Экономика • 10 Тамыз, 2023

Арзан шетелдік тауардың арбауы

177 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ресейден «тағдыр айдап» келген өнім отандық та­уар өндірушілерді тығырыққа тіреуде. Биылғы сәуір-тамыз аралығында арпа, кебек, зығыр, күнбағыс, жұмыртқа, қант, өсімдік майы елімізге көптеп ағылған. Оған қоса импорт тауарлардың орташа өзіндік құны да айтарлықтай төмен.

Арзан шетелдік тауардың арбауы

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Арзан импорттың ұлғаюына ресейлік тауарлар үшін сыртқы нарықтың тарылуы мен рубль бағамының теңгеге теңгерімінде төмендеуі себеп болып отыр. Соған сай көрші елдің тауарларына сұраныстың артатыны түсінікті. Салалық қауымдастықтарды алаңдатқан бұл мәселе «Аmanat» партия­сы­ның Экономика, кәсіпкерлік және аграр­лық секторды дамыту жөніндегі аймақ­тық кеңестерінің кеңейтілген отырысында талқыланды. Партия хатшысы­ Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша, елімізде азық-түлік тауарларын өндіруге қажетті құрам­дас бөліктер қымбаттап барады. Яғни қарыз мөлшерінің, электр қуатының, жанар-жағармайдың, тұқымның, ауыл шаруа­шылығы техникасының құны, жемшөп бағасы, өсімдіктерді қорғау амалдарының шығыны көршінікінен әлдеқайда қымбат. Нәтижесінде отандық өндірушілер арзан импорттың құрсауында қалып отыр.

Қазір бұл елден тауар, азық-түлік, оның ішінде ауыл шаруашылығы шикізатын жеткізу үрдісі үдеп барады. Мәселен, Қостанай облыстық партия филиалының өкілі Данияр Нұрпейісовтің айтуынша, еліміздегі сүт зауыттары өз кәсіпкерлеріміздің өнімін сатып алудан бас тартып жатыр. Өйткені ресейлік сүттің бағасы айтарлықтай арзан.

Сүт өндірушілердің басындағы жағдай астық өндірушілерге де қатысты. «Қазақстанның астық одағы» ЗТБ төрағасы Нұрлан Оспанов отандық тауар өндірушілерді қорғайтын ықпалды шараның жоқтығына қынжылады. «Әлемде астық бағасы құлдырап кеткен жағдайда өзге елдердің үкіметтері ішкі бағаны отандық астық өндірушілерге қолайлы деңгейде ұстап тұру үшін импортты шектеу жөнінде шара қабылдайды. Өкінішке қарай, Ресей астығы арзан бағамен импортталып жатыр. Заңсыз жолмен жеткізіліп жатқаны да бар. Ал оны тәптіштеп қадағалап, бақылап жатқан ешкім жоқ. Сапасы арнайы сараптамадан
өтпеген дәнді-дақылдар, түптеп келгенде, халықтың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін», дейді ол.

Бұл ретте бірлестік төрағасы Ресейден жеткізілетін жұмсақ бидайды жүк көлігімен тасымалдауға 10 қазаннан бастап шектеу қою мерзімін ұзартуды, 1 қыркүйектен бастап жұмсақ бидай мен күнбағыс дәнін жүк көлігімен тасымалдау арқылы экспорттауды тоқтатуды ұсынды.

«Еліміздің солтүстік өңіріне жүк көліктері арқылы импортталған астық кейін вагондарға тиеліп, оңтүстік аймақтар арқылы өзге елдерге экспортталады. Сондай-ақ 1 қыркүйектен бастап бидай мен күнбағыс дәнін импорттауға тарифтік емес квоталар енгізу қажет. Квота көлемі әрбір алушы үшін оның астықты өңдеу немесе құс жұмыртқасын (етін) өндіру жөніндегі паспорттық қуатының 30%-ынан аспайтын есебінен айқындалуға тиіс. Ал ауыл шаруашылығы шикізатының қалған көлемін ішкі нарықтан сатып алуға міндеттеу керек», деді Н.Оспанов.

Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары Шәймерден Ахметовтің айтуынша, импортқа тыйым салу үшін нақты негіздеме болу керек. Бұл ретте «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов проблеманы бірлесіп шешуге даяр екенін жеткізді. «ЕАЭО келісіміне сәйкес қандай да бір шектеу шараларын қабылдауға тыйым салынған. Алайда демпинг, яғни тауарлар мен қызметтерді жасанды төмен бағамен сату фактілері анықталған жағдайда, оның алдын алуға болады. Кәсіпкерлер палатасының бұл бағытта бірқатар тәжірибесі бар. Сондықтан біз бұл мәселені көтеріп, Сауда және интеграция министрлігімен бірге ортақ шешімді қарастыруға дайынбыз», деді ол.

