Өзінің командасымен бірге бөлшек саудада есеп-қисапты жеңілдететін бағдарлама жасап жатыр. Рас, осы күні Қарағанды көлемінде көптеген жастың түрлі компьютерлік бағдарлама жасайтын қабілет-қарымын жалпақ жұрт біле бермейді. Әділдей жаңашылдыққа ұмтылған жастарды көріп, былай бағамдайды екенсіз: ақпараттық технологияның жілігін шағып, майын ішетін болашақ Джобс пен Цукербергтер арамызда жүруі әбден мүмкін ғой, кім біледі?..
Өңірдегі жастың ІТ-технологияға таласы бар. Осылай болжам жасауымызға шағын несие алып, компьютерлік бағдарламаны жіліктеп отырған Әділ Мүсидің жобасы себеп. Жоба сәтті аяқталса, бухгалтерлерге шарапаты тиеді.
Жақында 4 млн 400 мың теңге шағын несие алған Әділ Мүси Қарқаралы ауданы Қарағайлы кентінде тұрады. Ол командасымен бөлшек саудада есеп-қисапты жеңілдетуге мүмкіндік беретін бағдарлама жасап жатыр.
«Шағын несиені IT-жобаға алдық. Бұл бағдарлама бөлшек сауданың ішкі есебін касса бойынша операцияны және қоймадағы бар тауардың қалдығын көруге мүмкіндік береді. Барлық алғашқы құжатты автоматты түрде жүргізеді. Әр тауар сатылған сайын заң жүзінде керек бастапқы құжаттар автоматты түрде шығады. Бағдарламаның аяқ алысы жаман емес. Кодтау үстіндеміз. Дизайнын, макетін құрып, алдағы маркетингтік стратегияны құрастыруға кірістік. Бәрі ойдағыдай болса, келер жылы бағдарламаны сынақтан өткіземіз. Кәсіпкерлікпен айналысқаныма 5 жыл. Осы 5 жылда бизнеске және кәсіпкерлерге арналған жеңіл әрі түсінікті бағдарлама жоқ екенін түсіндім. Көптеген кәсіпкер маған дүкендеріне, дәріханаларына автоматтандырылған арнайы бухгалтерлік есепті жүргізетін, яғни сатып алғаннан кейін құжаттарды автоматты түрде дайындайтын бағдарлама сұрайды. Бағдарламалар бар. Бірақ олар толық емес. Бір функциясы бар, енді бір функциясы жоқ. Ал біздің бағдарламада касса, қойма, бухгалтерия түгелдей бір-бірімен керекті ақпаратты автоматты түрде алмасады. Осы күнгі нарықтағы бағдарламаларда біз ұсынып отырған функциялар жоқ. Кездессе де, өте қымбат тұрады», дейді Әділ Маратұлы.
Қазіргі уақытта ойдағы жобасына Әділ командасымен кіріскен. Алдағы уақытта бағдарлама сатылымға шыққанда, тағы да 10 шақты адамды жұмыспен қамту жоспарының бар екенін де жеткізді. Бағдарламаларына батыл кіріскен Әділ несие алуға тиісті құзырлы ұйымдардың кеңес беріп, мемлекет қолдауын айқын сезінгенін айтады. Кәсіп етуге құлшыныс бар да, кедергіге кідірмейтіндеріне қолдау көрсетілсе, қопарып жұмыс істейтіндеріне сенімді.
Әділдің бағдарламашылар тобы мұнымен тоқтап қалмайды. Командадағы жігіттер алысты көздеп отыр. Төл бағдарламаларының бағын әлемдік деңгейде сынамақ ниеті бар.
«Бағдарламаны әлемдік деңгейге дейін жеткізу жоспарда бар. Оның барлығы тынымсыз еңбек пен біраз уақытты талап етеді. Бизнесте кең тараған бағдарламалардың тәжірибесіне сүйене отырып, отандық бизнеске керекті құралдардың бағдарламасын ұсыну ойымызда», дейді Әділ.
Әділ – 22 жаста. Қарқаралы ауданы Аққора ауылында дүниеге келген. Қарағайлы кентінде №16 жалпы білім беретін мектепті ойдағыдай бітірген. Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетін тау-кен инженері мамандығы бойынша тәмамдап шыққан. Әкесі Марат Мусин де, анасы Жазгүл Советқызы да өндіріс саласында еңбек етіп жүр. Оқуды озат бітірген Әділге де осы саладағы компаниялардан бірнеше рет шақырту түскен. Бірақ Әділ IT саласы бағытын таңдапты. Біз білген Әділдің ізгі әлемі әзірге осы.
Қарағанды облысы