Ақсақал өзінің жасы туралы: «Мен – 69-дан енді астым» деп әзілдейді. Ардагер велошабандоз еліміздің біршама бөлігін велосипедпен жүріп өтіпті. Құдай қуат берсе, небәрі екі айдың ішінде бүкіл ел аумағын аралаймын деп отыр.
– Мен шамамен осы жолы 6 мың шақырымды басып өттім. Орал, Ақтөбе, Жезқазған, Қызылорда, Түркістан, Тараз, Өскемен, Семей қалаларында болдым. Енді Қарағандыдан кейін Астана, Көкшетау, Петропавл, Қостанай, Ақтөбе қалаларына барып, сапарды Атыраумен аяқтаймын деп ойлап отырмын. Күніне қанша шақырым жүріп өтетінімді дәл айту қиын. Менің межем – жергілікті теміржол стансалары. Бір теміржол стансасынан екіншісіне жалғайтын жолды қадағалаймын, – дейді Ж.Отарғалиев.
Бұл жолғы сапарын велошабандоз Бейбарыс сұлтанның – 800, Астана қаласының – 25 жылдығына арнапты.
– 2017 жылы алғаш рет велосипедпен Шалқардан Ақтөбеге дейін бардым. Бұл, шамамен, 350 шақырым. Ол аралықты мен 4-5 күнде жүріп өттім. 2018 жылы Ақтөбеден шығып, Атырауға бардым. Көліктерді ұнатпаймын. Қайда барсам да, менің негізгі тұлпарым, айнымас серігім – велосипед. Мен оған энергиядан өзге ештеңе жұмсамаймын. Моторлы көлік сатып алсаң, оның машақаты көп, майын ауыстыру керек дегендей. Шығыны да аз емес. Енді алдағы сапарым – Жамбыл даласы. Ондағы миссиямды Шу – Мойынтының қосылғанына 70 жыл толуына арнағым келеді, – дейді қария. Сөйтіп, ендігі бағытын Тараз – Түркісіб, Шу – Сарышаған, Мойынты бағыты бойынша өзгертетінін айтты.
Жұмабай ақсақал Ақтөбедегі «Velo pulse» велокомандасына қосылып, олармен бірге қала бойынша түрлі шараларға қатысып, саяхат та жасайды. Арқаға ат басын тіреген ақсақалды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы құрметпен күтіп алып, сәт сапар тілеп шығарып салды.
Қарағанды облысы