Ауыл • 15 Тамыз, 2023

Шалғайдағының шырайын кіргізген бастама

216 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әншейінде бұйығы күн кешкен, қоңырқай тірлікті місе тұтқан Вознесенка ауылы биыл дүр сілкініп, алпыс екі тамырына қан жүгіріп, ажар­ланып сала берді. Қай тарапқа қарасаң да, құры­лыс жүріп жатыр. Ауыл тұр­­ғын­дарын қуанышқа бөле­ген жағымды жайдың біре­гейі су құбырының тар­тылуы екен. Елді мекен та­рихында алғаш рет жүзе­ге асып отырғаннан ба, кез­дес­кен жұрттың бәрі осы қуа­нышты айтып мәз-мейрам.

Шалғайдағының  шырайын кіргізген бастама

Бір мыңнан аса адам тұратын елді мекенде адамдардың көңілінен шығып, тұрмысын көркейтетін алты бірдей жаңа жоба қолға алыныпты. Өзгеше реңге боянып, ажарының келуі де содан. Асылында «Ауыл – ел бесігі» жобасы шалғайдағы шағын елді мекендердің дамуына ерекше ықпал етіп отырғанын бір ауыз сөзбен айта кету – парыз. Осы бағдарлама аясында бұрын қара түнек болып тұратын көшелер түн баласы бір сөнбей, жарқырап тұратын болған. Жаңа мәдениет үйі бой көтеруде. Елді мекен ішінде атқан оқтай жол салынып жатыр. Осындай жағымды жаңалықтарға 594 млн теңге қаражат бөлініп, ұзын-ырғасы 42 шақырымдық орталықтандырылған су құбыры салынып жатқанын қоссаңыз, шын мәнінде ақ түйенің қарны жарылған қуаныш емес пе? Аудан әкімінің орынбасары Ардақ Смайыловтың айтуына қарағанда, Вознесенка ауылының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға биыл 2 млрд теңге қаражат бөлінген.

Ауданда барлығы 38 елді мекен бар. Осы ауылдардың алтауына осы жылы орталықтандырылған су құбыры тартыла бастаған. Аудан орталығын қоса есептегенде 8 елді мекенге ауыз су жеткізілуі керек. Осынау кең көлемді іс биыл бас­тау алып отыр.

– Қаражат бар. Тек өз жұмысын жауапкершілікпен атқаратын мердігер табылса деп едік. Қазіргі атқарылып жатқан жұмыстың беталысына қарағанда, ойға алған жоспар оңғарылатын сыңайлы. Жұмысты сапалы әрі уақтылы аяқтасақ, ел еңсесі бір көтеріліп қалар еді, дейді аудан әкімінің орынбасары.

Әзірге павлодарлық «Спецстрой групп ЛТД» серіктестігінің атқарған шаруасына ескерту айтылған емес. Атқарылған іс те жіті қадағалануда. Мердігерлердің өкілі Дастан Хамзиннің айтуына қарағанда, 42 шақырымдық су құбырының сегіз шақырымын төсеп үлгеріпті. Биылғы жаз айларында құрылысшылар су тартылуға тиісті ауылдарға дейін қажетті жыраны қазып, құбыр орнын дайындамақ. Ал келесі жылы бар шаруа тап-тұйнақтай етіп тындырылады. Сөз арасында мер­дігерлер осы елді мекендерде тұратын тұрғындардың ішіндегі жал­ғызілікті зейнеткерлер мен көпбалалы отбасыларына, мүмкіндігі шектеулі адамдардың үйлеріне су құбырын тегін тартып бермекші. Көп-көрім көмек. Қазір екі кісінің басы қосылса, су құбыры тартылып жатқанын сүйіншілеп айтудан жалықпайды. Әзірге әупірімдеп күн көруде. Ауыз суды тасымалдап ішеді. 40 литрлік бір ыдысы – 40 теңге. Рас, көп­теген отбасында ұңғыма құдық бар, бірақ ондағы судың сапасы күмәнді. Зей­неткер Өміртай Жүнісовтың айтуына қарағанда, елді мекеннің тұрғындары табаны күректей 20 жылдан бері ауыз суды тасымалдап күн көруде екен. Осындай қиындықтың тезіне шыдамаған ел іргесі біртіндеп сөгіле бастаған. Бүгінгі серпіліс көкіректерінде үміт отын лаулатып отыр.

