«Елім-айлап» ақтабандап шұбырған ел титықтап Сыр бойына жетіп сұлап түседі. Жоңғардың 1723 жылғы жойқын шапқыншылығының бүкіл қасіретін бейнелеп айтқан тарихи атау «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» осыдан шыққан екен.
Алқакөл бүгінгі заманға жетпей суалып қалған шағын көл ме екен, бұрын-соңды ешбір географиялық не тарихи картада кездеспейді. Ел аузынан жеткен аңыздарға қарағанда ол көл Сыр бойында және екеу көрінеді. Көлдің біреуі – Сырдың сол жақ жағалау бетінде Шиелі тұсында алты шақырым жерде болған, ал екіншісі – Алқакөл Сырдың оң жақ жағалау бетінде Ташкенттен тоқсан шақырым шамалас жерде дейді. Қашқан елдің жағасына жетіп құлағаны, кезерген таңдайын жібіткені Сырдың арғы беті – сол жақ жағалау бетте Шиелі тұсындағы жақын көл болса керек. Ұлы жүз бен Орта жүз қазақтары айтатын «Алқакөл сұлама» осы. Бірақ осы Алқакөл атауы жаңылыс кеткен болуы керек деген пікірді әйгілі тарихшы ғалым Ермұхан Бекмаханов айтқан. Маған да сондай ой келеді, ол туралы сәл кейінірек тоқталсақ.
Ел басына түскен ауыр күйзелістен қалған ескерткіштің ең зоры – осындай жекелеген атаулар ғана емес, әйгілі «Елім-ай» әні.
«Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Қарындастан айырылған жаман екен,
Екі көзден мөлтілдеп жас келеді», деп басталатын осы әйгілі «Елім-ай» әні сөз болғанда, ол әдеттегідей шығарушысы белгісіз, халық әні ретінде саналып, ән жинақтарына солай еніп келді. Жоңғар шапқыншылығының қасіретін көрсеткен ілгері-кейінгі шығармалардың қай-қайсысы да мұң-зарды шынайы бейнелеу тұрғысынан оған тең келер ме екен?!
Қожаберген Толыбайұлы – 1663 жылы қоян жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан өңірінің Гүлтөбе деген жерінде дүниеге келіпті. Жүз жыл өмір сүріп, 1763 жылы сол Гүлтөбеде «Толыбай жалы» деген жерде қайтыс болған.
Қожаберген бала кезінен әкесі Толыбай сыншының туған нағашысы Кіші жүз Әлімұлының Төртқара
руынан шыққан атақты Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлы ұрпақтарының, яғни түп нағашыларының қолында болады. Үргеніш, Бұхара, Самарқан медреселерінде оқиды. Қожаберген жырау өлең-жырларында өзінің өмiрдерегін айтып кеткен. «Елiм-ай» дастанында:
«Адам деп өз бойына өнер жиған,
Ел-жұртым деп атайды менi имам.
Жорыққа он жетiмнен араласып,
Болғам жоқ молда, софы, қожа, ишан.
Жорықта 45 жыл ғұмырым өттi,
Орта жас ол да менi тастап кеттi.
Ит қалмақ соғысуға душар еттi,
Болмаса ақсақалдық кезiм жеттi», деп, жырау өзінің 61-де екенін де айтып өтеді.
Қожабергеннің араб, парсы тілдерін жетік білгеніне байланысты ол Әз Тәуке ханның сөзі өтімді елшілерінің бірі болған. Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билермен тұстас өмір сүріп, қанаттас жүрген. Оны көршілес Қоқан, Хиуа, Бұхара хандықтарына, парсы еліне, түрікпенге елшілікке жіберіп отырған, ел бітістірмек жұмысқа белсене араласқан. Оны жыраудың алдында келтіріп кеткен жырынан көреміз.
Қожаберген ордабасы болған, сол заманда бас қолбасшыны осылай атаған. Түп нағашысы Жалаңтөс баһадүр емес пе! Қазақта бас қолбасшы сайланған жердің аты Ордабасы деп аталған. Мұндай атаулар еліміздің әр өңірінде кездеседі. Әдетте, қазақ салтында ханды, бас уәзірді, ордабасын, төбе биді сайлағанда халық оларды боз биенің сүтіне шомылдырып, шымқай ақ киім кигізіп, ақ киізге отырғызып, жоғары көтеріп, құрмет көрсетеді. 1688 жылдың маусым айында Түркістан шаһары маңында Әз Тәуке хан бастаған барша қазақ игі жақсылары Қожабергенді ордабасы етіп сайлап, ақ киізге көтергенде оған Орта жүз Арғын Тобықты Әнет баба бата берген.