Мәжіліс төрағасының орынбасары, «Аmanat» фракциясының мүшесі Альберт Рау Қазақстан нарығындағы қазіргі жағдайға атүсті қарауға болмайтынын және ел экономикасына тиімді шара қабылдау қажет екенін айтты. «Ресей астығының елімізге жүк көлігімен тасымалдауына қатысты шектеу тек заңға қайшы әрекеттер анықталғаннан кейін барып қойылды. Импортталған астықтың нақты көлемін әлі де білмейміз. Сондықтан отандық астық өндірушілердің алаңдауына толық негіз бар. Бұл – көрші елдің диқандары мол өнімге кенелген са­йын отандық шаруалардан ұйқы қашады деген сөз. Бұл қауіп алдағы уақытта да сейілмейді. Мәселенің мән-жайын бәріміз көріп, біліп отырмыз. Енді аз уақытта қандай да бір нақты шара қабылдау керек», деді депутат.

Бейберекет импорттан зардап шегіп отырған тағы бір сала – отандық қаптама өндірісі. «Қазақстанның қаптамашылар қауымдастығы» ЗТБ және «Қазақстанның қайталама шикізатты қайта өңдеушілер қауымдастығы» ЗТБ директоры Батырбек Әубәкіров еліміздегі тауар өндірушілер отандық өнімді қымбатсынып, Ресейдің арзан қаптамасына мойын бұрғанын айтып отыр. «Қалыптасқан жағдайға байланыс­ты ішкі нарықты қорғау шаралары ауадай қажет. Азық-түлік өндіретін еліміздегі ірі компаниялар отандық қаптамалардан бас тартып, Ресейдің өніміне ойыса бастады. Мемлекет қолдауын көріп отырған қазақстандық азық-түлік өндірушілер қаптаманы шетелден сатып алып, өзге елдің экономикасын жарылқап жатқаны қаншалықты әділетті? Дұрысында елімізде өндірілген тауардың қаптамасы да отандық өнім болуы керек емес пе? Мұны заңмен немесе қандай да бір құқықтық актілермен бекіту қажет. Биыл сәуір айынан бері импортқа шектеу қойылмауы кесірінен отандық нарықтың 38%-ынан айырылдық», дейді қауымдастық басшысы.

Сауда және интеграция вице-ми­нистрі Қайрат Балықбаев ведомство­ бір­қатар сертификаттауды жолға қой­ға­нын, соның нәтижесінде нарықта «Қазақ­стан­да жасалған» белгісі бар тауарлар пай­да­ болғанын алға тартты. «Премьер-ми­нистрдің тапсырмасы бойынша осы серти­фи­каттауларға балама негізінде Қазақстанда жасал­ған тауарлардың реестрін жасау мүм­кіндігі қарастырылуда. Яғни отандық тауар өндірушілер аталған реестрге өтуі үшін коопертивтік қағиданы ұстануға тиіс болады. Бұл қағидаға тек отандық қап­та­маларды пайдалануды міндеттеу мәселесін қарастыруға дайынбыз. Яғни бұл мәселені заңға өзгерістер енгізіп, тиісті шара қабылдау арқылы шешуге болады», деді вице-министр.

«Аmanat» партиясы Үкіметпен бірге жүзеге асырып келе жатқан «Ауыл аманаты», «Жер аманаты» жобаларына қатысуға қызығушылық танытқан тұрғындардың саны артып келеді. Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Дулат Сердәлінің айтуынша, партиялық жобаға ауыл тұрғындарымен қатар, кент және шағын қала тұрғындары да қатысуға ниетті. «Ауыл аманаты» бағ­дарламасы Ақмола облысында алғаш рет жүзеге асырылып жатыр. Соған қарамастан, партиялық жобаға қатысуға тілек білдіріп отырған ауыл тұрғындарының саны аз емес. Тіпті Краснояр, Степногор, Қосшы сынды шағын қалалардың тұрғындары да атал­ған бағдарлама бойынша жеңілдетілген несие алғысы келеді. Алайда жоба ауыл тұр­ғындарына ғана арналғандықтан, қала­лық­ азаматтарда ондай мүмкіндік болмай отыр. Кент тұрғындары да осындай халде. Осы мәселеге назар аударсаңыздар дейміз», деді ол.

Сондай-ақ жиын барысында ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау кезіндегі кедергілер, туризм саласын дамыту, қоғамдық көлік жүргізушілерінің жетіспеушілігі, битум тапшылығы, газдандыру, тағы басқа түйткілді мәселелер көтерілді. Кеңес жұмысы мұнымен тәмамдалмайды. Алдағы уақытта да өзге өңірлердің кәсіпкерлері қамтылып, бизнес- қауымдастықты толғандырған мәселелер тыңдалады.