Әр оқырман шығарманы әртүрлі қабылдайды. Сізге ұнаған әңгімені замандасыңыз тіпті менсінбеуі мүмкін. Көркем шығарма барша жұрттың көңілінен шығуы үшін – ол адамзаттық деңгейдегі туынды болуы керек шығар, сірә. Мәселен, Толстойдың, Достоевскийдің шығармаларын тек орысқа тиесілі дей алмаймыз. Олар әлдеқашан адамзаттың ортақ игілігіне айналып үлгерген. Не үшін «Құдіретті комедия» әлі күнге дейін көп оқылады? Ол да жалпы адамзатқа тән кесірлі ғадеттерді әшкере етуімен құнды. Осыдан жарты ғасыр бұрын-ақ мақталған кейбір шығармаларды бүгінде тіпті керек қылмаймыз – себебі де мәлім. Бәлки, бүгінгі тұрмыс-салтымызбен үйлеспейді. Бәлки, көркемдік қуаты уақыт сынынан өте алмады. Десек те, Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны» деп аталатын Абай жайындағы мақаласында айтылатын өлшемдер негіз болса, кез келген шығарманың ғұмыры ұзақ болатындай көрінеді. «Не нәрсе жайынан жазса да, Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармай жазады», дейді ұлт ұстазы. Енді бірде ақын туралы: «Сөзі аз, мағынасы көп, терең» дейді. Ендігі жазылар шығармалар да «сөзі аз, мағынасы көп, терең» болуы шарт.
Жазғанының бәрі кіл шедевр деген жазушы да болмаса керек. Мәселен, Абайдың алғашқы өлеңдері классикалық туындыға қойылатын талаптарға сай емес. «Өлең сөздің теориясы» атты монографиясында ақын өлеңдеріндегі кейбір ырғақтық бояулардың жұтаңдығын академик Зәки Ахметовтің дәйекті дәлелдермен таратып жазатыны бар-ды.
Ең бастысы, қаламгер, алдымен суреткер болса екен дейміз. Яғни қоғам бейнесін көркем шындық аясында образды түрде әңгімелеу. Кейіпкердің ойын ғана емес, мінез-құлқын, жүріс-тұрысын, көңіл күйін, жан дүниесін, жүрек сырын, сағынышы мен мұңын сөйлету. Бұнымыз ойшылдықтан ада болу керек дегенді білдірмейді. Мұхтар Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясын жазған кезде үнемі өзімен бірге Джон Дрепердің «Еуропа ақыл-ойының тарихы» деген кітабын алып жүріпті. Оны әуелде Абай оқыған, сосын Әуезовтің жазу үстелінде тұратын кітабы болған деседі. Яғни Батыс әдебиеті мен мәдениетін терең білген Абайдың тұлғасын ашып көрсету үшін заңғар Әуезовке Еуропа ақыл-ой тарихына дендеп енуге тура келді.
Ешкім жазайын деп жазбайды. Сол сияқты жазбайын деп те жазбай кетпейді. Суреткердің қаламынан туған көркем дүниенің бәрі – өмірдің ісі. Қоғамның дерті. Қоғамның күйі. Мың сан ойды әбден қорытып, көркем тілмен кестелеп оқырманға ұсынған қалам иелерінің айырмашылығы – бейнелі ойлайтынында ғана. Әрине, жазушылық шеберлік екібастан керек.
Бүгінгі әдеби ортада өткенді аңсау симптомы әлі де белең алып тұр. «Бұқаралық сана» қалыптастырған бұл сағыныштың басты себебі, әрине автордың материалдық жағдайы. Шығармашылық адамдары, салыстырмалы түрде алғанда, тым жақсы өмір сүрген кешегі дәурен ит басына іркіт төгілген заман болғаны рас. Өйткені кеңес уақытының көзқарасында әдебиет, ең бірінші, идеологияның насихатшысы рөлін атқарды. Сол үшін де әдебиетке көзсіз қомақты қаржы бөлінді. Бір жағынан, ол кезде ақын-жазушылардың халық алдында қадірі де бар-тын. Ал қазір, мойындау керек, қарапайым адамдардың ақын-жазушыларды абырой көрмейтіні ауыр шындық. Қоғамдық санада «өлең жазғанша мұғалім бол, бала оқыт» дейтін психология қалыптасқалы да біраз болды. Кәсіби түрде шығармашылықпен айналысуға қолдаудың жоғы екібастан белгілі. Жұрттың жапа-тармағай кітап оқымайтыны тағы бар. Міне, бүгінгі қоғамдағы осындай жазбауға мәжбүр ететін жағдай көп болса да, адамдардың әлі күнге жазуға құлшынысы бар екенін көріп таңғаласың. Ақын-жазушылардың шама-шарқыларынша еңбектеніп жүргені өз алдына, әдебиеттен тым алыс жандардың әкесі, яки ата-бабасы туралы кітап шығаруға құмар екендіктері ойландырады. Адам қуанса да, мұңайса да ішкі ойын, жан-дүниесін қаражаяу болса да жазғысы келіп тұрады. Демек бұл жазу дегеніңіз, адамның санасымен тылсым бір байланыстағы күш. Мысалы, электронды кітаптар қосалқы рөлді атқарады демесеңіз, қағаз кітап әлі өз биігінде. Алдағы бірнеше ғасырдың жүзінде де кітапты ешқандай құдірет алмастыра алмайтын сияқты. Сонда ғана жазудың ғұмыры әлемнің ең соңғы адамына дейін жалғасатынына сенесің.
Енді бір жағынан, тәуір әңгіменің шеті көрінсе, бір деммен оқып шығуға асығатын біз осы, жазушының ой еңбегін бар жанымызбен сезіне бермейтін сияқтымыз. Кірпияздығымыз тағы бар. Оған белгілі бір дәрежедегі эгоизмді қосыңыз. Әманда тек классика оқығымыз келеді. Рахатқа бөленіп, көркем шығармадан сұмдық әсер алсақ дейміз. Алакөңіл күйімізді кітаптан тауып, құшақ айқаса қауышсақ, ғажап бір сезімге бөленгенің. Көңілдің жыртығын жамап, дәтке қуат етерлік жүрекке жып-жылы сәуле іздеп, үмітің ақталса, қанеки. Адамның жан-дауасын көркем шығармадан іздеп, Жер бетіндегі барша ләззат атаулыдан жалығып, баз кешіп, түбі жұлма-жұлма көңілін сүйрелеп, кітаптың алдына келуі – ішіңді толтырып, рухани байытатын әдебиеттің құдіреті. Осы құдіретке бас игеннен болар, оқырманның талғамы аласарған емес. Әлімсақтан биік қалпында.