Қожабергеннен Абылайдың бата алғаны туралы мынадай дерек бар. Абылай Орта жүз Әбілмәмбет ханның оң қолы, беделді сұлтаны болып тұрған кезінде, 1750 жылдың сәуір айында тарту-таралғысымен келіп Қожабергенге сәлем береді. Бұл кезде Қожаберген 87-де. Сонда дана қарт жырау Абылайға: «Қарағым, болашақ үлкен хансың. Саған берер ақылым: заман – түлкі, пенде – қыран. Бөктерде жүріп бүркітті көрген түлкі сескеніп, етекке түседі. Жауымен кең жерде айқасудан тайсалған түлкі сол бөктердегі өзі түстес бір қызыл тастың қия бетіне құйрығын шаншып тұрып қалады. Қыран оның тас емес, түлкі екенін көруі керек. Ел билігіне араласып, хан орнына жүр екенсің, көреген бол, шырағым. Ақылың мен ерлігің, айла-әдісің қатар жүрсін. Ханның қарадан өтініші болмас, өкініші болар, бұл сөзімді есіңде сақта! Ер азбай, ел азса – айдын көлдің суалғаны, ел азбай, ер азса – зор бәйтеректің құлағаны. Бәйтерек құласа, ағаш орнына ағаш өседі. Айдын көл суалса, немен толар есесі? Ер бұзылса да, ел бұзылмасын. Бұзылғанын жұрт өзі түзетеді, түзелмесе бұзығын ел жер етеді» депті. Абылай сұлтан Қожаберген бабаның айтқан ақылына риза болып, оң батасын алып аттанған екен.
Қожаберген сардар батырлығымен бірге сол заманның өзі көзбен көрген оқиғасын молынан жырға қосқан адам. Осы арада Қожабергеннің екі «Елім-айы» бар екенін айтуымыз керек. Бірі «Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» деп басталатын атақты зарлы ән-жыр – «Елім-ай». Бұл жаумен арпалыс үстінде 1723 жылы туған әні бар шағын өлең. Екіншісі – осы екі жол қайырма сияқты қайталанып, бірақ Қаратау орнына қазақ тастап шыққан басқа да айналайын туған елдің жер-су, тау атаулары айтылып, оқиға барысы егжей-тегжей баяндалар көлемді жыр-дастан. Бұл Сыр бойы Шиелі жеріндегі соғыста екі ұлы Науан мен Бекеттен, екі атқосшысынан айырылып, әйелі Айшамен екеуі солтүстікке еліне жеткеннен кейін көрген-білгені суымай тұрғанда толғанып отырып шығарған кең ауқымды тарихи жыр.
Қожабергеннің шығармаларына кезінде Ыбырай Алтынсарин, Мәшһүр Жүсiп Көпеев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәкен Сейфуллин мән берген, «Елім-ай» өлеңін Ыбырай мен Сәкен жинақтарға енгізген. 1936 жылы Бейімбет Майлин, Iлияс Жансүгiров және Ғабит Мүсiрепов Қожаберген туралы материал жинауға жыраудың елiне барған. Аса көрнекті тарихшы ғалым Ермұхан Бекмаханов және басқалар «Елім-ай» дастанын жоғары бағалаған. Бiрақ 1937 жылы басталған, ел мен ер басына туған зобалаң берітінге дейін Қожабергенді қоя тұруға мәжбүрлеген. Сөйтіп, 80-жылдарға дейін Қожаберген жырау шығармашылығы ғалымдар тарапынан айтыла қоймаған.
