Аймақтар • 14 Тамыз, 2023

Текелі жұрты қашан таза су ішеді?

286 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Былтыр да бұл тақырыпты кеңінен тарқатып жазғанбыз, биыл тағы оралып отырмыз. Қаншама жылдан бері ауыз судан тарыққан жұрттың арызын ескермеген шенеуніктердің әрекеті бейқамдық секілді. Себебі өзеннен су ішіп отырған тау етегіндегі жұрт жаңбыр жауып, дауыл тұрса, лай ішуге мәжбүр. Осы түйткілге келгенде әкімдіктің ақылы жетпейді. Қыруар қаржы жұмсалғанымен, Текелі халқы жыл сайын кедергімен күресуге құмбыл.

Текелі жұрты қашан таза су ішеді?

Өңір басшысы Бейбіт Исабаев облыс құрылғанда моноқала тұрғын­да­рымен кездесіп, осы ауыз су мәсе­ле­сіне айрықша тоқталған. Сол жиында биыл мәселенің түбегейлі ше­ші­летінін айтқан еді. Тіпті сала ма­ман­дарына арнайы тапсырма да бер­ген.

«Өткен жылы 2 елді мекенді орта­лық­тандырылған сумен қамта­­масыз ету жұмыстары аяқтал­ды. Биыл 16 елді мекенде су жүйе­ле­рін салу және қайта жаңарту жұмыс­та­ры­ның аяқталуы жоспарланып отыр. Бұл тізімге де моноқала кіреді», деген облыс басшысы. Содан кейін мә­селені шеше алмаған Батыр Мол­дах­метовті қызметінен алып, орны­на бұрынғы Көксу ауданының әкімі Алмас Әділді отырғызған. Сонда жаңа әкімге әуелі таза су мә­се­лесін тиянақтауды тапсырған. Міне, содан бері бір жыл өтті. Біз кенді шаһардағы жұмыс жүйесі қалай жүріп жатыр, соны біліп қайттық.

Моноқалада су желісі жоқ емес, бар. Түрлі мемлекеттік бағдар­ла­малар өзегінде әр тұрғын­ның ауыз суға қолжетімділігі қамтамасыз етіл­­ген. Мәселе, үйге келген судың ішу­ге жарамсыздығында болып тұр ғой. Тұтас қалаға Қора өзе­ні­нен берілетін су көпшілік біле­тіндей тау мұздықтарынан не жерасты бұлақтарынан бастау алады. Әдетте көктемде өзен тас­қын­­дап, лайланып ағады. Су мол кезде. Жазғытұрым уақытта су та­­зарт­қыш құрылымның лайлы суды тазартуға шамасы келмей қалатын. Кеңес заманында салынған қондырғылар әбден ескірген еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу өңіріне сапарында мәселені түбегейлі шешуді, қала тұрғындарын сапалы һәм таза ауыз сумен қамтуды тапсырған еді. Содан бері Текеліде тынымсыз тіршілік басталды. Бастысы – Президент пәрменін жүйелі орындау. Жуырда моноқаладағы аталған мәселені шешуге бағытталған қарымды қа­ре­кетті көзбен көріп, жұмыс барысын бағамдап келген едік, соны баяндайық...

Жалпы, жергілікті әкімдік тұр­ғын­­дарға таза ауыз суды қол­же­тімді ету мәселесін шешуге әуелден-ақ кіріскен еді. Мәселен, тіршілік нәрін өзеннен алғаннан гөрі жерастынан тарту жайын да қарастырған. Арнайы мамандар зерттеп-зерделеу жүргізгеннен кейін 2018 жылы тау бөктерінен 3 ұңғыма бұрғыланып, қалаға су желісін тарту керек болған. Осы мақсатта өткен жылы бюджеттен 993,6 млн теңге қаралды. Екі жылға жоспарланған жұмыс биыл қазан айында аяқталады деп күтілуде. Текелі қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекция­сы бөлімінің басшысы Ғалымжан Қызылбаевтың айтуынша, қазір құрылыс жұмыстары 70 пайызға орындалған.

