Бірде соғыс ардагері, жазушы, Халық қаһарманы Қасым Қайсеновпен сұхбаттасқан Ахат Жақсыбаев:
– Қасеке, өмірде жек көретін нәрсеңіз не? – деп сұрақ қояды. Сонда ержүрек қарт партизан іркілместен:
– Ең жек көретін нәрсем – менмендік. Менмендік адамды меңіреу етеді. Ал меңіреулік түбіңе жетеді, – депті.
Иә, ой таразысынан өткізсек, шынында да адамның бойындағы бір қасиетсіздік – менмендік, тәкаппарлық, өзімбілемдік екен. Оны мына мың құбылған сайқымазақ дүниеден күнде болмаса да көріп жүрміз. Әсіресе бұл жағымсыз қасиет өзіміздің қазақтар арасында жиі ұшырасатыны рас. Неге? Ол қанмен берілетін қасиет пе? «Қалтасы қалыңдаған» байшыкеш, қызметі өскен адам уақыт өтпей-ақ айналған ащы шектей өзгеріп, өркөкіректеніп, танауы желбиіп, кеудесіне нан пісіп, маңғазданып шыға келетіні несі? Ой, сұмдық-ай! Орыс халқында «Егер кісіні сынамақ болсаң, оған қызмет бер» деген сөз бар. Қызмет дәрежесі сәл өссе, кекірейіп, оқтау жұтқандай паңданып «ханға сәлем бермейтіндер» аз емес-ау, мына қызылды-жасылды дүниеде.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Мемлекеттік қызмет жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл – туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау» деген сөзін естен шығарып, қызмет бабын пайдаланып баю жолына түсіп, дәрежесін табыс көзіне айналдырып, түкірігі жерге түспей, сөйтіп бірте-бірте құлқынның құлына айналатын басшылардың айналамызда көп екені қынжылтады. «Мен», «мен» дей берме, Меңдеп өлерсің», немесе «Жақсыны мақтасаң, сақтанады, Жаманды мақтасаң, қомданады», «Өзім білем» деген өрге баспас». «Үш нәрсе адамды бақытсыздыққа ұшыратады: сараңдық, қомағайлық және менмендік». Міне, бұл дана, өткір сөздерді атам заманнан бабаларымыз айтып, ұрпағымыздың құлағына сіңіріп кеткен. Ал орыс жазушысы Антон Чехов «Ешқашан, ешбір жағдайда өзіңнің дандайсуыңа да, менмендікке салынуыңа да жол берме» депті. Ойлап отырсақ, қазіргі билік иелері арасында менмендік басым болып бара жатқандай болады да тұрады.
Менмендік адамның өзін басқадан артық санап, бақ пен байлықты, билікті көтере алмай, ақымақтық пен тәкәппарлыққа салынуынан көрінеді. Менмен адам өзімшіл болып, басқа адамдардың көзқарасымен, ой-пікірімен санаспай, тек өз мүддесін ғана ойлаумен өмір сүреді. Бір сөзбен айтқанда, менмендік адамды тура жолға жетелемейтіні белгілі, керісінше оны ертелі-кеш орға жығады, абыройдан айырады, бақытсыздыққа ұрындырады.
«Ұлық болсаң, кішік бол» деген қанатты сөз бар. «Ұлық» – кісінің бойындағы қарапайымдылық жақсы қасиет. Әрине, қарапайым боламын, кішік боламын деп кісіліктен жұрдай болу, қарабайыр болу да қауіпті. Мінезсіз, тым ретсіз қарапайымдылық адамды бейшаралыққа, мүсәпірлікке айналдырады. Ол адамды ынжық, күйрегіш етеді. Жақын-жуығы, тіпті өзіне жақын бала-шағасы мен әйелі де оны менсінбей, пікірін елемей, қауқарсыз, үнсіз бейшара пендеге айналдырып жібереді. Демек «кішік» болудың да өз жөні бар. Ал жөнсіз кішік болсаң, жол жағасы – аяқ астындағы қауқарсыз бір түп шиге ұқсап кетесің. Ондай шиге ары өткен, бері өткен ит те сариды, көрінген мал таптайды... Сөйтіп, ол келе-келе мүжіліп жоғала береді, бірте-бірте мүлдем жоқ болады, ізі де қалмайды. Қорынышты, аянышты...