80-жылдардан бері зерттеушілер мақалалар жариялап келгенімен, Қожабергеннің халқымен, шын мәнінде, қайта қауышуына, жауынгер-жырау еңбегінің қадіріне жетіп, шығармаларының лайықты бағасы берілуі жаңа деңгейге көтерілуіне мұрындық болған – академик тарихшы Манаш Қозыбаев. Ал мұндай мүмкіндік заманында 45 жыл аттан түспей, туған елінің тәуелсіздігі мен бостандығы үшін арпалысып, «Елім-айлап» өткен есіл ердің Отаны – Қазақ елінің ақыры тәуелсіздікке жетуінің арқасында туған еді. 2000 жылы Ұлттық ғылым академиясының көшпелі мәжілісі Манаш Қозыбаевтың бастауымен баһадүр дүлдүлдің туған елі Петропавл қаласында өткізілді. «Қожаберген жырау Толыбайұлының Отан тарихы мен қазақ поэзиясындағы алатын орны» деген тақырыпта ғылыми-теориялық конференция болды. Қазақстанның ірі ғалымдарының, қоғам қайраткерлерінің басын қосқан бұл мәртебелі жиын Қожаберген жыраудың қазақ тарихындағы орны мен қызметін тұңғыш рет ресми анықтап берді. Бұл қожабергентанудағы бетбұрыс еді. Осы конференцияда сардар жырау еңбегі жан-жақты сараланып, жоғары баға берілді, мән-маңызы ашылды, көрнекті еңбегі, елеулі мұрасы бола тұра осы уақытқа дейін Қожабергеннің неге кең танымал болмай, тасада қалып келгенінің себептері көрсетілді.
«Елім-ай» дастаны тұнып тұрған дерек, шынайы шежіре. Дана жырау қазақтарға қарағанда жоңғар мемлекетінің дәуірлеп, күшею себептерін саралайды. Жоңғарлардың орыстар мен қытайларға арқа сүйегенін көрсетеді. Ресей империясы өзіне көрші қазақ елін тұқыртып, жоңғарларды құтыртып, қару-жарақ беріп, зеңбірек жасауды үйретіп, қазақ сұраса теріс айналып, екі халықты өзара қырқыстыруға, бірін-бірі қыруға итермелегенін айтады.
«Қаруын орыс, қытай қалмаққа сатты,
Айдап сап малғұндарды қоқаңдатты.
Қырғызып қазақтарды қалмақтарға,
Орыстар қамалдарын салып жатты».
Осындай шындықты айтқан Қожаберген, оның «Елім-ай» дастаны орыс билеген заманда қалай дәріптеле қойсын. Халықтар теңдігін сөз жүзінде жариялағанымен, іс жүзінде орыс үстемдігін негіздеген кеңестік идеологияға Қожаберген жыраудың азаткерлік рухы, оның «Елім-ай» дастанының мазмұны, айтар ойы сай келе қоймайтын еді. Қазақ КСР тарихында қазақ-жоңғар соғысы екі елді билеуші үстем таптың озбырлығы, қанаушылығы тұрғысынан ғана талданып, түсіндіріліп келгенін еске алайық.
Қожаберген жырау әкесінің атымен аталатын жердегі Толыбай сыншы қорымына жерленеді. Жыраудың ағасы Қарабастың Асқап деген ұлынан туған Көшек батыр 1764 жылы Қожаберген бабасының жылына арнап ас береді. Ол асқа Абылай хан, Бұқар жырау, Бөгенбай, Қабанбай батырлар, Ақтамберді, Үмбетей, Тәтіқара, Көтеш жыраулар қатысады. Көтеш жырау Қожабергеннің асына арнап өлең шығарған.
Енді Қожабергеннің өз ұрпағын таратып айтар болсақ, бәйбішесі Айшадан он жеті ұл, Зейнеп есімді жалғыз қыз туады. Осы он жеті баласының көпшiлiгi қазақ-қалмақ соғысында шейіт болған. «Елім-ай» дастанында Сыр бойы Шиеліге Бестамға қайын жұртшылап Айшамен екеуі Науан және Бекет деген екі ұлын және екі нөкерін ертіп келгенде сол төртеуі қалмақ оғынан қаза болғанын өкінішпен айтады. Қазір сегізінші атадан арғы ұрпақтары бар көрінеді.
«Екі ұлым бірге еріп келіп еді,
Қызықты Сыр бойынан көріп еді.
Ақыры қан майданда шаһид болды,
Қос құлыным жау қалмаққа не қып еді».
