Тәрбие • 18 Тамыз, 2023

Бала тәрбиесіне – елдік көзқарас

254 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары балаларға қатысты зорлық-зомбылық жиілеп бара жатқаны рас. Бұл жағдай тұтас қоғамды алаңдата бастады. Осы күрделі мәселенің алдын алу жолы мен себеп-салдарын талқылауға Түркістан қаласына Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі бастаған атқарушы билік өкілдері және жауапты мамандар жиналды.

Бала тәрбиесіне – елдік көзқарас

Дөңгелек үстелде сала басшысы күн тәртібіндегі мәселенің аса өзектілігін айтып, көңіл көншітпейтін статистикалық деректер келтірді. Былтыр балалар мен кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдерге қатысты жасалған қылмыстық әрекеттер саны 383 болса, биылғы 6 айда балаларға қатысты 252 адам жыныстық сипаттағы қылмысқа барған. Ал еліміз бойынша 21-82 жас аралығындағы 374 азамат кәмелетке толмағандарға зорлық көрсету ісімен жазаланған. Министр балаларға қатысты зорлық-зомбылық сипатындағы қылмыстар республика өңірлерінің ішінде Жамбыл, Атырау, Алматы, Павлодар, Қызылорда облыс­тарында жиі орын алатынын жеткізді.

«Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда ұрпақ тәрбиесі, балаларға қатысты зорлық-зомбылық, әлімжеттік, отбасы құндылықтарын сақтау мәселелерін көтеріп, тиісті тапсырма берген еді. Дидары өзгерген дүниеде қазақ қоғамын ілгері жетелей­тін  – осы көкөрім жастар, заманның көшінен қалмай келе жатқан өскелең ұрпақ деп білеміз. Алайда кейінгі уақыттағы өзіміз жиын құрып отырған Түркістандағы, Абай облысындағы, күні кешегі Қарағандыдағы келеңсіз жағдай қоғамда алаңдаушылық туғызды. Қоғамдағы ауыр фактілердің жылы жабылуы, ашық айтылмауы ресми дерек пен шынайы көрсеткіштің алшақтығына әкеледі. Талай қылмыстық іс ашылмаған күйі қалады. Нақты дерек-дәйек анық болмаған соң, мәселемен күресудің тетіктері де тиімді болмайтынын ескеруіміз керек. Отбасы институты, бала қауіпсіздігі, қоғам құндылығы, адамның өмірі мен бостандығы – заң мен тәртіп тұрғысынан әлі де тереңінен қаузайтын түйткілді мәселе. Егемен елде, бейбіт жерде шиеттей, қорғансыз, бейкүнә балалар теріс пиғылды адамдардың құрбаны болып жатқаны ата-ана ретінде баршамыздың жанымызға батады. Бүгінгі іс-шараны арнайы киелі Түркістан жерінде ұйымдастырудың себебі – осындай ауыр қылмыстың жұрт болып жиылып шешімін табу, қоғамда әдеп нормасын қалыптастыру, профилактика шарасын егжей-тегжей талқылап, азаматтық сектор, жауапты органдармен бірлесіп, жедел іс-қимыл жасау», деді Дархан Қыдырәлі.

Сала басшысы «Балаларға қатыс­ты зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі нұсқаулық» дайындалғанын мәлімдеді. Нұсқаулық статистикалық деректерді, қылмыскердің келбетін, ата-анаға кеңестер мен көрші, туыс пен куәгерге деген ұсынысты қоса алғанда, осы салаға байланысты негізгі аспектілерді қамтып отыр. Министр­дің пікірінше, бұл – балаларды оқыс жағдайдан қорғауда қоғамның барлық мүшесі үшін құнды ресурс. Одан бөлек биыл Қоғамдық даму институтының сарапшылары «Балалар мәселесін БАҚ-та қалай қауіпсіз жариялауға болады» атты практикалық нұсқаулықты жария­лады. «Балалар туралы жазғанда да ақпарат құралдары мұқият болған абзал», деп тұжырымдады Д.Қыдырәлі.

