Хабар құтқарушыларға 16:50-де түсіпті. Жедел аттанған жасақ мекенжайға жетсе, Арман Максимов баланы жағаға шығарып үлгеріпті.
– Досым екеуміз каналдың бойымен келе жатқан едік. Мен жанұшырған дауысты естідім. Маған екі бейтаныс бала жүгіріп келіп «Жүзе аласың ба? Ана жерде адам суға батып барады» деп көмек сұрады. Мен бірден суға секірдім де, оны аяғыммен жағаға итеріп жібердім. Өзім әрең жүзіп шықтым. Бойда қорқыныш болмады. Бұндай кезде өз өмірің туралы ойламайды екенсің. Баланың аман қалғанына қуандым. Өз-өзіме таңғалғанымды да жасырмаймын. Бәрі қас пен көздің арасында болды. Ойланып, жағдайды бағамдай да алмадым. Бар ойым баланы құтқарып қалу еді, – дейді Арманның өзі.
Баланы жағаға алып шығуға Арманның достары да көмектескен. Құтқарылған баланың жасы шамамен 12–13-те дейді жас батыр. Ол есін жиған соң заттарын жинап алып, сасқанынан қашып кеткен. Кім екенін анықтау мүмкін болмапты.
Арман екі жыл бұрын жүзуді өз бетінше үйреніпті. Ол мектепте ерлігі үшін салалық наградамен марапатталуы мүмкін. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті министрлікке хат жолдапты.
Қарағанды облысы