Тұлға • 17 Тамыз, 2023

Кәкішев және ҚазМУ

863 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Кешегі ҚазМУ, бүгінгі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін Тұрсекең – Тұрсынбек Кәкішев өмір бойы «Біздің ҚазМУ» деумен өтті. ҚазМУ-ына ешқандай оқу орнын теңгермейтінін ашық айтты да, жазды да.

Кәкішев және ҚазМУ

ҚазМУ – Тұрсынбек Кәкі­шев­ке жоғары білім ғана емес, ғылымға да ең алғаш бағыт-бағ­дар берген киелі шаңырақ. Ал ондағы оқытушылық қызметі 1968 жылдың 26 ақпанынан бас­тал­ғанымен, ұстазы Бейсенбай Кен­жебаевтың «ҚазМУ балалары ғылымның соңғы жаңалығынан ха­бардар болуы керек» деген прин­ципі Тұрсекеңе құрықты 1964 жылы-ақ салып жіберген. Ғылыми ортаны өзінің «Қазақ әдебиетінде сын бар. Ол қазақтың халық ауыз әдебиетінен бастау алады» деген ғылыми жаңалығымен елең еткізіп келген шәкіртіне: «Тұрсынбек-ау, сол айтып жүргендеріңді біздің балаларға өзің түсіндірші», деп қолқа салған соң, ұстазының бір­ауыз сөзін жерге тастамай, шәкірті де келіскен. Содан екі жылдай ақы­сыз-пұлсыз дәріс берген Тұр­секең: «Бисекеңнің еңбегімді елеп жатқанына мен мәзбін, «ба­лаларым ғылымның соңғы жа­ңалығынан хабардар», деп Бейсекең мәз» дегенді рахаттана еске алатын. Осы «заңсыздық» 1966 жылы мамыр айына дейін ұласқан. Тек ректор естіген бойда-ақ оқу жылының соңы болып қал­ғанына қарамастан, сол заматта 0,5 жүктемемен заң­дастырған.

Енді сол шәкірті өзі басқа­рып­ отырған кафедраға басыбай­лы келгенде жоспарлы жүк­те­ме­сіне қоса студенттердің әдеби үйірмесін де қанжығасына байлап берген. Академияны азан-қазан шулатып келген шәкіртінің «жап­тым жала, жақтым күйенің» құр­баны болғанына қанық ұстазы, білімдінің мыңды жығатын білі­мін дәлелдейін деді ме, әлде үйір­ме­сіне жетекші жетпей жүрді ме, қалай болғанда да факультеттің талантты студенттерін үйіріп, Тұр­секеңді соларға жетекші етіп қойған. Бүгінгі әдебиет пен мә­дениеттің басы-қасында жүрген Қа­зақстан жазушылар одағын ұзақ жыл абыройлы басқарған ақын Нұрлан Оразалин бастаған Сағат Әшімбаев, Әділбек Тауасаров, Б.Кенжебаевтың өз шәкірті Алма Қыраубаева әдебиетке үйір та­лантты басқа да студенттер үйір­ме­нің көрігін қыздыра түскен.

Жаңа орындағы жұмысбасты­лы­ғы­на қарамастан өзінің сүйікті хоббиі Сәкен жөніндегі зерттеуін де бір сәтке тоқтатпаған. Соның нәтижесінде, ҚазМУ-ға келген бойда 290 беттік «Қызыл сұңқар» тарихи-әдеби очеркін бас-аяғы үш айдың ішінде баспадан шығарған. Аяқ алысын сырттай қадағалап жүрген «достары» көрші кафедрадан сы­байлас тауып, тырнақ астынан қанша кір іздеткенімен қазақ жыл­қы кісінескенше демей ме?.. Тұрсекеңнің мінезіндегі қай­сар­лы­ғы, әдетіндегі тазалығы, екі тіл­де еркін сөйлейтін ораторлық қа­білеті, сыртқы мәдениетіне әр беріп тұрған ішкі азаматтық қа­сиеті, ең бастысы үнемі ізденіс үс­тін­де жүретін білімі осының бәрі сын көзді де, жел сөзді де көкке ұшырған.

Баспасөзде алпыс тоғызыншы жылға дейін өзінің ғылыми мақа­ла­ла­рымен белсенді болған Тұрсекең, негізгі зерттеу объектісін де назар­дан тыс қалдырмаған. Соның нәтижесінде одақ көлемінде бел­гілі Әзербайжанның ғұлама ғалымы Камал Талыбзаденің, Мәлік Ғабдуллиннің, Мұхамеджан Қаратаевтардың оппоненттігімен докторлық диссертациясын абы­ройлы қорғап, оны Мәскеу дер кезінде бекіткен.