Өмір жолында, қызмет бабында кімдермен кездесіп, кімдермен әңгіме құрып, кімдермен дәмдес-тұздас болмайсың? Әркімнің өз орны, кәсібі, ойы, мінезі бар. Біреуінің бойынан адамгершіліктің, жақсылықтың, ізеттіліктің, имандылықтың ізі байқалып тұрса, екіншісінен тәкаппарлық, кекірттік, кесірлік, тоңмойындық, өркөкіректік, менмендік бетіне шығып, айқайлап тұрады. Оларға не дерсің?..
Бірде шәкірті ұстазынан сұрайды:
– Ұстаз, өмірдің мәні неде?
– Кімнің өмірі? – деп таңдана сұрағына сұрақпен жауап берді ұстазы. Шәкірті сәл ойланып барып:
– Жалпы, адам өмірінің... Ұстазы терең күрсінді де:
– Бұл сұраққа кім жауап бере алады? – деп басқа студенттерден сұрады.
Бірі:
– Бәлкім, өмірдің мәні махаббатта шығар...
– Жаман жауап емес, деді ұстазы, – бірақ ондаған жыл өмірім бекер өтпеді деп айту үшін бір ғана махаббат жеткіліксіз секілді.
– Меніңше, өмірдің мәні соңыңнан із қалдырып кету. Мәселен, сіз, Ұстазым!..
– Егер сені дұрыс танымайтын болсам, жай ғана жағымпазданып тұр деп ойлар едім.
– Сонда көп адам бекер өмір сүріп жатыр деп есептейсің бе? – бірі осылай деп еді, енді бір студент:
– Өмірдің мәні осы мәнді іздеу шығар, мүмкін.
– Қане, қане, – деп қызыға түсті ұстазы: – ойыңды ашып айтшы, неге олай дедің?
– Біз осы сұрақты талқылап отырмыз, демек, жауабын дөп басып айту мүмкін емес. Екіншіден, дұрыс жауабын таптым деген күннің өзінде ол жауапқа қарсы шығатын адам бәрібір табылады. Осылай бүкіл өміріміз осы өмірдің мәнін іздеумен өтеді.
– Сонда өмірдің мәні...
– Өмір сүру, – деді шәкірті.
Осымен сабақ та аяқталды. Әркім осы ойды арқалап, аудиториядан шыға берді. Осы жолдарды оқып отырып мен де ойға қалдым: «Ия, өмірдің мәні неде? Белшесінен жиған байлығы ма, әлде халқымен бірге болып, оның суығына тоңып, жылуын бөлісіп, елге деген қамқорлығы, басқаларға жасаған жақсылығы ма?..». Санаға салмақ салар сұрақ аз емес.
Тәкаппарлық нақты жетістіктер мен жеңістерден кейін немесе керемет қабілеттер аясында жиі кездесетін «жұлдызды аурудың» көрінісі болуы мүмкін. Дегенмен, әр адамның ерекше екендігі ұмытылады, әркім талантты музыкант, актер, спортшы немесе бай адам бола алады. Сонымен қатар, бір адамның жетістігіне қанша адам үлес қосқанын есте сақтап, оны түсіну керек. Мәселен, актер биік мансабын өзі жасады ма? Оның жетістігіне мектепте, үйірмелерде және университетте сабақ бергендер, қолдау көрсетіп, көмектесіп, соңында оның жұмысын жақсы көріп, бағалаушылар да үлесін қосты емес пе?..
Қоғамда барлық адамдар туғаннан бастап өзара араласады. Үйдегі электр энергиясы көптеген қарапайым жұмысшылардың жұмысының нәтижесі, ал кейбір менмен адамдар оны қолданып, осы еңбегі ауыр жұмысшыларды менсінбей жатады. Сіз айналаңыздағы жандарды белгілі бір іс-әрекеттері үшін сүйе немесе құрметтей алмайсыз. Оған қоса сіз өзіңізді бүкіл адамзаттан жоғары қоя алмайтыныңыз да шындық.
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор
ТАРАЗ