Қоғам • 11 Тамыз, 2023

Теміржол өткеліне қатысты түйткіл

322 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Мұқаш Ескендіров Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға теміржолды кесіп өтетін ауыр және жеңіл автокөліктердің қатысуымен болып жатқан жол-көлік оқиғаларына қатысты сауал жолдады.

Теміржол өткеліне қатысты түйткіл

Ол апаттардан ауыр және жеңіл көліктерге, теміржол составтарына тасымалданатын жүктерге келтіріліп жатқан шығындар шаш-етектен екенін айтты. Сондай-ақ депутат жол апатына қатысты деректермен бөлісті.

– Кейінгі үш жылда Б.Момыш­ұлы ауылын екіге бөліп тұрған темір­жолдың астында орналасқан өткел маңында болған 12 жол-көлік оқи­ғасы салдарынан 3 адам қаза тауып, 7 адам жарақат алған. Бұл мәсе­лені шешудің жалғыз жолы – мате­риалдық тұрғыда тозығы жетіп, бетон қабырғалары жарылып тұрған теміржолдың астымен өтетін көпір­ге күрделі жөндеу өткізіп, сол арқы­лы екі көлік сыятындай етіп кеңейту, – деді депутат сауалында.

Мәжіліс депутаты теміржол мен автомобиль жолдарының қиылысы – теміржол көпірін реттеудің басқа бір оңтайлы әрі көп шығынды қажет етпейтін жолын іздеу заман талабы деп отыр. Ал Роман Скляр жауабында Боранды стансасында 3 441 км пк7-де орналасқан су өткізуге арналған құрылым автокөліктер өту үшін қарастырылмағанын айтты.

– Бұл құрылым арқылы көлік құралдарының өтуі «Көпірлер мен кұбырлар» ғимараттары жуықтау өлшемдерінің талаптарына сәйкес келмейді және құрылымды одан әрі пайдалану пойыздар қозғалысының қауіп­сіздігіне қауіп төндіреді. Өз кезегінде, Бюджет кодексінің 54-ба­бына сәйкес, облыстық бюджет шы­ғыстары облыс аумағында қоғам­дық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ба­ғыт­тарын көздейді, – деді Р.Скляр.

Вице-премьер аудандық және облыстық маңызы бар қаланың әкімдіктің құзыретіне көлік және инже­нерл­ік инфрақұрылым нысан­дары­ның құрылысын ұйымдастыру және пайдалану кіретінін хабарлады. Осыған байланысты, жергілікті атқарушы органға өз құзыреті шең­берінде Боранды стансасының маңында автокөліктер өту үшін жолды қарастыру және қауіпсіздікті қамтамасыз ету тапсырылған.