Жиында сөз алған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бала­ларға қатысты қылмыстардың алдын алу мақсатында өңірде әкім­дік, прокуратура, полиция депар­таментімен және үкіметтік емес ұйым­дармен ведомствоаралық жұмыс жүйесі қалыптасқанын хабарлады. Дей тұрғанмен, зорлық-зомбылық әрекеттер әлі де тыйылмай тұр. Оны әкім статистикалық көрсеткішпен баян­дап өтті. Арнайы есепке алу органының ресми дерегіне сәйкес, 2022 жылы балаларға қарсы 209 қылмыстық әрекет тіркелген. 2021 жылы бұл сан одан да көп – 230 қылмыс. Ал биылғы 7 айда 139 қылмыс тіркеліпті. Бұл сан өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда біршама артқан. Өз кезегінде облыс әкімдігі балаларға көрсетілетін зорлық-зомбылықпен күресу үшін әлеуметтік осал топтағы және жас отбасылардың мүшелерін жұмысқа орналастыруға кіріскен. Соның аясында «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» шеңберінде 72 мыңнан астам және «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас», «Бизнес-Бастау» жобалары бойынша 28 мыңнан жоғары азамат жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ «Қамқорлық жанұя орталығы» мен «Бестерек» жобасы бар. Соңғы жобаны әрі қарай жалғастыруға облыстық бюджеттен 97 млн теңге бөлінген. Осы бастамалар нәтижесінде, білім беру ұйымдарын­да педагог-психолог мамандардың біліктілігін арттыру көзделіп отыр. Сонымен бірге психолог мамандардың ата-аналарға беретін арнайы сабақтары мен кеңестері күшейтіледі. Сондай-ақ Түркістан өңірінде облыс әкімдігі, прокуратура және полиция департаментімен бірлескен «Саламатты болашақ» жобасы жүзеге асырылмақшы. Ол республикада алғаш рет қанатқақты жоба ретінде қолға алынып жатыр. Мұнда түрлі қиын жағдайға түскен отбасылар мен олардың балаларына қолдау көрсету бойынша ведомствоаралық іс-әрекеттерді бір ақпараттық жүйеге ендіру жоспарда бар.

Жиында Бала құқықтары жөнін­дегі уәкіл Динара Закиева «Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету – қазіргі таңдағы ең өзекті мәселе» деп, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баян­дады.

«Отбасын қолдау орталықтарын әр ауданнан ашу үшін аймақтармен жоспар дайындап жатырмыз. Жалпы, 151 ауданнан осындай орталық ашу ісі қолға алынды. Қиын жағдайға тап болған, зорлық-зомбылыққа ұшыраған отбасыларды, балаларды анықтау және оларға көмек көрсету үшін барлық өңірде Жедел әре­кет ету топтарын кұрдық», деді ол.

Өз кезегінде жиында сөз алған еліміздің бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы да отбасылық құндылықтарға көңіл бөлу керектігін, сонымен бірге отбасылардың әлеуметтік жағдайына көбірек назар аудару қажеттігін атап өтті. Бас мүфтидің мәлімдеуінше, отбасында жақсы тәрбие алған бала өскенде ешқандай жамандыққа бармайды. Ал осындай ізгі жандардың қатары көп болса, қоғам да біртіндеп түзеледі. Ал отбасылық психолог Ержан Мырзаев саналы ата-ана рөлінің қоғам үшін маңызды екенін айта келе: «Сондықтан әке-шеше бала тәрбиесіне кіріспей тұрып, әуелі қалай дұрыс ата-ана болуға үйрететін курстарға барған жөн», деді.

Жиын соңында бала тәрбиесіне жа­уапты ұйым өкілдері аталған мәсе­лені шешуге қатысты ойлары мен ұсыныс­тарын ортаға салды.