Содан кейін жыл аралатпай кітаптан кітап. ҚазМУ-дың ғалым­да­рына кітап шығару таңсық бол­мағанымен, кітаптың да кітабы бар. Тұрсекеңнің Орталық Азияны былай қойғанда түркітілдес ұлттар арасынан бірінші болып көш бастап, Мәскеудегі «Молодая гвардия» баспасының «Тамаша адамдар сериясынан» (ЖЗЛ) «Сәкен Сейфуллинді» (1972 жыл) шығарғаны тек автор үшін ғана емес, ҚазМУ үшін де абырой болғаны анық. Себебі кітаптың қадір-қасиеті артып тұрған кез. Оның үстіне қорғаған докторлық диссертациясы қазақ әдебие­ті­нің ғана емес, ғылымының ке­ре­гесін керіп, кеңейтіп жатса, ұлт­тық ғылымға қосылған одан ар­тық қандай үлес болуы мүм­кін? Бұл – бір. Екіншіден, ғы­лы­ми жаңалығы сол кездегі Әде­биет және тіл институтын шаң қаптырып, ҚазМУ-да орындалуы – ғылыми бағытта оқытатын уни­верситет үшін үлкен жетістік. Абырой! Оны терең білімнің де, нағыз ғылымның да қасиетін өте жақсы түсінген сол кездегі рек­тор Өмірбек Жолдасбеков бағалаған. Тұрсекеңді кейбіреулердің «кеше ғана келген» дегеніне де, «жер астынан жік шықты» дегеніне де қарамастан кафедра, факультетті басқару ісіне тарта бастаған.

Ө.Жолдасбековтің ҚазМУ-ға қатысты ешкімге ұқсамайтын аза­маттық ұстанымы туралы аңыз­дай айтылатын ақиқат көп. Соның ең бастысы, кадр таңдаудағы прин­ципі. Ешкім қайталай алмайтын батыл қадамдары. Фактіні алыстан іздемей-ақ Тұрсекеңе қатысты шығарған бұйрықтарының кейбірін сөйлетсек те жетіп жатыр. Кезекті еңбек демалысына шығып бара жатқан факультет деканы Кәкен Ахановтың орнына доценттігін кеше ғана алған Кәкішевті декан етіп тағайындауы. Не болмаса, шығармашылық ұзақ демалысқа шығып бара жат­қан Б.Кенжебаевтың орны­на­ Т.Кәкішевті кафедра мең­геру­ші­­­­сінің міндетін атқарушы деп шығарған бұйрығы. Кеңестік жүйенің тәртібі ме, әлде Өмір­бек Арысланұлы ұстанған темірдей тәр­тіп пе, шығарған бұйрықтарын­да айлығына қосымша үстеме­ақысы да ашық көрсетіліп отырған.

Жоғары оқу орындарының негізгі міндеттерінің бірі – абитуриенттерді студент қатарына қабылдау. Қашанда талантты абитуриенттердің жолы болғанын қалайтын ректор, Тұрсекеңнің та­залығын, жоқ әлде талантты балаларды іріктеудегі батыл қадам­дарын ұнатты ма, ол бір өзіне ғана аян. Бізге белгілісі, Тұр­се­кең университеттің қайнаған науқандық жұмыстары тұсында Ө.Жолдасбековтің сенімді серік­терінің біріне айналған.

Бір жылдың еңбек демалысы екінші жылға қосылып «шарша­ған» Тұрсекең кезекті бір дема­лы­сын ерте қамдап, алысқа кетіп қалған кезі де болыпты. Бірақ дем алып жүрген жерінен де, ем алып жүрген жерінен де жер шал­ғайлығына қарамастан ректор ша­қыртып алған. Солай жаздың жайлы демалыстарынан қағылған Кәкішев есесіне қазақтың талай талантты балаларының жолын ашқан. Бүгінгі бас алаштанушы, әуе­зовтанушы Тұрсын Жұртбай мен атағы да «Манас» жырындай ұзақ, өзі де қазақтан шыққан тұң­ғыш және жалғыз манасшы Баянғали Әлімжанов Тұрсынбек Кә­кішевтің шапағатын көрген мыңдардың бірі ғана. Бала бойын­дағы талантты жазбай тани­тын қасиеті Тұрсекеңді талай заң­сыз­дыққа да апарған. Соның көбіне куә болған марқұм Алма апай мейірімін төгіп отырып әң­гімелеуші еді.

