Әскер • 11 Тамыз, 2023

Әскери-әуе күштері С-295МW әуе кемесімен толықты

258 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қорғаныс министрлігі армияның барлық аспектісін дамыту және әскерлерді техникалық жарақтандыру шараларын кешенді түрде жүзеге асырып келеді. Авиациялық парк те жыл сайын жаңа техникамен толығуда. Астана қаласының авиабазасына испандық Airbus Defence and Space компаниясы шығарған жүк көтергіші орташа С-295МW әскери-көлік ұшағы келіп жетті, деп хабарлайды Egemen.kz аталған министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әскери-әуе күштері С-295МW әуе кемесімен толықты

Қорғаныс министрлігінің ресми сайты 

69 әскери қызметші және 8800 келіге дейін жүк тасымалдауға арналған әуе кемесі өз санатындағы ең сенімді әрі үнемділердің бірі болып келетін  Pratt & Whitney PW127G шығарған екі турбовинтті қозғалтқышпен жабдықталған. С-295МW ұшағы ең қолайсыз ауа-райы жағдайында да тапсырмаларды орындауға мүмкіндік беретін заманауи ұшуды басқарушы жүйесімен және пилоттық-навигациялық жабдықтармен жасақталған. 

Қысқа және орта іс-қимыл радиусындағы ұшақтың артқы жағында пандусы бар жүк кабинасымен жабдықталған. Әуе кемесі жеке құрамды тасымалдауға, десанттауға және жүктерді лақтыруға, әуеде бақылау жүргізуге және медициналық эвакуациялауға арналған. 

«Әскери авиацияның мүмкіндіктерін арттыру шеңберінде 19132 әскери бөліміне С-295МW жаңа әскери-көліктік ұшақ келіп түсті. Техникалық сипаттамалары бойынша бұл өз санатындағы ұшақтардан отын шығыны жағынан ең тиімді, сенімді және үнемді ұшақтардың бірі», деп түсіндірді Әуе қорғанысы күштері қару-жарақ бас басқармасының штаб бастығы полковник Дмитрий Федорченко.

Аталған үлгідегі ұшақты пайдалану мақсатында ұшқыштар мен инженерлік-техникалық құрам Испанияның Севилья қаласындағы Airbus Defence and Space оқу-жаттығу орталығында оқытылды. 

Мемлекеттік-қорғаныс тапсырысы шеңберінде жасалған шартқа сәйкес ұшақты қабылдау он күн ішінде жүргізілмек. Содан кейін ол мемлекеттік әуе кемелерінің тізіліміне енгізіліп, пайдалануға беріледі.