Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Жуырда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоспарланып отырған төрт жатақхананың берілмей қалуы мүмкін екенін айтқан еді. Яғни 1,4 мың орындық төрт нысанды пайдалануға беру мерзімі өзгереді. Құрылыс жұмыстарының кешеуілдегеніне алаңдаушылық білдірген Үкімет басшысы Әлихан Смайылов республикалық штаб отырысында білім алуға дайындықтың орнына жатақхана іздеп әбігерге түсетін студенттердің жағдайын айтып, тұрғынжаймен қамтамасыз етуден қашқақтап отырған бірқатар университет басшысы мен осы істі қажетті деңгейде бақылай алмай отырған министрліктің, жергілікті әкімдіктердің ісін сынға алғанын білеміз. Оның айтуынша, мәселе дер кезінде шешілмесе, жағдай ушыға бермек.
Сондықтан жоспарланып отырған 11 мың орынға арналған 37 нысанды толықтай іске қосу қажет. Оны қатаң бақылау – аймақтағы әкімдердің жауапкершілігінде.
Ал ендігі кезекте «Білім туралы» жаңа заңның редакциясына сәйкес, жоғары оқу орны мен колледждің барлығы өз студенттерін жатақханамен қамтамасыз етуге тиіс. С.Нұрбек жоғары оқу орындары ректорларының қатысуымен өткен кеңейтілген алқа отырысында барлық студентті жатақханамен қамтамасыз етудің мүмкін емесін алға тартты. Министр атап өткендей, бұл кешенді мәселе. Бұл бағыттағы жұмыстарды қолға алған ведомство студенттерге жатақханадан орын алуға көмектесетін ахуалдық орталықтың жұмысын бастады. Оған +77002551443 нөмірі бойынша хабарласуға болады. Call-орталық тәулік бойы жұмыс істейді.
Министр орын тапшылығына қатысты проблемаларды жүйелі шешу үшін биыл Алматы мен Астанада жатақханалар салу бойынша жобалық кеңселер ашылғанын еске салды. Өйткені орын тапшылығының 70 пайызы осы қалаларға тиесілі.
– Оқу жылы басталғанша оқу орындарының бірінші басшылары жатақханалардың санитарлық және техникалық талаптарға сәйкестігіне ерекше назар аударуы қажет. Жатақханаларда орын жетпеген студенттер мәселе шешімін тапқанша хостелдер мен қонақүйлерге орналастырылады. Қазіргі таңда мәселені шешу мақсатында үш бағыт бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Біріншісі – құрылыс бағыты. Студенттер үйін салу үшін субсидиялық нормативтер өзгертіліп, жекеменшік құрылыс компанияларымен белсенді түрде жұмыс жүргізіледі. Екінші бағыт – хостелдермен, қонақүйлермен арнайы келісімшартқа отыру. Бүгінде Алматы қаласында 60-қа жуық хостелмен келісімшартқа қол қойылды. Үшінші бағыт бойынша әр университетте ахуалдық орталық құрылып, белсенді жұмыс жүргізілу үстінде, – деді С.Нұрбек.
Қазіргі кезде Алматыдағы жоғары оқу орындары студенттері үшін жатақханалардың жетіспеушілігі жеке хостелдер есебінен шешіліп жатыр. Университеттер 60-қа жуық ғимарат иелерімен келісімшарт жасап, бір студент үшін айына 30-50 мың теңгеге дейін тұру ақысы белгіленді. Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайханның айтуынша, хостелдермен келісімшарттар жасау ісі жалғасады. Қазіргі кезде жұмыс тобы Хостелдер қауымдастығы басшылығымен кездесіп, студенттер орналасқан мекенжайлардағы ахуалды сараптау үстінде.
– Хостелдермен келісімшартта санитарлық нормалар, студенттердің және де өрт қауіпсіздігінің сақталуына қатысты талаптар қамтылған. Бұл іс-шаралар өз кезегінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін күшейтіп, қоғам өміріне белсене араласуға ықпал етеді. Еліміз бойынша жатақханаға мұқтаждар саны былтыр 84 мыңды құраса, биыл 70 мыңға жуықтап отыр. Қазіргі кезде республикада 20 мыңға жуық, ал Алматы қаласы бойынша 10 мың студент хостелдерге орналастырылды. Хостелдердегі тамақтану орындарына да бақылау жалғасу үстінде. Алдағы уақытта оқу залдарын ашу мәселесі жүйеленетін болады. Бұл келісімшарттар университеттер үшін ғана емес, хостел иелері үшін де тиімді. Өйткені Алматы сияқты ірі қала үшін айына 30 мың теңге тиімсіз болғанымен, он ай оқу мерзімі бойы студенттердің тұрақты ақы төлеп отыруы баға саясатына да оң әсерін тигізбек. Сонымен қатар қаладағы хостелдер тізімі жасалып, цифрланып жатыр. Студенттерді орналастыруда хостелдер мен оқу орны арасындағы арақашықтық, қоғамдық көліктердің тұрақты қатынауы ескерілді. Бір хостелге 50-100 студентке дейін орналаса алады, – деді А.Абылайхан.
