Спорт • 21 Тамыз, 2023

Бұқаралық спорттағы бетбұрыс

249 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында «Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаттары арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуға тиіс» деген еді.

Бұқаралық спорттағы бетбұрыс

Өңірде бұқаралық спортқа ден қойып, ықылас білдірушілердің саны уақыт өткен сайын кө­бейіп келе жатыр. Дәлел ретінде мы­на бір деректі келтіре кете­лік. Мәселен, 2021 жылғы көрсет­кішпен салыстырсақ, дене шы­нықтыру және спортпен шұғыл­данатын халықтың саны 2,5 пай­ыз­ға көбейген. Бұл тарапта балалар мен жасөспірімдерді қамту жайы да көңіл көншітерліктей. Өткен жылдың қорытындысына көз жүгіртсек, балалар мен жасөс­пірімдер клубтарында спортпен шұғылданатындардың көрсеткіші 13 пайызға ұлғайған.

Бүгінгі таңда өңірде дене шы­нық­тыру және спорт саласын­да 2 481 адам жұмыс істейді. Бір жақсысы, жалпақ жұртты спорт­қа баулып, дене шынықтыру мә­селесін тынбай насихаттап, саланың серпін алуына қомақты үлес қосатын 1 351 адам ауылдық жерде игілікті іске ұйытқы болып жүр. Олардың басым бөлігі білім ошақтарында, колледждерде еңбек етуде. Ауылдық округтерде 229 нұсқаушы оңды шаруаның орайын келтіріп, ұлт денсаулығын бекемдеуге қызмет етуде.

Ендігі бір мәселе, осыншама халық бұқаралық спортпен қай жерде айналысады деген сауал төңірегінде болмақ. Кейінгі жылдары бұқаралық спорт түрлерін дамытуға мейлінше қолайлы жағ­дай тудырылуда. Уақыт өткен сайын спорт ғимараттары жаңадан салынып, бұрынғылары күрделі және ағымдағы жөндеуден өт­кізіліп, қайта жаңғыру үстінде. Мәселен, өткен жылы 67 спорт ғимараты пайдалануға берілді. Көңілге қуаныш ұялататыны өңірдегі 2 589 ғимараттың 1 777-сі ауылдық жерде орналасқан. Осы жылы Ерейментау қаласында барлық талапқа жауап беретін, бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды. Бұл іске мемлекет қана емес жер­­гілікті жердегі ел қамын ой­лай­тын қалталы азаматтар да қал-қадірінше көмек көрсетуде. Айталық, Атбасар ауданындағы Шуйское ауылында спорт кешені пайдалануға беріліп, ауыл тұр­ғын­дары үшін ақ түйенің қарны жарылған қуанышты оқиға бол­ды. Ал жергілікті бюджет есе­бінен Щучинск қаласында тамаша спорт сарайы салынды. Бүгінгі күні Есіл қаласында да дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде.

пл

Бұрыннан бар дүниені де ұқ­сатып пайдалану да маңызды. Мәселен, Ақкөл ауданындағы Но­ворыбин спорт залына күрделі жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ Целиноград ауданының Қабанбай батыр ауылындағы стадионға, Шортанды ауданының «Қайнар» спорттық-сауықтыру кешеніне, Егіндікөл ауылындағы орталық стадионның қоршауына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бар шаруа тап-тұйнақтай етіп атқарылды. Қазір бұл ғимараттар құрылысшының қалағынан жаңа шыққандай жұтынып тұр. Спорт ғимараттары сәулетті болған­дықтан ба, осындай мүмкіндік туғызылған орындарға келетін адамдардың қатары уақыт өт­кен сайын үдей түсуде. Шын­туайтында бұл да аудан, ауыл тұрғындары үшін мемлекет тарапынан жасалып жатқан үлкен қамқорлық деп қабылдауымыз керек. Алдағы уақытта Бурабай, Бұланды аудандарындағы бір­қатар спорт кешеніне күрделі жөн­деу жұмыстары жүргізілмек. Қа­зір атқарылуға тиісті жұмыс ек­шеліп, құжаттары дайындалуда.

Ел ішіндегі спорт ғимарат­тарын салуға немесе жөндеу­ге «Ауыл – ел бесігі» бағдар­ламасының септігі тиіп тұрғанды­ғын екпін түсіріп айта кетсек те болады. Айталық, Сандықтау ауданындағы Балкашин елді ме­кеніндегі стадион осы бағдар­лама арқылы қайта жаңғырды. Жақсы ауданындағы спорт кеше­нінің құрылысы да шарапаты мол осы бағдарламаның арқасында қолға алынған.

Өткен жылы облыстық бюд­­жеттен 10 ауданның 46 спорт ныса­нын салуға қаражат бөлін­ді. Бөлін­ген қаражат тиім­ді иге­рілуде. Тағы өңір тұрғын­дары­ның бос уақыттарын тиімді өт­кі­зіп, денсаулықтарын ны­ғай­туға мол мүмкіндік туғы­зып оты­рыл­ғандығын және сол мүм­кін­дікке жергілікті бюджет есе­бі­нен қыруар қаржы бөлін­ген­дігін айта кетуге болады. Мәсе­лен, жыл басынан бері өңірде 63 спорт алаңы мен 7 хоккей корты жабдықталды. Биыл да осы ба­ғыт­тағы игілікті іс сәтімен са­бақ­­­талуда. 31 жасөспірімдер спорт клубы мен 6 балалар мен жасөс­­пірімдер дене шынықтыру клубы­ның жұмысы жүргізілуде. Бұл ұжымдарда 8341 адам бұ­қаралық спортпен айналысады.