«Жаз айының қолайсыз ысты­­ғына қарамастан мердігер «Қаз­Евро­Строй» серіктестігінің жұ­мыс­­шылары тынымсыз тірлік етуде. Қала бойынша 4 бригада кү­ніге 10 сағаттан жұмыс істеп жатыр. Межеленгендей, қала тұрғын­дары қазан айында толық таза ауыз суды тұтынады. Бірақ тұрғындар ауыз суды үнемдеуді білмейді. Мәсе­лен, қала бойынша қыста күніне 7 мың текше метр су тұтынса, жазда 12 мың текше метр­ден асып жығылады. Тұрғындар судың да сұрауы барын ескерсе, бау-бақша суаруды доғарса деген тілегіміз де жоқ емес», дейді Ғалымжан Төлегенұлы.

Бөлім басшысының сөзіне қара­ған­да, ауыз­ су 355 мм диаметрлік желі арқы­лы су сақтау қоймасынан қалаға беріледі. Ұзындығы – 9 шақырым. Ал үш ұңғымадан қоймаға дейін тағы 6,5 шақырым тартылған. «ҚазЕвроСтрой» серіктестігінің су же­­лісін салып жатқан құрылыс бри­гадасының жұмысымен де та­ныстық. Қанат Сәрсекенов бас­таған дәнекерлеушілер арнайы техникамен жер қазуда қиыншылық болып жатқанын алға тартты.

«Қарамағымдағы төрт жігітпен ауыз­су желісін бір-біріне жалғай­мыз. Қазір жер қазуда қиындықтар бар. Текелі қаласы тау бөктерінде орналасқан. Жер түгел тас. Соған қарамастан межелі уақытта жұ­мысты аяқтауға тырысып жатырмыз. Бізге жүктелгені желіні топырақ астына көміп кету ғана емес, оның ұзақ әрі ешқандай ақау­сыз болуы маңызды. Сон­дық­тан тасты топырақты қазып алып, содан соң желінің асты-үстіне 30-40 см жұмсақ топырақ салып, қайта көмеміз. Текелілік тұрғындар тынымсыз тірлігімізге қарап разылығын білдіруде», деді учаске бригадирі Қанат Сәрсекенов.

Таулы аймақта қыстың қатқыл келетінін ескерген құрылысшылар же­ліні 2 метр тереңдікке орналас­тыруда. Бір қызығы, біз барған кезде жер қазатын трактор беймәлім кабельге тап болған. Интернет не электр желісі екенін анықтау үшін біршама уақыт жұмыс та кі­дірді. Учаске бригадирі Қанат Сәрсекенов құзырлы мекемелерге бай­ланысқа шығып, желінің ескі екенін анықтағаннан кейін ғана жұмысты одан әрі жалғастырды. Ауыз су желісін тартушылардың айтуынша, Кеңес заманында тар­тыл­ған ескі сым-темірлер жерастында көп екен.

Мұнан соң қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ғ.Қызылбаев бізді бастап, су сақтау қоймасына апарды. Қаладан 9 шақырым жер­дегі қойманың жұмысы 90 пайыз аяқталған. 1 500 текше метрге жуық бетон қолданылған екі қоймада 3 мың текше метрден су сақталады. Бөлім басшысының айтуынша, қазір нысанды тазарту жұмыстары жүр­гі­зілуде. Әуелі қоймаға су лық тол­тырылып, дәріленеді. Сосын су қайта ағызылады. Осындай тазар­ту әдісі 3-4 мәрте қайталанады. Ғ.Қызыл­баев бірер күнде 4 су сорғы на­­со­сы орнатылатынын да айтып қалды.

«Қазір ұңғымадағы су зертханаға жөнелтілді. Қала тұрғындары таза ауыз судан тапшылық көрмейді. Қажет болған жағдайда Шажа өзе­нінен де су тартуды көздеп отырмыз. Барлық жұмыс жоспарға сай қазан айында аяқталып, тұрғындар таза ауыз­ суға қол жеткізеді. Сол үшін 4 бри­гададан құрылған 25 адам, 7 техника тынымсыз жұмыс жүргізуде. Жоғарыда айтқанымыздай, қалада қауырт тіршілік. Ауыз су желісінен бөлек, газдандыру жұмыстары қатар жүруде», дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы.

Шажа мен Қора өзенін бауырға алған ағайынның бір өтініші – таза су. Дені сау ұлттың жаны да сау болмақ. Баласы үшін шырылдаған ха­лықтың тілек-арызы – осы. Су сор­ғыларын ғана емес, жалпы желі­лерді толық жаңартпай, істің оңбасы анық. Қазір мамандар сәл сабыр сақтауды сұрап отыр. Не де болса, істің соңын күтейік.

 

Жетісу облысы