Жоғары оқу орындарының басшылығы алдағы уақытта да хостелдермен ынтымақтастықты нығайта түсуді көздеп отыр. Ал келісімшартты бұзған хостелдер қара тізімге енеді. А.Абылайхан атап өткендей, тиісті министрлік барлық ақпаратты ашық жариялауға мүдделі. Өйткені қазір туындап отырған жатақхана тапшылығының бір себебі – елдегі демографиялық, геосаяси жағдайлармен де байланысты. Сондықтан жатақхана мәселесін 2025 жылға қарай шешу жоспарда тұр. Бүгінде республика бойынша жатақханаларда 104 мың орын болса, оның 37 мыңы Алматы қаласында орналасқан. Биыл Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Логистика және көлік академиясы жатақханасынан 666 орын алып отыр. Осы үш жылда ұлттық университетке 12 мың орын, ал Қазақ-британ техникалық университеті студенттері үшін биыл желтоқсанда 980 орын беріледі. Сонымен қатар осы жылы қыркүйек айында Алматыда 1 570 орынға арналған 4 ғимарат жөндеуден өтіп, 1 жатақхана құрылысы аяқталады. Ал жылдың соңына дейін 2 076 орындық 4 нысан пайдалануға беріледі.
Биыл жоғары оқу орындарына 88 мың грант бөлінгені белгілі. Десек те, қазіргі кезде республикадағы оқу орындарына ақылы оқуға құжаттар әлі қабылданып жатыр. Сондықтан оқуға қабылданған студенттердің нақты саны тамыз айының соңына қарай нақтыланады. Қазіргі кезде барлық университеттің базасында ахуалдық орталықтар жұмыс істеп тұр. Өңірлерден келген студенттер тәуліктің қай мезгілінде болсын осы орталыққа хабарласып, жатақхана мәселесін шеше алады. Министрлік өкілінің айтуынша, жатақхана алуда бірінші кезекте бірінші курс студенттеріне басымдық беріледі. Сонымен қатар әлеуметтік қорғалмаған топтар қамтылады. Бүгінде жоғары оқу орындарында осы санаттар бойынша студенттер саны 4 541-ді құрайды. Жоғары оқу орындарының жатақханаларында тұрудың орташа құны айына 10 мың теңгені, яғни жылына 29 айлық есептік көрсеткішті құрайтын болса, аталған санаттағы студенттер үшін төлем бюджеттен субсидия есебінен өтеледі.
– Мемлекеттік бағдарламалардың дені тиімсіз жұмыс істейді. Жатақханалар салуға инвестор тарту мәселесіне де жете көңіл бөлінбей отыр. Бір ғана жатақхана салу үшін миллиардтаған қаражат қажет. Кәсіпкер үшін басты мәселе – пайда табу болса, құрылысқа салған қаражатты қайтару мерзімі де қолайсыз. Субсидия көлемі де аз мөлшерде. Жер жоғары оқу орнының меншігі болып есептеледі әрі жатақхана салу әлеуметтік бизнес болғандықтан, кәсіпкер одан пайда таба алмайтыны анық. Сондықтан инвестор үшін қаражатты қайтару мерзімін жеделдетіп, мемлекеттік субсиядиялау жағын қайта қарастырған жөн. Студенттерге жағдай жасау үшін мегаполис әкімшілігі жекеменшік әріптестікке қатысатын инвесторлардың жағдайын жасап, жоғары оқу орындары басшыларымен тікелей жұмыс істеуі керек. Осыған орай негізгі себептерді нақтылап, оны шешудің тетіктерін жекелеген тармақтарды жетілдірген жөн. Егер инвесторсыз жұмыс істеу қажет болса, онда жоғары оқу орындарына арнайы қаражат қарастырып, сондай-ақ екінші деңгейлі банктерден жеңілдетілген несие беру жағына да көңіл бөлу керек, – дейді экономист Мақсат Серәлі.
Оның айтуынша, бұл жерде ескеретін басты мәселе – құрылыс компанияларының имиджі. Жоғарыда аталған жатақхана құрылыстарының дер кезінде аяқталмай қалуына құрылыс компанияларына қатысты себептер де әсер етуі мүмкін. Себебі бюджет субсидиясы аз болғандықтан, бұл іске баруға ірі құрылыс компаниялары ықылассыз. Ал мемлекеттік сатып алуға қатысатын компаниялар нарықта белгісіз әрі бюджет қаржысымен ғана жұмыс істеп отыруы мүмкін. Сондықтан нормативтік талаптарға жауап бере алатын әрі сапалы ғимараттарды өз қаржысы есебінен салатын ірі инвестор компанияларды тарту маңызды.
