Форум • 17 Тамыз, 2023

Түркі мемлекеттерінің дүниежүзілік медициналық конгресі өтті

228 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният бастаған қазақстандық делегация Өзбекстанның Самарқанд қаласында өткен Дүниежүзілік Түркі медициналық конгресіне және Түркі мемлекеттері ұйымы елдерінің денсаулық сақтау министрлерінің кездесуіне қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz аталған министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түркі мемлекеттерінің дүниежүзілік медициналық конгресі өтті

Фото: Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі

 Денсаулық министрлігі

Іс-шара барысында министрліктер басшылары Түркі мемлекеттері Ұйымы Хатшылығының қолдауымен денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді талқылады. «Медицина тарихына, ортақ мұраға құрмет» туралы Самарқанд декларациясын қабылдады.

Декларацияны қабылдау елдерге онкологиялық көмекті, фармацияны, медициналық және фармацевтикалық кадрларды даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды, денсаулық сақтаудағы цифрландыруды және түркі мемлекеттерінің халқына медициналық көмекті жетілдіру бойынша сындарлы тәсілдерді әзірлеуге мүмкіндік береді.

Форумның шеңберінде ТМҰ  Бас хатшысы Қ. Өміралиевпен, Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан, Татарстан Денсаулық сақтау министрлерімен кездесулер өткізілді.

Форум қорытындысы бойынша Түркі әлемі мемлекеттерінің өзара тиімді әріптестігін нығайту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді, сондай-ақ ТМҰ мемлекеттерінде қазақстандық медицина күндерін өткізуге қатысты Қазақстанның бастамашыл ұсынысы қолдау тапты.

Сапар барысында министрлік басшысы «Samarkand England Eco-medical» және «Tashkent Pharma Park» Самарқанд фармацевтикалық зауытына және басқа нысандарға барды.

Іс-шара барысында А.Ғиният түркі мемлекеттерінің өкілдерін 2023 жылғы 22-27 қазанда Астана қаласында жоспарланған МСАК жөніндегі жаһандық конференцияға және ДДҰ Еуропалық өңірлік комитетінің 73-ші сессиясына қатысуға шақырды.