«Сарайшық» музей-қорығының бас инспекторы, археолог Айбек Тұрарұлының айтуынша, 2005 жылы Жайық өзенінің жарқабағынан моншаның жарты бөлігі сақталған орын анықталған. Оны археологтер Зейнолла Самашев, Мұқтар Қожа тапқан екен. «Биыл тағы бір моншаның орны табылып отыр. Екі моншаның бір-біріне ұқсастығы бар. Бұлар жалпы халыққа арналған қоғамдық монша емес. Жеке адамдардың өз отбасына арнап салған жеке иелігіндегі моншалары. Өйткені Алтын Орданың гүлденген дәуірінде қоғамдық моншалар кең тараған. Кейіннен оның іргесі ыдырап, бірнеше бөлікке бөлінген соң әр ауқатты отбасы өздері үшін осындай шағын монша ашқан. Бұл моншаны ноғай-қазақ кезеңіне сәйкес келеді деп есептейміз», дейді Айбек Тұрарұлы.
Оның дерегіне қарағанда, монша үш бөліктен тұрады: киім шешетін, жуынатын бөлмелер, пеш орнатылған бөлігі.
Археологтердің зерттеуіне сүйенсек, Сарайшық қалашығында қонақүйдің болғаны дау тудырмайды. Бұған археологтер тапқан 14 бөлменің орны дәлел бола алады. Археологиялық қазба жүргізу кезінде Алтын Орда дәуіріндегі қыш бұйымдар мен тиындар табылған. Қыш бұйымдардың сырты жасыл түске боялған. Ал авирол ыдысы қызыл қыштан жасалған. Тіпті хорезмдік керамикалар бар.
Сарайшықтағы қазба жұмыстары Мәдениет және спорт министрлігінің 2021-2023 жылдарға арналған «Қазақстанның батыс өңіріндегі алтынордалық қалалар, көне керуен жолдары және керуен-сарайлар: пәнаралық зерттеулер» (ХІІІ-ХV ғғ.) ғылыми жобасы аясында жүргізіліп келеді. Биыл тарих ғылымдарының докторы, профессор Ұ.Ахметованың жетекшілігімен 800 шаршы метр аумақта қазба жұмыстарын жүргізу көзделген.
«Батыс қақпаның маңында қазба жұмыстары қолға алынды. Болашақта осы аумақтан туристерге арналған түрлі нысан ашуды жоспарлап отырмыз», дейді А.Тұрарұлы.
Атырау облысы