Әңгімемізді қайтадан «Елім-айға» бұратын болсақ, зерттеуші ғалымдар өлең «Елім-айдың» он төрт нұсқасы бар екенін айтады. Өлеңнің үш нұсқасы жырға айналған. Бұл, әрине, әуелде ауызша шығарылып, ел ішіне тарап кеткен шығармаларға тән сипат. Оның айтушыдан айтушыға өткен сайын кейбір сөздерінің, ұйқастарының, шумақтарының өзгеріске ұшырауы, тіпті жаңа айтушы не жазып алушы тарапынан толықтырылып, түрленіп отыруы, сөйтіп, өзгешелігі бар жаңа нұсқасының пайда болуы ауыз әдебиетінде заңдылық. Бірақ бұл «Елім-айдың» авторлығына күмән келтіре алмайды. Олардың бәріне тән ортақ белгі – «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» тарихы оқиғасының шынайы көрінісі, көзбен көрген, бастан өткерген адамның баяндауы, көркем ескерткіш екені. Шығармалар ұсынатын басты тағылым – халықты үнемі елін қорғауға, ол үшін ауызбіршілікте болуға үндеуі.
Биылғы мерейтойға орай Сыр елі Шиеліде ел ағылып жатқан Батыс Қазақстан – Батыс Қытай қасқа жолының бойына Қожаберген жырау мен Айшаға, «Елім-ай» жырына ортақ ескерткіш орнатқан жөн болар еді. Бұл тарих тағылымына, әдебиет шығармасына, азаттық үшін алысып, шейіт болғандар рухына арналған белгі болар еді-ау. Астанада «Ақбұлақ» шағын ауданындағы көшеге берілген «Елім-ай» атауы осындай бір белгі. Осы «Елім-айға» жапсарлас «Серпер» көшесін сардар-жырау Қожаберген есімімен атаса, домбыраның қос ішегіндей қатар тартылып, азаматтық ерліктің сабақтастығындай болып батыр Бауыржан Момышұлы даңғылына жалғасар еді.
Елдік рухты насихаттайтын осындай ескерткіштің қажеттігіне мақала тақырыбына тікелей қатысты болмаса да рухы ортақ әрі Шиелі жеріне тікелей қатысты тағы бір жайтты да әңгіме ретінде айта кетейін. Жазушы-зерттеуші Таласбек Әсемқұлов «Egemen Qazaqstan» газетінде 2013 жылы 5-11 қаңтарда жарияланған «Қондыгер-қаңлы» деген аса көлемді мақаласында Тұран елін жаулауға келген парсы Құрыш (Кир) патшаның әскері мен өз елінің тәуелсіздігін қорғаған Тұмар (Томирис) патшайым бастаған скифтер (сақ-түріктер) қолы арасындағы кескілескен шайқас біздің дәуірімізге дейінгі 529 жылы тамыз айында Сыр бойында нақ Шиелі жерінде болған деген батыл болжам айтты. Бұл – парсылар күйрей жеңілген, скифтер (сақ-түріктер) Құрыш (Кир) патшаның басын шауып алып, «қанға тоймадың ғой, енді қанып іш» деп, қан толтырылған көн дорбаға салыпты және ол дорбаны парсы жасағынан азын-аулақ тірі қалғандарының қолына ұстатып еліне қайтарыпты дейтін әлемдік тарихтағы әйгілі соғыс. Тарихшылар бұл оқиға Әмудария мен Сырдария арасында бүгінгі қазақ даласының оңтүстігінде болды деп айтып жүргендерімен, ол шайқас болған дала Шиелі жері еді деген болжам тұңғыш рет нақтылай айтылып отырғаны назар аудартады. Қалай дегенде де, Тұмар (Томирис) патшайым бастаған скифтер (сақ-түріктер) парсы Құрыш әскерін жеңіп, қанқұйлы патшаның басын алған, сөйтіп, өз елінің тәуелсіздігін қорғап қалған осынау ұлы оқиғаға арнап шежірелі Сыр елі Шиеліде, Қызылордада ескерткіш орнатылса, бұл ықылым замандарға кететін тарихымыздың тереңдігін білдірмек әрі талай ұрпақтың қаны мен тері арқылы қол жеткен тәуелсіздік тарихын әспеттеу болары анық.
Сардар, сазгер-жырау Қожабергеннің 360 жылдығы ел тарихын қайта саралаудың, жаңаша пайымдаудың бір белесі болмақ. Ұлттың рухани мұрасына айналған «Елім-айдан» бүгінгі «Менің Қазақстанымға» дейінгі ащылы-тұщылы тарихтың тағылымын ұрпақтар санасына сіңіру, сабақ алу – елінің тәуелсіздігі үшін қаны мен терін төккен қайран ерлер еңбегіне жасалған тағзым.
Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ,
журналист-заңгер,
Мәдениет қайраткері