Осыны ұққан облыстың жаңа әкімі Айдарбек Сапаров жол жөндеу мәселесіне қатты көңіл бөліп жатыр. Биыл облыстағы барлық жолға сапалы жөндеу жүргізілуде. Әсіресе Петропавл қаласының ішіндегі жол сапасының артқанына тұрғындар риза.
Облыстағы жолдардың жалпы ұзындығы 9 мың шақырымнан асады. Соның ішінде республикалық маңызы бар жолдардың ұзындығы – 2 мың шақырым. Ал жергілікті жолдар – 7 мың шақырымдай. Осы жергілікті маңызы бар жолдар үлесінің көптігі жөнінен облыс республикада екінші орын алады. Уақытылы жөнделмейтін де, жөнделгені жиі бұзылатыны да – осы жолдар. Өйткені оларды бақылау мен күтудің сапасы бұрыннан нашар.
Биыл облыстағы барлық жолды жөндеуге бюджеттен 40 млрд теңге қарастырылған. Жол жөндеушілер бұл қаражатты 800 шақырым жолды жөндеуге жұмсамақ. Соның ішінде 148 шақырымы – республикалық жолдар, 480 шақырымы – жергілікті және 80 шақырымы – елді мекендердің ішкі жолдары. Облыс орталығы Петропавл қаласының ішінде 60 шақырымнан артық жолдарды ретке келтіру қарастырылған. Бұл – 40-қа жуық көшенің жолдары жөнделеді деген сөз. Кейінгі бес жылда Петропавл көшелерінің жолдарын жөндеуге алғаш рет 6,9 млрд теңге көлемінде орасан зор қаражат бөлінді. Бұрын ең көп дегенде 500 млн теңге бөлініп, онымен екі-үш көшенің жолдары ғана жөнделетін. Шеткері аудандардың көшелері түгілі орталық көшелердің өзі шұрық тесік болып, асты аласа қымбат көліктердің зықысын шығаратын. Табан ақы, маңдай терін сыдырып берген жақсы көлігінің жаман жолдардың кесірінен түрлі тетіктері істен шығып жатқаны көлік иелерінің де наразылығын тудырып, ашу-ызасын келтіріп жататын еді. Қаланы оңынан солға қақ жарып өтетін Мағжан Жұмабаев көшесінің қазылған бөліктері сол күйінде қалып, ұзақ уақыт жатты. Горький көшесін жөндеу де тым ұзаққа созылып, жылға жуық айналып жүруді қажет ететін.
Енді биыл жоспар бойынша қаланың 35 көшесінің жолдарын жөндеу қолға алынып отыр. Әкімнің дігерлеуімен, қайта-қайта жол құрылысының сапасын бақылауға өзі шығуымен қазірдің өзінде 28 көшенің жолдары жөнделді. Әрине, олардың бәріне күрделі жөндеулер жасалған жоқ. Кейбірі жаңғыртылып, кейбірі ағымдық жөндеулерден өтті. Бірақ бәрінің де үстіңгі қабаттары жаңартылып, бұрынғы қиыршықтасты, гравийлі жолдарға асфальттар төселіп жатыр. Сонымен қатар жаяулар соқпақтары да жаңғыртылуда. Кейбір, бұрын тротуары болмаған көшелерді де жарақтау қолға алынған.
«Мемлекет тарапынан қаражат үнемі бөлгенімен, мойнына алған міндетін уақытылы орындамайтын мердігерлердің кесірінен жол сапалы жөнделмейді. Қаланың орталығындағы Брусиловский, Партизан және т.б. көшелердегі жағымсыз жағдай содан туындап тұр. Тиісті қызметтерден уәдесінде тұрмайтын мердігерлерді сотқа беруді немесе айыппұлмен жазалауды үнемі талап етіп отырамыз», дейді Айдарбек Сейпілұлы.
Сөйтіп, биыл мердігерлердің жауапкершілігін арттыру жұмыстары жіті қолға алынған. Бұрын жұмыс ілдебайлап істеліп, оны қабылдау комиссиясы көзжұмбайлықпен оңай қабылдап, артынан жолдың қоясы қопарылып жататын. Енді мердігермен жасалатын келісімшартта жұмыс сапасының кепілдік мерзімі ұзартылған. Оның үстіне әкімдіктің талабымен «Жол активтерінің сапасын бақылау жөніндегі Ұлттық орталық» РМК-мен келісімшарт жасалып, жұмыс сапасын осы кәсіпорынның мамандарымен бақылу келісілген. Техникалық бақылау қызметтері жол сапасын РМК мамандары зерттеп, сапалы екеніне көзі жеткен соң ғана қабылдайды. Егер сапада кемдік болса, оны мердігер уақытында жөндеуге міндеттелген.
Петропавл қаласы бірнеше мөлтек аудандардан тұрады. Соның бірі – мекеме-кәсіпорындары жоқ, тұтасымен тұрғындар қоныстанған «Жұмысшылар кенті» деп аталатын аудан. Қазір оны тұтасқан жекеменшік сектор деп атайтын болған. Міне, осы ауданның өзінде 19 көшенің жолын жөндеу қолға алынды. Мұндағы жұмыстардың біразын 2024 жылы аяқтау белгіленген. Жаңа жылға қосымша тағы да 30 көшенің жолын жөндеуге техникалық құжаттама әзірленіп жатыр. Соның ішінде «Жұмысшы кентіне» орталықтан теміржолды басып өтетін қосымша жол тартылмақ. Жуырда облысқа келген Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровқа оның маңызы таныстырылды. Бұл көпірді істейтін мердігер компания да табылып отыр. Қазірдің өзінде онымен келісімшарт жасалған. Жаңа көпір қала көшелерінің транзиттік әлеуетін арттыра түсер деген үміт бар.
Облыс жолдарын жаңадан жасау мен жөндеуге жалпы саны 42 мердігер компания тартылмақ. Олардың біразымен келісімшарттар жасалған, жаңа жылдан бастап іске кірісу үшін олардың біразы құрылыс материалдарын қордалап жатыр. Жол жөндеу жұмыстарына, әсіресе, битум материалының болмай қалуы қолбайлау болатын. Қазір 25 мың тонна осы битум дайын тұр.
Сонымен бірге 47 ауылдық елді мекендердің ұзындығы 80 шақырымдай жолы жөнделіп жатыр. Жыл қорытындысы бойынша облыс барлық жергілікті жолдың 84 пайызын тиісті норматив деңгейіне жеткізбек. Бұл – облыс жолдарының 15-16 пайызы ғана нашар болады деген сөз. Сонымен қатар солтүстіктің жолшылары биыл республикалық маңызы бар жолдардың 85 пайызы жоғары талаптарға сай болады деп отыр. Мұндайға халық тек ризашылығын айтары сөзсіз.
Солтүстік Қазақстан облысы