт көбейеді. Елі­мізде Абайдың сәтті шыққан ес­керт­кіштері көп емес. Семейде ашыл­ған Абай мен балаларына арналған ескерткіште суретші көбірек ұқсата біл­ді. Одан бұрынғы Семейде тұр­ған грузин Элбакизденің жасаған ескерт­кіші де жақсы. Алматыдағы және Астана­дағы Абай да тәуір жасалған. Жалпы, тұлғаларға арналған кез келген өнер туындысы сыннан өту керек. Ұлт зиялыларына арналған картиналар мен ескерткіштерді қадағалап, бағалап, іріктеп отыратын арнайы комиссия жұмыс істеуі керек.

– Әңгімеңізге рахмет.