ро

Жанға жағымды жаңалықтар­ды тілге тиек еткенде мүмкіндігі шектеулі адамдардың бұқаралық спортпен айналысуына біршама жақсы жағдай туғызылып отыр­ған­дығын айта кетуіміз керек. Өңірде «Мерген» спорт клу­бы жұмыс істейді. Клубта спорт­тың 14 түрі бойынша жаттығу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жерде мүмкіндігі шектеулі адам­­дар жеңіл атлетика, үстел тен­нисі, армрестлинг, жүзу, тоғыз­құмалақ, шахмат тәрізді спорт түрлерімен шұғылдануда. Клуб­қа тіпті аудандардан келіп қа­тысатын да спортшылар бар. Осы бір мысалдың өзі мүмкіндігі шектеулі адамдардың бұқаралық спортқа деген құштарлығын көрсетеді емес пе? Кейінгі жылдары мүмкіндігі шектеулі адамдарды көбірек қамтып, олардың бұқаралық спортқа құлшынысын арттыру барысында қыруар шаруа атқарылуда. Қазір өңірде 1 891 мүмкіндігі шектеулі адам спортпен айналысады.

Бар жұмысты саралай келе саламатты өмір салтын үзбей насихаттау қажеттігіне көз жеткізіп отырмыз. Бұл орайда да айта қаларлықтай іс бар. Мәселен, ауыл тұрғындары арасында 27 569 адам қатысқан 763 іс-шара өткізілді. Осындай шаралардың барысында бұқаралық спорттың тиімділігі туралы, оның адам денсаулығына игі әсері жөнінде нақты өмірден алынған мысалдармен көмкерілген әсерлі әңгімелер айтылуда.

Сала мамандары бұқаралық спорт жалпы жетістіктерді дамы­тудың берік іргетасы екендігін жақсы біледі. Сондықтан да алдымен жас толқынға жіті назар аударылуда. Өңірде спорт резервін даярлауды 29 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жүзеге асыруда. Олардың төртеуі олимпиадалық резерв мәртебесіне ие. Бұл тараптағы ауқымды жұмысты сәл таратып айта кетсек, артықтығы болмас. Мәселен, спорт мектептерінде спорттың 57 түрі бойынша дайын­дық жүргізілуде. Оның ішінде ұлттық спорт түрлеріне айрықша назар аударылуда.

Қазіргі таңда облыста кәсіби спорт саласын дамытуға да көңіл аударылып жатыр. Бұл салада шай­балы хоккейден, футболдан және баскетболдан 6 ко­ман­да өнер көрсетуде. Әртүрлі спорт салалары бойынша Қазақ­стан Республикасы ұлттық құра­ма командасының сапында 357 спортшы облыс намысын қор­ғап жүр. Өңір спортшылары өткен жылы халықаралық және республикалық жарыстарда өнер көрсетіп, жерлестерін қуанышқа бөледі. Бұл арада бірер мысал келтіре кетсек те артық болмас. Мәселен, ХХІҮ қысқы Олимпиада ойындарында ақмолалық төрт спортшы спорттың екі түрі бойын­ша байрақты бәсекеге қа­тыс­ты. Бурабайлық спортшылар Евгений Величко, Валерия Тюленева, Бұланды ауданының өкілі Надежда Степашкина шаң­ғы спортынан, Сандықтау ауданының тұрғыны Александр Мухин биатлоннан бақ сынас­ты. Бейжіңдегі ХІІІ қысқы Па­ралимпиада ойындарына бура­байлық спортшы Денис Петренко қатысып, эстафеталық жарыс­та алтыншы орынға ие болды. Әлем және Азия чемпионат­тарында облысымыздың спорт­шы­лары 45 медаль иеленді. Олар­­дың арасынан 2022 жылғы Түр­кияда өткен бокстан әлем чемпионатына қатысқан Карина Ибра­гимова мен Дина Жоламан қола жүлдегер атанса, Елизавета Синельникова грепплингтен әлем чемпионы болды. Азия чем­пионаттарында биатлоншылар Вадим Куралес пен Данил Чер­венко күміс жүлдеге ие болса, Элизабет Гринберг велоспорттан дәл осындай көрсеткішке қол жеткізді. Паралимпиадалық және сурдолимпиадалық спорт түрлері бойынша біздің өңірдің спортшылары халықаралық жарыстарда 16 медальға ие болды.

Қол жеткізген табыстар ай­тар­лықтай. Оның барлығын жіп­ке тізгендей етіп айтып шығу әс­­те мүмкін емес. Ендігі орайда мін­деттер туралы да айта кете­­лік. Ал­дағы уақытта дене шы­нық­­­тыру және спортпен үз­бей айналыса­тын адамдарды көбірек тарту ме­желеніп отыр. Жақсы, Бурабай аудандарындағы дене шынық­ты­ру-сауықтыру кешендерінің құрылысын аяқтау қажет. Қосшы қаласында, Краснояр селосында, Бестөбе елді мекенінде де жаңа спорт ғимараттары салынбақ. Сондай-ақ халықтың игілігіне жаратылып отырған заманауи спорт алаңдарының желісі кеңейтіле түспек. Мемлекеттік тапсырысты орналастыру арқылы спорт секцияларында шұғылданатын балалар мен жасөспірімдердің санын ұлғайту межеленуде.

Бұқаралық спортты дамыту – ол ең алдымен ұлт денсаулығын нығайту. Ал ел саулығы – жаңар­ған, жасарған мемлекеттің басты байлығы.

 

Ақмола облысы