Аймақтар • 14 Тамыз, 2023

«Қонақжай отбасы» тіл үйретеді

228 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақтың тілін үйреніп, әдет-ғұрып, салт-санасын бойларына сіңіру үшін Шығыс Қазақстандағы орыс ұлтының бір топ баласы жазғы каникулда Катонқарағайдың ауылдарында өткізді. Ала жаздай ауылда жүрмесе де, бір айға жуық ауылдың ауасымен тыныстап, қазақ тілін үйренген болды.

«Қонақжай отбасы» тіл үйретеді

Суретті түсірген автор

 

«Қонақжай отбасы» атты жоба биыл Шығыста тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Мақсаты жалқы – жоғарыда айтып өткендей, орыс ұлтының балаларына қазақ тілін үйрету. Бұған дейін өзге ұлтқа қазақ тілін үйретудің сандаған тәсілдері қолданылған. Алайда еркін сөйлеп кететіндей нәтиже бермегенін білеміз. Он бір жыл мектепте оқығанымен, ләм деп қазақша сөйлемейтіндері қаншама? Ал «Қонақжай отбасы» бағдарламасы нәтиже бере ме, оны уақыт көрсете жатар.

Әлімсақтан қалалық болып кеткен қазақтың балалары жаз шыға ауылдағы ата-апаларына барып, мал қайырысады, шөп шабысады. Тамақтың құнарлысын тұтынып, беттері күнге тотығып, күзге қарай ғана қалаға қайтысатын. Ауылдың тыныс-тіршілігімен біте қайнаса өскен бала қиындыққа да көнбіс келер еді. Рас, ауыл шыңдайды.

Қанатқақты жоба аясында Катон­қа­ра­­ғай, Өрел, Берел ауылдарындағы пе­да­гогтер отба­сында 60-тан астам бала тәрбие алды. Отбасыларды таңдауда да бірқатар жағдай ескеріліп, талаптар қойылған. Әлбетте, бала ұстаздар отбасына тоқтауы керек. Сонымен қатар қонақ болып келген балалармен тетелес сол үйдің де баласы болуы шарт. Айтқандай, пысықталған ереже бойынша жоба ойдағыдай жүзеге асырылып, азды-көпті нәтижесін бере бастағандай көрінді. Әрине, айналасы жиырма күннің ішінде Шемонаиха, Алтай секілді орыс ұлты көп шоғырланған жерлердің балалары қазақы ортаға топ етіп түсе сала қазақша сайрап кетуі мүмкін емес. Ең бастысы, қазақы ортамен етене танысты. Жоба жалғасын тауып, биыл тіл үйренген балалар қайта таңдалса, кезең-кезеңімен белгілі бір нәтижеге қол жетуі мүмкін.

– «Қонақжай отбасы» жобасы маусым айынан бастап жүзеге асырылып жатыр. С.Ластаев орта мектебі қарамағына ұстаздардың жеті отбасын алып, 15 балаға білім бердік. Ең негізгі мақсатымыз – қазақ тілін үйрету еді. Үйретуге тырыстық та. Балалардың әр күні өзгеше өтті. Біздің отбасымыз Алтай қаласынан келген Владислава және Ксения есімді екі қыз баланы тәрбиеге алдық. Өздері де тәрбиелі отбасынан келген екен. Бәріміз бірге Катонқарағайдың көрікті жер­леріне серуенге шығып тұрдық. Ұлт­тық табиғи парктің жұмысымен таныстырдық. Шыңғыстайдағы мектеп-музейді көрді. Тарих тамыры терең Берел қорық-музейіне сапар шектік. Сапарласа жүріп, қазақ тілін үйретуге тырыстық. Ата-аналарымен де үнемі байланыста болдық, – дейді С.Ластаев атындағы орта мектептің география пәні мұғалімі Анар Мерғазина.

Оқушылар да жазғы демалыстың тиімді өтіп жатқанын айтып, шынайы көңілдерін білдірді. Иә, күндері қызықты өтті. Алтайдың тарихымен танысып, таным­дары да кеңейді. Әр күндері жаңаша басталады. Алайда табын күту, бұзау іздеу, су әкелу сынды ауылдың күйкі тірліктеріне араластыра қойған жоқ. Талап солай еді. Оның үстіне, оқушылардың барлығы үнемі психолог маманның қадағалауында болды. Қалай дегенмен, ата-анасының қасынан бұрын-соңды шығып көрмеген 12-14 жастағы балалар үшін жырақтағы ауылға барып, бөтен отбасының қамқорында болу оңайға соқпас. Сондықтан да психолог маман үнемі олардың қасынан табылды.

– Мектепте қазақ тілін оқытқанымен, ауылда жүргендей үйренбейді екенбіз. Қазір мен қазақ тіліндегі көптеген сөзді үйреніп алдым. Енді бір-екі рет келсем, қазақшаны жақсы меңгеретін секілдімін. Жалпы, Катонқарағайдың халқы, табиғаты ұнады. Мен тоқтаған отбасы да қонақжай, өз балаларындай көріп жүр, – дейді Алтай қаласынан келген Владислава есімді оқушы.

Иә, жиырма күн орыс ұлтының баласын бауырына басып, қазақтың тілін үйреткен отбасылардың осы орай­да­ғы еңбектері өте зор. Білім бергені былай тұрсын, бөтен балаға асқан жауап­кер­шілікпен қарау керектігі және бар. Түптеп келгенде, қолға алынған жоба ұлт мүддесі үшін басталды. Білім басқармасы басшылығының айтуынша, «Қонақжай отбасы» жобасы алдағы жылдары да жалғасын табуы мүмкін.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Катонқарағай ауданы