Кадр таңдаудағы талғампаз ректордың Тұрсекеңе деген сені­мінің сыйластыққа ұласуы ҚазМУ-дағы ректорат тара­пы­нан қаптаған бұйрықтардың орындалуының ғана жемісі емес. Іскерлік қабілеттен ешкімге есе жібермейтін ректор Тұрсекеңнің қабі­летіне көрік беріп тұратын бі­лімін бағалаған. Оған нақты дәлел – облыстық, республикалық, одақ көлемінен ректордың аты­на түскен арнайы қатынас қа­ғаздар. Ректор жан-жақты сұра­нысқа ие профессорының жұмыс­бас­тылығына қарамастан, емін-еркін жүріп-тұруына да жағдай жасаған. Оның үстіне Қазақстан жазушылар одағы басқармасы да республика көлемінде өтетін іс-шараларына ғана емес, одақ­тас республикалардың жазу­шы­лары мен сыншыларының одақ көлеміндегі жиындарына Кәкі­шевтің қатысуы қажеттігін хабар­лай отырып, рұқсат етуін өтіне сұраған хаттарға Өмірбек Арысланұлының құлшына қойған бұ­рыштамасы соның айғағы. Рек­тор солардың қай-қайсысына да оң шешім шығарған. Сол хаттардың ішінде Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры Евней Бөкетовтің де қатынас қағаздары сайрап тұр.

Қазақ әдебиетінің не ғылы­мы­ның республикалық, одақтық деңгейдегі сөзін ҚазМУ-дың про­фес­соры сөйлеп жатса, әрине, уни­верситет үшін де үлкен мәр­тебе. Ал үлкен трибуналардан ғылымның өзекті проблемасын көтеріп, оның шапағатын одақтас республикалардың ғалымдары да көріп жатса ше? Ол ғалымның ғана емес, ұлттың да мерейі. Мәскеудің ше­неунік ғалымдарын ҚазМУ-дың филология факультетінен дис­сертациялық кеңес ашуға көндірген.

Кеңес одағы кезінде Мәскеу­де­гі ғылыми кеңес одақтас респуб­лика ғалымдарының басын қо­сып, көшпелі жиын өткізіп тұ­рады екен. Ашғабадта өткен сон­дай бір кезекті жиында сөз алған Тұрсекең республикаларда ғылымның өсіп-өркендеуіне ғы­лыми кеңестердің аздығы, сарапқа салатын кеңестің де Мәс­кеу­ге ғана байланғандығының ке­дергісін айта келіп, «одақтас республикалардағы ғылыми ба­ғытта оқытатын ҚазМУ сияқты жетекші оқу орнындарында неге диссертациялық кеңес ашпасқа? Ол Орталықтағы ұзын-сонар кезекті де азайтады. Ал шындығына кел­генде әр елдің өз тілінде жазып кеткен ата-бабасының мұрасын сол ұлттан артық кім біледі, сол ұлттың ғалымдарынан артық кім саралай алады, оны уақыт дәлелдеп отырған жоқ па» деген көптің көкейіндегі өзекті сұрақты ортаға тастап кеп жіберген. Тұрсекеңнің ұсынысын бірден іліп әкеткен грузин ғалымдары болыпты. Аш­ғабадтың төрінде одақтас рес­пуб­лика ғалымдарының күндей күркіреген дауысы Мәскеуге сол заматта жеткен. Жүйелі сөзді ғы­лыми шындыққа негіздеп, тең­сел­се тау қозғайтын ғалымдар талап еткенде Мәскеу де құлақ асқан.

ҚазМУ-дың филология факуль­те­­ті­нен ашылған диссер­тация­лық кеңестің қазығын осылай қақ­қан Кәкішев, ұйымдастыру жұ­мысының билігі төраға ретінде өз қолына тигенде баяғы өкпе-назды жиып қойып, Әдебиет және тіл институтындағы үзеңгілестерін де Ғылыми кеңесіне шақырған. Кәкішев те олардың ғылыми ке­ңестерінің белді мүшесі болған. Өзі ашқан диссертациялық кеңесті Тұрсекең он шақты жыл басқарып, беделді кеңеске айналған кезінде досы Зекең – Зейнолла Қабдоловқа ауысты. Осындай ортаға салған ойы да, бастаған ісі де, ғылымдағы жолы да, бәрі де ең алғаш тыңға түрен салғандықтан тілеуқор дос­тары да, аңғарымпаз шәкірттері де Тұрсекеңді мұзжарғышқа теңеген.

