Аймақтар • 17 Тамыз, 2023

Қосшы еңселеніп келеді

269 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Биыл 27 шілдеде Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қосшы ауылын облыстық маңызы бар қала санатына жатқызу туралы Жарлыққа қол қойғанына екі жыл толып отыр. Ат төбеліндей ғана Қосшы ауылы аз уақыттың ішінде етек-жеңі кең пішілген, ажар-келбеті кемел, ынтымағына орай ырысы молайған қалаға айналып келеді. Халық та тығыз қоныстана бастады.

Қосшы еңселеніп келеді

Бір ғана мысал келтірелік, 2021-2022 оқу жылында осы қаладағы №2 орта мектепте бас­тауышқа баратын балалардың көптігінен «Ы» сыныбын қо­суға мәжбүр болған. Тағы бір жағымды жаңалық бар, қалада жаңа оқу жылы қарсаңында 1 500 орындық мектеп-гимназия есігін айқара ашпақ. Қосшыда бұрыннан тұратын, кейін қоныс аударған тәмам жұрттың балалары гимназияның табалдырығын аттап, күні ертең таудай азамат болып шықпақ. Барлық заманауи талаптарға жауап беретін, мейлінше қысқа мерзімде салынған гимназияға 7,5 млрд теңге жеке инвестиция салынған. Кірпияз көңілдің қатаң талабына толық жа­уап беретін оқу орнының ішкі ажа­ры көзтартарлық. Тіпті ұсақ-түйекке дейін ескерілген. Әр кабинет 25 оқушыға шақ­талған. Пән кабинеттері бү­гінгі заманның барлық техно­ло­гиялық жабдығымен қамтамасыз етілген. Мұғалімнің жұмыс үстелінің үстінде компьютер-моноблок. 400 орындық асхана, кітап қоры бар кітапхана, екі бірдей спорт залы бар. Екі ауы­сымды оқу жүйесіндегі білім ошағында 150 мұғалім жұмыс істемек. Осы арада ата-аналардан 2 мыңнан аса өтінім түскенін де айта кетелік. Демек әлі де осындай білім ошақтарын салу қажеттілігі туындап отырғаны белгілі.

Биыл Астананы жиек­тей орналасқан Це­линог­рад ауда­нының ұйымдас­тырыл­ға­нына табаны күректей 95 жыл тол­ғалы отыр. Қазір елорданың іргесіндегі аудан – облыстың халық ең тығыз қоныстанған аймақтарының бірінің санатында. Әлеуметтік-тұрмыстық қиыншылықтардың ауық-ауық бой көтеріп қалаты­нын да сондықтан. Дүмеп келіп жатқан, «Жанға жайлы жаңа қала Қосшы, қайдасың?» деп үдере көшкен елдің бар бабын табу да оңай емес. Ауданда ауыл ажарын келтіріп, ел мерейін үстем ету тарапында тәп-тәуір қарекет бар. Мәселен, Мәншүк ауылы туралы сәл ғана таратып айта кетелік. 2015 жылы ауылда ел қамын жеген меценаттардың қаражатына бес пәтерлік жатақ­хана салыныпты. Алдымен жас мамандарды қамтымақ. Тіршіліктің тетігін, тұрмыстың түйткілін тарататын да солар. Жатақхана сипатты ғимараттың бір бөлмелі пәтерінде үш жылдан бері математика пәнінің мұғалімі Ақмарал Ержанқызы тұрады. Қалған үш пәтерде де ұстаздар, біреуін учаскелік полиция инс­пекторы иеленген. Ақмаралдың өзі Түркістан қаласынан екен. Университетті бітіргеннен кейін Астананың іргесіндегі елді мекендердің бірінде жұмыс істеген. Бірақ өзінің айтуына қарағанда, үй болмай, күй болмайды екен. Елге қайтсам қайтеді деп екі ойлы болып жүргенінде Мәншүк ауылындағы білім ошағына математика пәнінің мұғалімі керектігі туралы хабар естиді. Бір жақсысы, мұғалімге тегін баспана беріледі екен. Баспананың зары өтіп жүрген жас маман жақсы хабарды құлағы шал­ған соң, ат басын осында тіре­ген. Қазір шешімінің дұрыс болға­нына разы.

Несі бар, жалғыз Ақмарал­дың ғана емес, жалпақ жұрттың көңілінен шығатын-ақ жер. Аулада құрқылтайдың ұясындай жып-жылы, жинақы, шағын ойын алаңы бар. Тұрғын үйдің екінші жағында заманауи фут­бол алаңы орналасыпты. Айт­пақ­шы, бұл алаңды «BI Group» хол­дингінің құрылтайшысы Бауыржан Исаев сыйлапты. Туған ауылының болашағын ойлайтын Бауыржандар барда ел жүдемейді. «Мәншүк АЕ» серіктестігі ауылдың дамуына ықпал етіп отыр. Серіктестік қаржысына балабақша салып, мемлекет есебіне тегін өткізген. Жалғыз балабақша ғана емес, шаруашылық жұмысшылары мен мамандарына арналған тұрғын үйлер, кәсіпорын кеңсесі бой көтерген. Сауда орталығын салыпты. Алдағы уақытта да осындай қамқорлықтарын көрсе­те бермек.