«Осы орайда мемлекеттен грант алатын жоғары оқу орны акционерлерінің де табыс тауып отырғанына назар аудару қажет. Жоғары оқу орындарында ақылы бөлімдердегі оқу ақысы да төмен дей алмаймыз. Олар да меценат ретінде жатақхана салуға мүдделі болуы қажет. Ол үшін министрлік батыл қадамдарға барып, жоғары оқу орындарымен жұмысты күшейтіп, студенттердің белгілі бір бөлігін жатақханамен қамту мәселесіне басты назар аударғаны жөн. Ал жекеменшік оқу орындары үшін мемлекеттік лицензия алу барысында студенттерді елу пайыз жатақханамен қамтамасыз ету туралы тармақ енгізу қажет», дейді ол.
Ірі қалаларға деген сұраныс артқан сайын, онда өмір сүру де қымбаттайды. М.Серәлі атап өткендей, студенттердің қалаға қарай көптеп ағылуы экономикалық ахуалға, тұрғын үй нарығына ықпал ететіні сөзсіз. Сұраныс артқан сайын пәтерақы бағасы да шарықтайды. «Пәтер бағасының өсуі қаладағы жұмысшылардың, жас отбасылардың қалтасына едәуір салмақ түсіреді. Салдарынан тұрғын үй нарығындағы өзге де ойыншылар бағаны көтере бастайды. Ал жатақхана мәселесін хостелдер, тіптен қонақүйлерге орналастыру арқылы шешу білім ізденушіге жасалған қиянат. Мұндай ғимараттарда білім алуға қолайлы жағдай қарастырылмаған. Мұның сыртында студенттің қауіпсіздігі тағы бар. Хостел иесі үшін тиімді болғанымен, студент өз-өзін студент ретінде сезінбеуі де мүмкін. Мұны уақытша тетік дей тұрғанмен, оның болашақтағы себеп-салдарын да жоққа шығара алмаймыз», дейді экономист.
Бизнес-сарапшы Ақнұр Бүбеқұлованың айтуынша, 2030 жылға қарай Алматы агломерациясы 5 миллионға жуықтайды. Сәйкесінше, студенттер саны да артады. Алайда азық-түлік, басқа да тауарлардың қымбатшылығын ескеретін болсақ, қазіргі кезде белгіленген жатақхана құны студенттің қалтасына салмақ салып отыр. Қалалық жерде тұру үшін студент қосымша табыс табуға мәжбүр. Ал оның білім сапасына да, болашақ маманның денсаулығына да кері әсері бар екенін де ұмытпауымыз керек. Сондықтан қолайлы кеңістік қалыптастыру үшін серіктес қалаларды дамыту мәселесіне де көңіл бөлу қажет.
– Алматы қаласына жақын орналасқан Талғар, Есік, Қаскелең, Шелек сияқты орталықтардан жылдам қатынайтын көліктерді дамыту, жолдарды жақсарту да қалаға түсетін салмақты жеңілдетеді. Қалаға жету уақыты қысқаратын болса, студенттердің көпшілігі 100-200 шақырым қашықтықтан қатынап оқитын болады. Бүгінде озық елдер тәжірибесінде жемісін беріп отырған жоба көп. Жатақханалардың заманауи үлгіде салынуы, студент сұранысын өтеуі де білім сапасына оң ықпалын тигізеді. Тіптен, психолог мамандардың пікірінше, элиталы корпустарда тұратын студенттер болашақта белді компанияларға жұмысқа орналасып, бизнес саласына да жылдам бейімделіп кетеді. Сондықтан көптеген шетелдік оқу орындарының студенттердің жатақханада тұруына мүдделі болып, соған сай қатаң талаптар қойып отырғанын да қаперге алған жөн. Өз елінде жағдай жасалмайтын болса, білікті мамандардың шетелдерге кетіп қалуына да тосқауыл қоя алмаймыз. Ең бастысы, студенттің баспана мәселесін шешуге көңіл бөлу университет басшыларының жауапкершілігінде болуы керек, – дейді сарапшы.
Ал кейбір елдер тәжірибесінде студенттер жатақханаларын салуда жеке серіктес компаниялар арнайы маркетингтік талдау жүргізіп, коммерцияландыру мақсатында жобалау кезінде қосымша қабаттар салады. Мысалы, жатақханаларда кітап дүкендері, кір жуатын орындар, шағын және супермаркеттер, киім бутиктері, спортзалдары, косметикалық салондар, кинотеатрлар және тағы басқа нысандар студенттер тарапынан үлкен сұранысқа ие. Мұның инвестор үшін пайдасы бар екенін ескерсек, бюджет қаржысына салмақ түсірмей, дайын ғимараттарды жатақхана үлгісіне бейімдеуді тәжірибесінде ұтымды пайдаланатын елдер де бар екен.
Мамандар айтса айтқандай, бір ғана жатақхана түйткілінің астарында елдік һәм геосаяси мәселе қылаң береді. Студенттерді жатақханамен дер кезінде қамтамасыз ету сапалы білімді ғана қамтамасыз етіп қоймай, қауіпсіз орта, алаңсыз отбасы, саламатты маман тәрбиесі сияқты қоғам тұрақтылығына негізделген құндылықтардың беріктігін қамтамасыз етсе керек.