Жәдігер • 17 Тамыз, 2023

Ғұн мөрі

290 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мөр-таңбаның тарихы те­реңде. Оған осыдан бірнеше жылдың алдында Өтукен қойнауынан табылған мына бір жәдігер, яғни ғұндардың мөрі дәлел.

Ғұн мөрі

Бұл – мөрді ғұн бабаларымыз осыдан екі мың жыл бұрын пайдаланды деген сөз. Тарихи деректерде б.з.д. екінші ғасырда өмір сүрген көшпелі Ғұн ұлысы батыс Хань империясы, көршілері Дүнху, Сяньби, т.б. мемлекеттерімен, сондай-ақ өздеріне бағынышты Динлин тайпасы қатарлы елдермен қазіргі тілмен айтқанда, дипломатиялық қарым-қатынаста болғаны туралы ежелгі қытай жазбаларында (Сыма Цянь) баяндалады.

Осы орайда айтпағымыз, ғұндар мемлекетаралық саяси-жауынгерлік шарттар кезінде өзара келісімді бекіту үшін мөр пайдаланғаны анық. Ал бұдан бес жыл бұрын Моңғол – Франция біріккен экспедициясы Өтукен қойнауының (Моңғолия) күретамыры Тамыр дариясының сағасы Ұлан-қошу атты алқаптағы 2-қорғанды қазған кезде тапқан бұл мөрдің сипатына тоқталсақ, төртбұрыш пішінді жәдігердің сыртқы пошымы екіқабат қоладан құйылып, жоғары жағында мөрді бүлдіргілеп алып жүретін таспа өткізерлік тесік орналасыпты. Жәдігердің биіктігі – 1,3 см, төртбұрыш өлшемі – 1,7 х 1,6 см.

Мөрдің басты құндылығы – табанында шаршыланған жазуы бар. «Бұл – жәдігер ғұндардың жазу мәдениетін әйгілейтін бірден-бір дәлел», дейді зерттеушілер. Бірақ жазуды әзірге жер бетінде оқитын маман жоқ.

Бұған дейін аталған жәдігерге ұқсас мөр 2010 жылы Табын Толағай (Таван Толгой) қорған кешенінің 59-обасынан шықса, Қытай Халық Республикасының жеріндегі ежелгі Оңтүстік ғұн мекенінен көне қытай жазуы таңбаланған мөр табылған болатын.