– Енді ел қайта оралып қоныстанар. Ауылдың ажары бұрынғы базарын қайта орнатса, ғажап емес пе?! дейді ел ағасы Ө.Жүнісов.

Ауылдағы 1969 жылы пайдалануға берілген көне мектеп те жөндеуден өт­кізілуде. Бұған дейін қабырғасы қау­саудың аз-ақ алдында тұрған білім оша­ғының шатырлары да жарылып, жауынды күндері ішін су басып кетеді екен. Биыл 191 млн теңге қаражат бөлініп, күрделі жөндеуден өткізілуде. Жаңа оқу жылында 157 оқушы білім ошағының табалдырығын аттайды. 20 бүлдіршін шағын орталыққа барса, 23 мектепалды даярлық сыныбына бармақ.

49

«Ауыл – ел бесігі» жобасының аясында Қараөзек ауылындағы 1976 жылы салынған мектепке күрделі жөндеу жүргізілуде. Бұл жұмысқа 314 млн теңге қаражат бөлініп отыр. Мектеп директоры Қалимаш Дайырованың айтуына қарағанда, жобаның аяқталу мерзімі – екі жыл. Биыл есік-терезесі, едені жаңартылмақ. Сондай-ақ электр желілері ауыстырылып, орталық кәріздендіру жүйесіне қосылады. Мердігерлер жұ­мыс­ты алдын ала бекітілген жоспарға сәйкес атқарып жатыр.

Аудандағы білім саласында ауыз толтырып айтатын жаңалық аз емес. Биыл мұндағы білім ошақтарына 1 млрд 600 млн теңге қаражат бөлініп отыр. Міне, осындай жанды қамқорлық ауыл тұрғындарының ет жүрегін елжіретіп, ризашылық сезімге бөлеп жатыр. Өздері де қарап отырмай қоныстарын көгалдандыруға, жақсы істерге ұйытқы болуға ұмтылуда.

Шортанды ауданының ауыл ша­руа­шылығы құрылымдары ақтылы мал өсіріп, ақық дән аялаумен бірге, осы өлкені жайлаған тұрғындарға қамқорлық қолын созуда. Мәселен, Новокубанка селосы – аудандағы ажарлы елді мекеннің санатында. Бұл елді мекеннің еңсесін тіктеуге осындағы «Новокубанское» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігі септігін тигізуде. Сөз арасында мақтаулы мекеннің адам қы­зығарлықтай сипатын бастан жақты айырғандай етіп айта кетелік. Мәселен, мұнда балалар және ересектер бассейні бар. Осы жылдың 1 наурыз күні дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Өткен жылы селолық мәдениет үйінің жанындағы алаң көгалдандырылды. Қай кезде қарасаң да ұқыпты қолдың табы анық байқалады. Ауылдағы осындай шаруаларға серіктестік директоры Юрий Шульц 20 млн теңге қаражат бөліп отыр. Алаңның дәл ортасында ақ моншақтарымен қуаныш нұрын сепкен су бұрқақ орналасқан. Ұжымшардың алғашқы төрағасы, осы елді мекеннің тұңғыш қазығын қаққан азаматтардың бірі, Социалистік Еңбек Ері Кан Де Ханға ескерткіш орнатылыпты. Өткен жылы шаруашылық өндірістік нысандарын жаңартуға 200 млн теңге қаражат бағытталған. Село тұрғыны, ардагерлер кеңесінің төрайымы Людмила Лип­скаяның айтуына қарағанда, елді мекен күннен-күнге жарқырай жайнап, өсіп келеді. Су құбыры бар, дүкендер жұмыс істеп тұр, ең бастысы тұрақты еңбекақы алатын жұмыс орны жеткілікті. Елмен бірге күн кешемін деген адамға бұдан артық не керек?!

Елді мекеннің еңсесін қашанда жанашыр жандар көтермек. Осы бір адал пейілге талай ауылдың шырағын қайта жағуға септескен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының ықыласты ықпалы молынан тиіп тұр. Өзге өңірлер де дәл осылай бар шаруасын сәтімен сабақтаса, тұтас елдің таңдайы ағарар еді.

 

Ақмола облысы