Шаруашылық • 18 Тамыз, 2023

Суармалы егістің ризығы мол

259 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары ауыл шаруашылығы құрылымдарын қуаңшылық қажытып тұр. Көкше өңірінде биыл да күн ересен ыстық. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, дәл мұндай аптап кейінгі жарты ғасырда бола қоймаған сыңайлы.

Суармалы егістің ризығы мол

Тұқымын алқап төсіне ерте сіңіргендер опынып отыр. Көктем келгелі нәр тамған жоқ. Соңғы жауындардың қаншалықты сеп болатынын болжау қиын. Ерте көктеген егін ыстыққа ұрынып, өспей қалды. Төрт түлік малға талғажау болар шөптің жайы да мақтанарлық емес. Ауа райының күрт өзгеріп, өзгеше сыңай танытып келе жатқанын күн қабағын баққан көпшілік жыр қылып айтады. Ендігі қарманар тал, еткен еңбектің өтеуі – суармалы егістіктің сыбағасына байлаулы сыңайлы.

Биыл Зеренді ауданындағы суармалы алқаптардың көлемі 1953,3 гектар жерді құрайды. Осынау алқапта 9 ауыл шаруашылығы құрылымы еңбек етіп жатыр. Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Әділбек Сыздықаевтың айтуына қарағанда, аудандағы дәнді және майлы дақылдар егістігінің шығымы тәуір. Сәл таратып айтсақ, 76 мың гектары – жақсы, 150 мың гектары – қанағаттанарлық, ал 20 мың гектар егістіктің шығымы – мүлдем нашар. Әрине, шаруашылықтар көктемгі дала жұмыстарын біршама тиянақты атқарған. Соңғы, сынақтан өткізілген, тиімділігі жоғары технологиялар қолданылған. Жердің тілін табу үшін тыңайтқыш та сіңірілген. Қыс бойы бір немесе екі ізбен қар тоқтату жұмысы жүргізілген. Бірақ соның өзінде де көктемгі егіс науқаны аяқталғаннан кейін жаңбыр жаумаған соң көк өскін қара қарғаның миы қайнайтын ыстықтан бүрісіп өспей қалды. Әйтсе де, әлі де үміт бар. Біз тілдескен диқандар «балапанды күзде санайды» деген емес пе, бұйырса гектар айналымы 10 центнерден айналып қалар деп дәмеленіп отыр. Онда да жалпының емес, жалқының межесі.

Ендігі арада суармалы жерлердің көлемін көбейтсек, ырыссыз болмас едік. Бәйтерек ауылында орналасқан «Агро шаруа ауласы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің небары 500 гектар егістік алқабы бар. Бірақ соның өзінде серіктестік диқандары табыстың тайқазанын тасытатын сыңайлы. Неліктен дейсіз ғой. Былайғы адамдарға алақандай болып көрінетін егістік алқабының барлық көлемі суарылады. Өз ісін бастаған 2015 жылдан бері аталмыш шаруашылық жыл өткен сайын егістік көлемін сәл де болса кеңейтіп келеді. Осы жылы картоп, дәнді, майлы дақылдар өсіріп жатыр. Оған қоса үйір-үйір көкалалы көп жылқы мен асыл тұқымды ірі қара бағуда. Осы арада серіктестіктің осы ісі өзгелерге үлгі боларлық екенін екпін түсіріп айта кету – парыз. Себебі төрт түлік мал баққаннан кейін ауыл тұрғындарына қысы-жазы жұмыс болады. Жаз айларында бірі мал азығын дайындаса, екіншісі мал бағып табыс табады. Негізінде, шалғайдағы шағын ауылдарда жұмыс көзі болмағандықтан ел үдере көшіп жатыр. Дәл Бәйтеректегідей берекелі шаруа болса, ел кіндік қаны тамған топырақты тастап бел аспас еді.

