Пікір • 18 Тамыз, 2023

Жауапкершіліктің межесі мен мекені

273 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шекара шебі – бір бөлек тылсым дүние. Алайда уақыт озған сайын шекараға төнген қауіп пен қатердің де келбеті де өзгерді. Көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан технологиялармен қатар шекара кеңістігіндегі заң бұзушылық та мың құбылды. Ұлы дала батырларының бүгінгі ізбасарлары – шекарашылардың мойнына артылған жүк әсте жеңіл емес.

Жауапкершіліктің межесі мен мекені

Жалпы ұзындығы 15 мың шақы­рым­нан асатын Қазақстан Респуб­ликасының Мемлекеттік шекарасында тау мен тас, шөл мен шөлейт, қыр мен қырат, су мен суат та кездеседі, бір сөз­бен айтқанда, табиғат жағдайы мен ауа райы алуан түрлі. Аптап ыс­тық, қар-жаңбыр, қақаған аяз, ақ түтек боранға төтеп беріп, қайыспай елін күзету – ше­ка­ра­шылардың үйреншікті ісі. Абыройлы қызметтің ауыр жү­гі­мен қоса бабалар аманатын бірге арқалаған Отан сақшылары халық сенімінің үдесінен шығып келеді.

Халқымыздың қонақжай еке­ні әлем­ге аян. Сол үшін де біз­­бен танысып-ара­ласуға, әсем табиғатымызды тама­ша­лауға құ­мартып, сары даламызға ағы­лып жатқан туристер саны да жыл санап артып келеді. Заңды қақпалар арқылы елімізге күн сайын жүз мыңдаған адам кіріп-шығады. Олар әуе жолымен, ел шебін­дегі автокөліктік бақылау-өткізу пунктерінде көлікпен, теміржол бекет­те­рінде пойызбен, оған қоса теңіз ар­қылы кемемен келеді. Қандай жолмен келсе де қонақтарды ең алдымен ше­карашылар қарсы алады. Тәуелсіз Қазақстанға кіре­тін қақпа болып саналатын бұл бөлімшелер еліміздің құ­ша­ғы іспеттес. Достық көңіл біл­діргендерді құшағымызды ай­қа­ра ашып қабылдауға дайын болғанымызбен, олардың арасында қара ниет, арам пиғыл­ды «қой терісін жамылған» қыл­мыскерлердің де жоқ емесі ақиқат.

Қысқаша атап өтсек, жыл ба­­сынан бері ел қорғандары жүз­­ге жуық шекара бұзушыны ұстады, 2,8 млрд теңге дек­лара­ция­ланбаған валюта, алтын және басқа да тауарлардың заң­сыз тасымалдануының алдын алды. Шекарашыларға бұрыннан таныс, тіпті күнде кездесетін заң­сыз қару-жарақты, оқ-дәріні, мем­лекеттік шекара арқылы өтуге тыйым салынған басқа да кон­трабандалық заттарды тасы­малдау әрекеттері сияқты «дәстүрлі» қауіп-қатермен бірге, соңғы кездері синтетикалық есірткінің жаңа түрлерін тасымалдау жағдайлары белең алып тұр. Олардың арасында «Альфа-PVP» және «Мефедрон» атты есірткі заттарын елімізге кіргізуге тырысып баққандардың дені артып келеді. Одан бөлек, заңсыз көші-қонның күннен-күнге өрши түскені байқалады. Алыс-жақын шетел азаматтары мен өз отандастарымыздың жалған және бөтен құжаттарды пайдалану фактілері, сондай-ақ қос елдің азаматтығын иеленгендер де анықталып жатады.

Ел іргесінің берік болуы, біріншіден, шекарашылардың өз ісін жауапты ат­қаруы мен кәсіби­лігіне байланысты болса, екінші жағынан шекара­мыз­дың заманауи техникамен жабдықталуына байланысты. Тәуел­сіздік алғаннан кейін бас­тал­ған Мемлекеттік шекараны шегендеу жұмыстары, оның ішінде инженерлік, техникалық тұрғыда озық технологиялармен жарақтандыру жалғасып келеді. Қазіргі кезде шекарашы жауынгер заманауи технология жетістіктерін қолдану арқылы бөлімшеде отырып-ақ белгіленген учаскені күзете алады. Жаңа техника, ұшқышсыз басқару аппараттары, дрондар, бейне камераларды қолдану қолға алынуда.

Қазіргі уақытта цифрландыру мем­­лекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде де қарқынды жүр­гі­зіліп жатыр. Кейбір жерлерде автомат­тан­ды­рылған «Q-Gate» паспорттық бақылау, «Vocord» тұлғаны тану жүйелері пай­даланылады. Сонымен қатар жаңа техно­логияның көмегімен жолаушының шекарадан заңды түрде өздігінен өте алатын мүм­кіндігі қарастырылуда. Бұл ретте ол құжатын арнайы аппа­рат­қа қойып, камераға қараса болды. Үкі­мет­тің қол­дауы­мен Индустрия және инфра­құ­­рылымдық даму және қар­жы министрліктері өткізу пун­кт­­терінің жаңа замана­уи инфра­құрылымын құру бо­йын­ша жұмысты бастады.

Жоспар бойынша алдағы жылдары өңірлерде бірнеше жаңа шекара бөлімшелері бой көтеріп, сол жерде қызмет ат­қаратын әскери қызмет­ші­­лерге және олардың отбасы мүше­ле­ріне түгел жағдай жасалмақ. Осылайша, егемен еліміз шекарасы берік, айбынына айбары сай, абыро­йы асқақ мемлекетке айналары сөзсіз.

 

Рауан ҚАБДОЛДАНОВ,

 ҰҚК Шекара қызметі
«Отан сақшысы» газетінің редакторы, подполковник