Қазір ауыл тұрғындары үшін бірінші кезекті мәселенің бірі – тұрақты табыс табатын жұмыс орнының болуы. Бұл тарапта да көңілдегі сенімді бекіте түсетін талпыныстар бар. Мәншүк ауылының іргесінде 24 гектар жерге 1 600 бас асыл тұқымды сиыр бағатын тауарлы-сүт фермасы салынып жатыр. Ауылда ғана емес, аудан бойынша кейінгі 15 жылда қолға алынып отырған ірі жоба екенін айта кетуіміз керек. Толық автоматтандырылған сауу жүйесімен жұмыс істейтін тауарлы-сүт фермасының құрылысы таяу арада аяқталмақ.

Шынында да, көктемде егіп, күзде бұйырған ырыздықты жинап алып сатумен ғана шектелетін кәсіпкерліктің кеңістігі тұтас елді жарылқай алмауы да мүм­кін. Ең бастысы – ауыл тұр­ғындарының әлеуметтік-тұр­мыстық жағдайын жақсарту. Қысы-жазы іркіліссіз жұмыс істеп, табыс табатын жұмыс орны болса, ауыл адамдары да түтін түтетіп, бауыр басқан жерінен үдере көшпес еді. Егер елдің бас көтерер азаматтары өздерінің кіндік қаны тамған қасиетті топыраққа перзенттік көңілін аударып, қамқорлық жасайтын болса, туған елдің тұғыры биіктей берері сөзсіз. Қазір мұнда адамдарға қолайлы жағдай жасалған. Инженерлік желілер тартылыпты. Жаңа жол құрылысы аяқталған.

Осы ауданның Софиевка ауылы да «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының шарапатын көріп отыр. Айналдырған 2,5 жылдың ішінде бірнеше әлеуметтік жобалар жүзеге асы­рылыпты. Күрежолдар жөн­деуден өткізілген. Оқтаудай түзу жаңа жолдар салынған, ауыл көшелері жарықтандырылған. Біз Софиевка ауылында болғаны­мызда, ауданның 95 жылдығын атап өтуге дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Аумағы атшаптырым ауылдық клубтың ішінде ел мерейін өсірсем деп табаны тастан таймаған тарланбоздай ілкімді еңбек еткен ерлердің жылнамасы жазылыпты. Суреттері қойылған. Несі бар, кейінгі жасты адал еңбекке баулитын, өз елін өзегі талып сүйетін, елжандылыққа үндейтін әдемі мысал. Айтпақшы, Со­фиевка ауылында көптен бері клуб үйі болмаған екен. Өткен жылы 3,5 мың тұрғыны бар ауыл үшін ақ түйенің қарны жарылған қуанышты сәт орын алған.

– Өткен жылы клубқа «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бо­йынша 500 млн теңге қаражат бөлініп, көптен күткен арманымыз орындалды. Жұмыс жан­данып сала берді. Бірден он үйірме ұйымдастырдық. Оның ішінде домбыра, би және спорт­тық бағыттағы үйірмелер бар. Ықылас та күшті. Қазір ауылдың 300-ге жуық баласы осы үйірмелерде тәрбиеленіп отыр, – дейді мәдениет үйі­нің меңгерушісі Айнұр Сүлей­менова.

2021 жылдан бастап ауыл­дың әр көшесіне жол төсел­ген. Ауылдық округ әкімі Бек­зат Сүгірәлиевтің айтуына қара­ғанда, ауыл ішіндегі жол­дың 19 шақырымы күрделі жөндеуден өткізілген. Бұл жұмыс әлі де жалғасып жатыр. Кейінгі айларда та­ғы да 15 шақырым жолға асфальт жамылғы төселген. Жол бойына белгілер қойылған. Қыр­күйек айында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде бөлінген қаражатқа көше шамдары орнатылмақ.

Осыдан 2 жыл бұрын жалпы құны 280 млн теңге болатын жоба жүзеге асырылып, дәрігерлік-фельдшерлік амбула­тория салынған. Қазір онда 8 медицина қызметкері жұ­мыс істейді. Міне, осылайша, Астананы жағалай қонған елді мекендердің ажары кіріп, сәулеленуде. Қамқорлықты көріп отырған ауыл адамдары да іргелі істердің төңірегінде топтасып, ынтымағы ұйып отыр. Жалпақ жұрт жақсы істерге құмартып, ел мерейін асырып жатса, ортақ істің де асығы алшысынан түспей ме?

 

Ақмола облысы