«Кезінде ҚазМУ-дың даңқты бо­луы республикадағы жалғыз уни­верситет болғандығынан ғана емес, Мәскеудегі МГУ-дың ғы­лы­ми бағытта оқытатын үрдісін ұстанғандықтан және сол дәстүрдің Өмірбек Жолдасбековтің рек­тор­лығы тұсында құнарлана түс­кен­дігінде», дейтін Тұрсекең. Ректордың ҚазМУ-ды басқарудағы әдісін классикалық үлгі ретінде көретіндіктен дәстүрлі жалғастық тапқанын қалайтын. Сол себепті білім, ғылымның жағдайын жақсы түсінеді-ау деген министрлерге өзінің ұсыныстарымен арнайы кіретін. Оның нақты дәлелі ҚазМУ-дың бүгінгі ректоры Жансейіт Түймебаев Білім және ғылым министрі болып отырғанда арнайы барған Тұрсекең ҚазМУ-дың гума­нитарлық факультеттерінің жа­нынан ғылыми зерттеу лабора­торияларын ашу керек деген ұсы­ны­сын айтты. Бұл – 2009 жылдың 29 қаңтары. Істің мән жайын ұға қойған министр: «Жаратылыстану факультеттерінің практикасында бұрыннан бар үрдіс қой», деп мәселені қолма-қол шешіп берді. Филология факультетіндегі про­фессор Жанғара Дәдебаев бас­қарып отырған Абай зерттеу орталығы – соның нәтижесі. Факуль­тетке қатысты мәселесінің тез ше­шілгеніне риза болған Тұр­се­кең: «мәселені тез шешуіңе қа­ра­ғанда сен істің көзін білетін дұрыс министр болдың ғой» деп қалжыңдап алады да, ҚазМУ-дың қадір-қасиеті көтере алатын өте маңызды ұсыныс айтты. Ол ұсы­нысын ол кезде орындау мүмкін емес еді.

ҚазМУ-дың абыройлы болуы білімді де мәдениетті ұстаздарында деп білетін Тұрсекең кейінгі жылдары оқытушы құрамының біліктілік деңгейіне қатты алаң­дайтын. ҚазМУ-да қызмет істе­гі­сі келгеннің емес, қызмет іс­теу­ге лайық кадрдың жүргенін қа­лайтын. Ол Ө.Жолдасбековтің «Кадр базалық білімді ҚазМУ-да алуы керек» деген негізгі ұста­нымын қолдайтын, оның өзін­дік артықшылығын да айтып оты­ратын. Кезінде ҚазМУ Мәскеу мен Ленинградтың жетекші оқу орындарының түлектеріне ғана мойын бұрғаннан ұтқанын мақұлдайтын. Бүгінгі заман ағы­мымен егемендік Батыспен бай­ланысты арағайынсыз тікелей араласуға мүмкіндік туғызғанда, біреулердің тықпалаған төбе­ле­ріне тамсанбай, өзіміздің тау тұлғаларымызбен оларды таң­ғал­дырайық деп ұлттық деңгейден қарайтын.

Тұрсынбек Кәкішев – өмірде болсын, ғылым жолында болсын ешкімді қайталамаған ғалым. Не зерт­тесе де тыңға түрен салды. Бастаған ісін орта жолда тас­тап кете салмайтын қасиеті кан­дидаттық зерттеу жұмысынан бас­талған ғылыми тақырыбын ҚазМУ-да жалғастырып, жоғары оқу орындарының оқулығы деңгейіне жеткізген ғалым. Бұл ҚазМУ алдындағы жауапкершілігі. Ғалымдық, ұстаздық борышы.

Шәкірттерін де мүмкіндігінше табанды, шыншыл, еңбекқор, ұлтжанды азамат болуға баулитын. Өзі сияқты ұлттың сөзін айтып, қара қылды қақ жарып жүрген шәкірттері де бар. Ақырын жүріп ғылымын дамытып, азаматтық келбетін сақтап жүрген шәкірттері де бар. Адамды тұрмыс билеген заманға тап болдық деген желеумен, бетінің арын белбеуіне буған шәкірті де бар.

