Білім сапасына жауапты сала жетекшісінің айтуынша, арнайы мониторингтік топ қаладағы мектептерді бірнеше өлшемшарт бойынша тексерген. Атап айтқанда, орта және күрделі жөндеу жұмыстарының атқарылуы, турникеттердің, қауіпсіздік дабыл түймелерінің істеп тұруы, бақылау камераларының полиция департаментіне қосылуы, асхана, спорт зал, кітапханалардың болуы және материалдық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз етілуі назарға алынған. Осы өлшемшарттар бойынша мониторингтік топ шаһардағы мектептер жаңа оқу жылына 96 пайызға дайын деген қорытынды жасады.
Дей тұрғанмен, бүгінгі таңда төрт мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Олар №54, №78, №66 және №93 білім ошақтары. №54 мектептің спорт залы ғана жөнделсе, қалғандарының оқу ғимараттары түгел қайта қалпына келтірілу үстінде. Соның ішінде №66 білім ұясының құрылысы 30 пайызға ғана аяқталып отыр. Департамент басшысы бұл мектептің биылғы оқу жылына балаларды қабылдай алмайтынын айтты. Күрделі жөндеу №66 мектепте кестеге сай осы жылдың 1 желтоқсанында бітеді. Сондықтан жұмыс мерзімінен кешігіп жатыр деуге негіз жоқ. Өз кезегінде білім басқармасы аталған мектептің екі мыңнан астам оқушысын №48, №49 және №86 білім ошақтарына уақытша орналастыратын болды. Ол үшін арнайы 6 автобус қарастырылмақ. Сондықтан оқушылар жаңа оқу жылында мектептен ешқандай қиналмауға тиіс. Бұдан бөлек, сала жетекшісі жаңа оқу жылына дайындықта бірнеше мәселенің бар екенін атап өтті. Бұл кейбір білім ұяларының қажетті инфрақұрылыммен қамтылмауы. Мәселен, №95 пен №121 мектепте асхана жоқ. №95 мектеп бір кабинетті асхана етіп отыр. Ал №121 мектеп әкімшілігі ыстық тамақтың ақшасын ата-аналардың шотына аударатын болып келісті. Сонымен бірге 5 білім ошағында спорт зал жоқ. Бұл мектептерде оқушылар күн жылы мезгілде даладағы алаңқайда жаттықса, күн салқында, жауынды күндері іште шахмат, тоғызқұмалақ сынды ойындар ойнап отырады. Сондай-ақ №108 мектептің қос ғимаратының біреуін мердігерлер жөндеуден бас тартыпты. Енді оның сатып алу конкурсын мектеп әкімшілігі қайтадан өткізіп жатыр. Жеңімпаздар осы айда анықталса, жөндеу жұмыстары басталады. Құрылысшылар жұмысты қарқынмен істесе, күрделі жөндеу көп уақытқа созыла қоймас деген үміттеміз, деді департамент басшысы. Айта кету керек, бұл кемшіліктер аталған департаменттің Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың тапсырмасына сәйкес, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті мен «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Шымкент қаласы мен Түркістан облысы бойынша филиалының мамандарымен бірлесіп жасаған мониторингтік жұмыстары барысында анықталған.
Ал білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиеваның мәлімдеуінше, биыл жаңа оқу жылында білім ұйымдары қосымша 48 нысанға артып, жалпы саны 946-ға жетті. 30 балабақша, 15 мектеп пен 1 оқушылар сарайы және психологиялық-медициналық педагогикалық кеңес пен психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті мекемелері биыл ашылған білім нысандары. Осы жылы қала бойынша 27 мың оқушы 1-сыныпқа барады. 2020 жылы 24 500 бала, 2022 жылы 26 500 бала 1-сынып партасына отырған екен. Яғни жылдан-жылға қалада бала саны өсіп келеді. Былтыр осы оқушылардың 18 мыңнан астамы ата-аналарының қалауымен қазақ сыныбын, 4 мыңнан жоғарысы орыс сыныбын, 2 мыңның үстіндегі бала өзбек сыныбын таңдаған. Ал жалпы, бүгінгі таңда 246 мектепте 250 мыңға жуық оқушы білім алады. Жүзге жуық мектеп жекеменшік санатында болса, қалғаны мемлекеттік білім ошақтары.
Мегаполистің бас ұстазы биыл «Мектепке жол» акциясы дәстүрге сай тамызда емес, одан ертерек басталғанын айтты. Соның нәтижесінде жағдайы төмен отбасыдан шыққан оқушының әрқайсысына оқуға қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға 41 мың теңгеден таратылды. Шымкентте мұндай оқушылардың саны – 53 893 бала. Жоспарланғандай «Мектепке жол» акциясына 2 млрд теңгенің үстінде ақша бөлінді. Басқарма басшысының мәлімдеуінше, жаңа оқу жылында да 1-4 сыныпта оқитын оқушылар бір мезгіл тегін ыстық тамақпен қамтылады. Сонымен бірге қазіргі таңда жекеменшік балабақшаларда балдырғандарды мемлекет есебінен тегін тамақтандыру мәселесі басқарма тарапынан қарастырылып жатыр. Бұл мәселе түбегейлі шешілу үшін Үкімет деңгейінде арнайы нормативтік-құқықтық акт қабылдануы керек. Бұдан бөлек, қаланың білімге жауапты сала басшылығы тиісті ведомство тапсырмасына сәйкес мектеп директорларын ротациялау ісін толық жүз пайызға орындап шықты.
Өз кезегінде жазғы демалыс кезінде мектеп оқушылары сауықтыру лагерьлерінде демалып қайтты. Әлі де барып үлгермеген оқушылар бар. Лагерьдегі демалыс мезгілі тамыздың аяғына дейін жалғасады. Сондықтан тізімге енген барлық оқушы қызықты күндерді лагерьде өткізіп үлгереді. Одан бөлек, оқушылар шығармашылық талантты ашатын түрлі үйірмеге қатысып жатыр. Жалпы, балалардың үш ай каникул мезгіліндегі демалысын жақсы ұйымдастыру мақсатында мемлекет қазынасынан 300 млн теңгеден астам қаржы бөлініпті. Бұл орайда көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды бірінші кезекте демалдыруға басымдық берілді. Жоспарға сай биылғы жазғы каникулда 200 мыңға жуық бала қала сыртындағы сауықтыру лагерьлерінде демалып қайтуға тиіс. Енді алдағы уақытта шаһардың өзінен демалыс лагерьлерін салу көзделіп отыр. Осы жоспарды іске асыру үшін қазіргі таңда оның алдын ала жобасы жасалып, құрылыс жүретін 3 жер учаскесі алдағы уақытта мемлекет мұқтаждығына алынатын болады. Өз баяндамасында шаһардың бас ұстазы биылғы оқу жылының қарсаңында үш ауысымды мектептердің мәселесі толығымен шешілгенін жеткізді. Оған қосымша 2025 жылға қарай ыңғайластырылған мектептерге қатысты және жаңадан пайда болған шағын аудандардағы білім ұяларының жетіспеушілігіне байланысты немесе керісінше сынып толымдылығы секілді проблемалар бірте-бірте шешілетінін мәлімдеді.