Жер астында 227 адам болған. Басым көпшілігі жер бетіне шығарылды. Төрт кенші әлі табылған жоқ. Эвакуацияланғандардың сегізі көміртегі тотығымен уланған. Екі кеншінің жағдайы ауыр. Олар Қарағандыдағы профессор Х.Ж.Мақажанов атындағы көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Ал қалғанына қойылған диагноз: орташа деңгейде уланған. Оларға Шахтинск қаласында алғашқы көмек көрсетіліп, Қарағандыдағы ауруханаға жеткізілді. Қазір дәрігерлердің бақылауында.
– «Қазақстан» шахтасында зардап шеккен екі адам профессор Х.Ж.Мақажанов атындағы көпбейінді ауруханасына жеткізілді. Қабылдау бөлімінің дәрігерлері науқастардың жағдайын тексерді. Алдын ала диагноз – шахта газдарымен жедел ингаляциялық улану, оның ішінде ауыр көміртегі тотығымен улану, токсико-гипоксиялық энцефалопатия, уытты бронхит. Олар реанимация бөлімшесіне жатқызылды, – деді аталған аурухананың токсикология бөлімшесінің меңгерушісі, Қарағанды облысының бас штаттан тыс токсикологі Сәуле Смағұлова.
Өкінішке қарай, төрт кенші табылмай жатыр. Іздестіру жұмыстарына қою түтін кедергі келтіруде. Бұл туралы «АрселорМитталТеміртау» тау-кен сегменті атқарушы директорының орынбасары Сергей Огай мәлім етті.
– Сағат 16:40 жағдай бойынша 5 жұмысшы іздестіріліп жатыр. Іздеу жұмыстарымен диспозиция бойынша шахтада орналасқан 12 бөлімшенің 5-еуі айналысады. Жұмысшыларды іздеуге тау-кен орнындағы қалың түтін кедергі келтіріп отыр. Қосымша ақпарат тағы беріледі, – дейді Сергей Огай.
«Қазақстан» шахтасында болған апаттардың бір парасы мынадай: 2017 жылы 31 тамызда таңғы сағат 04:21-де шахтада кенет көмір мен газ атқылаған. Сол уақытта жердің астында 136 адам болған. Өкінішке қарай, үшеуі қаза тапты. 2020 жылдың ақпан айында дәл осы шахтада өрт шығып, жүзден аса адам сыртқа шығарылған болатын. Жүз метр тереңдіктегі көмір алқабы жарығынан метан шығып, арты өртке ұласқан. Абырой болғанда, кеншілер аман қалған еді.
Аталған шахта алпауыт компания «АрселорМиттал Теміртауға» қарайды. Қарап отырсаңыз, мұндай апатты жағдайлар, оқыс оқиғалар жиі орын алады. Тіпті, жылда десек те жаңылмаймыз. Былтыр да осы компанияға тиесілі Абайдағы «Ленин» шахтасында метан жарылып, 5 кенші қаза болған еді. Сонда компанияның атқарушы директоры Виджай Гоэль алдағы уақытта қайғылы жағдай қайталанбас үшін компанияның шаралар кешенін қабылдайтынын айтқан болатын. Кешегі оқиға жарылыс емес, өрттен туындап отыр. Дегенмен қауіпсіздік басты бақылауда болуы керек емес пе?
«Жұмысты жақсарту үшін сырттан сарапшылар тартылады. 1 млрд доллар көлеміндегі инвестиция ендігі нәтижесін бере бастады. Бұл қаражаттар жұмысшыларымыздың қауіпсіздігін, қоршаған ортаны қорғауға және құрал-жабдықты жаңғыртуға жұмсалады», деген еді Виджай Гоэль.
Бірақ осы тұста «Арселор» антқа берік пе деген орынды ой келеді. Қарағанды шахталарының мұндай апатты жағдайдан арылатын күні бар ма? Алпауыт компанияның Қарағанды шахталарына иелік еткен жылдардағы апатты жағдай бойынша нақты статистика айтылмайды. Жеті қат жер астындағы еңбек етіп жүрген кеншілердің тағдырына кепіл бола алмай отырмыз. Өкінішті, әрине...
Қарағанды облысы