Биыл серіктестік 200 гектар жерге картоп отырғызыпты. Картоп егілген алқаптың жанында суармалы егіс жүйесін көріп, ризашылығымызды білдірдік. Атқан оқтай түп-түзу түскен картоп түптерінің арасынан суаратын агрегат мысықтабандап жылжып отырады екен. Кенезесі кепкен даланың дидарын мөп-мөлдір су жылт-жылт етіп төгіліп, жібітіп келеді. Дәл осындай күтім болған соң, ел ырыздығы – екінші нан неге өспесін? Өседі, әрине. Шаруашылық мамандарының айтуына қарағанда, айналмалы суару жүйесін алғаш рет 2015 жылы сатып алған екен. Сол жылы-ақ суарылған танаптың өнімі мен суарылмайтын алқаптың өнім түсімін салыстыра отырып, жер мен көктей айырмашылықты сезінген. Нақтырақ айтсақ, суарылған алқаптардың өнімі үш есе артық. Арада біраз уақыт өткен соң бидай, арпа, рапс егілген алқаптарға «жаңбыр жаудыратын» тағы үш құрылғы сатып алған. Суару құрылғыларын сатып алу мемлекет тарапынан субсидияланатындықтан, тәжірибеге енгізуге талпыныс мықты.

Әрине, суармалы алқаптарды көбейтуге болар еді. Бірақ су тапшы. Серіктестіктің агроном менеджері Александр Матвиенконың айтуынша, бұдан әрі тек 100 гектар алқапты суаруға мүмкіндік бар. Айтпақшы, олар еріген қар суын су қоймасына жинайды. Қоймадан электр сорғылардың көмегі арқылы жаңбырлатқыш құрылғыға жеткізеді. Алдағы уақытта өз ұңғымаларын қазып, су қоймасындағы судың көлемін мүмкін­дігінше көбейтуді жоспарлап отыр.

Осы арада қолбайлау болып отырған түйткіл жайлар туралы таратып айта кетсек, артықтығы болмас. Мәселен, ауыл кәсіпкерлерін толғандыратын өзекті мәселе, порталдағы туындайтын шектеулерге байланысты ауыл шаруашылығы министрі бекіткен ережеге сәйкес тыңайтқыштар алғаны үшін, химиялық өңдеу жүргізгені үшін субсидия алу қиындай түскен. Серіктестік мамандарының айтуына қарағанда, күте тұрыңыз деген жауап келеді. Gosagro.kz платформасын ұсынғанымен, бірақ қашан жұмыс істейтіні белгісіз.

Ерте көктемде картоп бағасының өсіп кететіні бар. Оның негізгі себебі – өңірдегі көкөніс қоймаларының аздығы. Осы олқылықтың орнын аз да болса толтыруды ойластырған серіктестік 6 мың тонна картоп сақтауға арналған заманауи көкөніс қоймасын салып алыпты. Өнімдерін облыс орталығы мен Астана қаласына жөнелтуде. Серіктестік өсіретін картоптың сапалы екеніне көз жеткізген тұрақты тұтынушылар аз емес. Қазір олар картоптың 12 түрлі сортын өсіріп отыр.

– Алғашқы жылдары көбірек өнім өндіруге тырыссақ, қазір сапаға мән беріп жатырмыз. Өсімдіктерді қорғаудың толық жүйесін қолдана отырып, бірінші сұрыпты өнім алуға қол жеткіздік. Осы еңбек арқылы талабы қатал нарықта өзіміздің орнымызды тауып отырмыз, – дейді Александр Матвиенко.

Алдағы уақытта өздері өндірген өнімді өздері өңдеуді де жоспарлап отыр. Мәсе­лен, тұтынушыға вакумдық қаптамаға салынған, тазартылған, туралған картопты ұсынбақ. Болашақтағы супер маркеттердің сөрелерінде осындай өнімдер тұруға тиісті.

– Қазір біз әлемдік нарықта өзінің сапасымен әйгілі болған «Инноватор» сұрпын өсірудеміз. Алдағы уақытта біздің өңірдің тұрғындары бұрын-соңды дәмін татып көрмеген жаңа өніммен дастарқандарының берекесін келтіретін болады, – дейді серіктестіктің агрономы.

2025 жылы Қазақстанда фри картобы мен картоп чиптерін шығаратын зауыт салынбақ. Міне, осы кезде өңірдегі екінші нанды өсірушілер мол өнімін осы зауытқа өткізеді.

Серіктестік ең бастысы, Бәйтерек, Зеренді, Красный Кардон елді мекен­дерінің елуден аса тұрғынын тұрақты жұмыс­пен қамтамасыз етіп отыр. Бизнес­тің әлеуметтік жауапкершілігі бағытында да бірқыдыру қайырымдылық көрсеткен. Ел ішінде осындай жұмысы нәтижелі серіктестіктер көбейсе, халықтың әл-ауқаты арта түсер еді.

 

Ақмола облысы,

Зеренді ауданы