Тұрсекеңнің «профессор үшін лекция оқығаннан артық рахат жоқ» дегенін талайлар ес­тіген шығар-ау. Өмірбек Арыслан­ұлы: «Ағасы, сіздің қарсы бола­тыныңызды білемін, бірақ лайық кадр тауып алғанша факультетті бір иығыңызбен тірей тұрыңызшы» дегенін араға неше жыл салып айтса да өзгеріссіз, дәл осы күйін­де еске алатын. Кәкішевтің бір иығымен тірей тұрған декандығы 1986 жылғы Желтоқсан көтері­лі­сіне тап келген. Өмірбек Жол­дасбеков ректорлықтан түс­кен­ше Тұрсынбек Кәкішев те декандық орнында отырған. Се­бе­бі студенттерін сақтап қалуға жасаған Тұрсекеңнің батыл қадам­дарын ректор қолдаған. Ал ректор ауысқанда арыстандай айбатты мінезге қалыптасқан Тұрсекеңе, жаңа басшының талабы да, ұстанған позициясы да ұнамаған. Сондықтан ректордың тапсырмасын орындамаған. Кейбір декандар ректорат пен факультет арасында протокол тасып үр­гін-сүргін болып жүргенде филология факультетінің деканы оқытушыларын да, студенттерін де үрейге бой алдырмай, сабыр­ға шақырған. 1986 жылғы Жел­тоқ­санға филология факультетінен қанша студент қатысса да, соларды «шолақ белсенділердің» қанды шеңгелінен алып қалған. Ең бірінші инфаркты да сол кезде алған.

Ал осыдан үш жыл бұрын 2020 жылы айдын күннің аманында филология факультетінен 10 сту­дентті бірдей оқудан шығарған оқиға болды. Барлығы да ер ба­лалар. Мемлекеттік грант иелері. Филология факультетінде арпа ішінде бір бидайдай жүретін ұлдар не ғылымға, не өнерге бейім ке­летіні екібастан белгілі. Бұл жерде билігі бардың қулығы, мөрі бардың сұмдығы аядай кабинетте іске асып кетті. Түпкі мақсат белгілі еді. Сол істің ақ пен қарасын ажы­­ратуды факультет деңгейінде қалдырмай, сол кездегі ректорат өз қолына алғанда, қордаланған талай былықтың беті ашылатын еді. Осы тұста Кәкішевтің жоқтығы білінді.

Себебі факультетке келген ер балалардың әрқайсысынан талант­ты көретін Тұрсекең қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыт­пай қызғыштай қорып жүретін. Оларды жетектеп кімге, қайда бар­мады? Кімге қоңырау шалма­ды? Президентке де хат жаз­ған кезі болған. Талантты балала­ры «балалық» жасап қойса солар­ды елден бұрын түсінетін де, түсіндіретін де өзі болатын. Әр кез мінезді балалардың сөзін сөй­лейтін. Олардың артық-кем бала­лығын ақтайтын дәлелі де дайын тұратын. Ал ол балалардың проблемасы сабаққа қатысты бол­са жетектей ала жөнелетін. Он­дайда өзін де құрбандыққа шалып жіберетін.

Әсіресе айтыскер Серік Қа­лиев, Дәулеткерей Кәпұлы, Бал­ғынбек Имашев, Серікзат Дүйсен­ғазин, Мұхаметжан Тазабеков – Тұрсекеңнің қазақ әдебиетінің тарихы мен сыны кафедрасында қанаттанып ұшқан балалар. Олар факультетте еркін жүріп, бұла өсті. Өзі айтыстың бел ортасында жүрген соң, айтыскер студенттерді ерекше қолдайтын. Саяқ жүретін Мұхаметжанның талантын белден басқысы келіп азуын айға білеген бір ағайының қанды шеңгелінен бүкіл кафедра алдында аман алып қалған да ұстазы Кәкішев еді. Сол Мұхамеджан үйленіп, Тараздағы тойына шақырғанда баласынбай арнайы барып, батасын берген де – Тұрсекең.

ҚазМУ қалашығындағы ер­сі­лі-қарсылы ағылып жатқан студенттермен бір толқында жүргенді қалайтын. ҚазМУ-ын жақсы көргені сондай, соңғы сапарына да Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайынан шығаруды аманаттады. Ол солай болды да.

Қазақта «жақсының жақсы ісін айт, нұры тасысын» деген ата­лы сөзіне жүгінсек, ҚазМУ-дың бүгінгі жағдайы талапқа сай. Жансейіт Түймебаев рек­тор болып келген бойда-ақ ең бірін­ші құлдырап кеткен айлық мәсе­лесін бірден шешті. Азып-тозып кеткен ғимараттарға күрделі жөн­деу жүргізді. Қазір ҚазМУ қала­шығының іші-сырты бірдей бүтін­деліп, еңсесі көтеріліп қал­ды. Оқу орнының тамырына қан, ҚазМУ қалашығына жан біте бастады. Ең бастысы, кешегі КазГУ, бүгінгі ҚазМҰУ бұрынғы дәстүрді жаң­­ғыртып ғылыми бағытқа бет бұрды. Бұл да профессор, қайраткер Тұрсынбек Кәкішевтің ішінде кеткен бір арманы еді.

 

Күләш АХМЕТОВА,

филология ғылымдарының докторы, профессор