Бірақ сарыауыз «балапандардың» да айтары бар екен. Өйткені сол қуғын-сүргін мен соғыс әкелерін, басқа жақындарын жалмапты. Содан жүректерінде айықпас шер байланыпты. Жесір аналардың етегіне оралып өскен жетім балалардың көкірегіндегі сол шер «Біз соғысты көрген жоқпыз» (Дулат Исабеков) дегізіп, ер-азаматсыз қалған ауыл суреттерін әкелді әдебиетке.
«Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші, алға жылжып айтсам, бұнымен шектелмеді көбісі. Ой-өрісі ұлғайып, халқының өткені мен бүгінін танып-білген сайын шеріне шер қосылды олардың. Сондықтан да 1956 жылғы КОКП съезінен кейін ғана біршама мүмкін болған тақырыптарды ашуға «ашкөздене» кірісті. Мәселен, Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев, Софы Сматаевтар қазақ тарихының ХІХ ғасырдың екінші жартысымен ғана шектелген көркем көрінісін әлденеше ғасырға тереңдетті. Шерхан Мұртаза болса, әлі толық саяси ақталмаған арыстар туралы туындылардың төлбасы болған «Қызыл жебесін» жазды.
Ал Әкім Тарази бұлардың арасынан көрінген жоқ. Кейбір қатарластары сияқты балалық шақтың ауылын шиырлап отырып алмады да. Сырт қарағанда оңай көрінетін қазіргі шағын жазды. Әдетте қазіргі шақты жазатындар көп болады. Бірақ бәрінің бірдей шығармаларының көркем туынды ретіндегі ғұмыры ұзаққа бара бермейді. Ұзаққа бару үшін – жазушы заманы алдына көлденең тартқан көп қиындықты жеңуі шарт. Олардың бастылары мынау: бірі – сол кезеңнің саясаты мен жазушы көзқарасының үйлесім таба бермеуі. Екіншісі – өзі өмір сүріп отырған кезеңнің болмысын суреткердің әлі жан дүниесімен сезініп үлгермеуі. Үшіншісі – қаламгердің кейіпкерлері қасыңда жүруі. Ал қасыңда жүрген кейіпкер кірпияз, талғампаз, тіпті талапшыл, міншіл де күншіл келеді. Өзін тани қойса, өштесіп аяқтан шалудың да небір әдісін біледі. Бұл үш және одан басқа да толып жатқан кедергіні жеңе алмай, кезеңдік саясаттың шылауына ілесіп кеткен жазушылардың шығармаларында жасандылыққа ұрынып жатқандары Әкім әдебиетке келген тұста да аз емес еді. Бірақ Тарази олардың қатарында да болған жоқ. Тарази жаңағы үш және одан да басқа толып жатқан кедергілерді жеңе алатынын паш етіп, әдебиетте өзге жұлдыздарға ұқсамай «Құйрықты жұлдыз» болып жарқ ете қалды. Ол өзінің осы аттас шығармасында жас та болса жаңа өмір, жаңа қоғамның болмысын сезініп, замандастарының психологиясында өзгерістер жүріп жатқанын айқын аңғара алды. Айқын аңғара отырып, өз шығармасында ойнақы жеңілдікпен ойната суреттеді. Бірақ оның ойнақылығы мен ойнатуы материалын жетік білетін шебердің білімпаздығының көрінісі еді.
Әлі есімде, алпысыншы жылдардың бір топ студенттері сабақ үстінде Қалихан Ысқақовтың «Қоңыр күз еді» хикаяты мен Сайын Мұратбековтің ауыл әңгімелерін сөз етіп жатқанбыз. Ұстазымыз профессор Темірғали Нұртазин «ал сендер Әкім Таразидің «Құйрықты жұлдызына» назар аударыңдар» деді бізді біраз тыңдап алғаннан кейін. Темкең айтса тегін айтпайды. Ол кісі бұдан бұрын «Ғасырдың басында бүкіл қазақ зиялылары бір жаққа кетті де, жалғыз Сәкен Сейфуллин бір жаққа кетті. Артынан бес-алты жылдан кейін жалпақтап Сәбит Мұқанов ілесті» деген-ді. Сонда біз олар кімдер деп сұрамаймыз ба? Сол сұрақтарға жауап берген болып профессорымыз оқу бағдарламасына кірмек түгілі есімдерін атауға тыйым салынған Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев бастаған арыстарымыз туралы әңгімелеп кетуші еді, жарықтық.
Міне, енді біздің назарымызды «жалғыз» Әкім Таразиге аударып отыр. Тауып оқыдым «Құйрықты жұлдызды». Мені ә дегеннен жас жазушының жазу стилі қатты таңғалдырды. Өйткені бүгіндегі үлкен жазушыларымыздың бірі ұлы жазушы М.Әуезов салып берген сара жолға түсіп алып заулатып келе жатқаны, ал екіншісі, Б.Майлиннің қарапайым әңгімешілдігін қағып алғаны, үшіншісі, Ғ.Мүсіреповтің юмормен астарланып, шымыр өрілген шиырынан шыға алмай келе жатқаны көрініп тұратын. Ал Таразидің аяқ тастасы тай кезінен-ақ ешкімге ұқсамай бөлек шықты. Не Жетісудың, не Арқаның, не қырғыздың әуендеріне ұқсамайтын Кенен атасының әндері сияқты бұның стилінің де төркінін табу қиын. Әрине, әне бір қайталаулар пәленде бар еді деп бірлі-жарым ұқсастықтарды теруге болар. Түбі халқымыздың әңгімешілдігінен шыққанында айтармыз. Бірақ бәрібір бұл Таразидің төл стилі, суреткерлік соны соқпағы.
Тағы бір сонылығы Ғабиден Мұстафиннің «Миллионер», Сәбит Мұқановтың «Сырдария» романдары қазақ әдебиетінде қалыптастырмақ болған кеңестік социалистік ауылдан мүлдем бөлек еді мұндағы суреттер. Әсіресе адамдары.
Социалистік қоғамды орнатып жатқан жақсы дегендерінің өзінде міндері бар. Шетінен пенделер. Солардың бірі – Кірпішбай. Автор кейіпкерін бекер бұлай атап отырған жоқ, әрине. Өйткені кірпіш деген қалыппен құйылады. Демек социализм адамдары да қалыптан шыққандар. Бедері, өрнегі, көз тартар бояуы жоқ жып-жылтыр, тұп-тұлдыр. Өздерін қоғамның қара нары етіп көрсеткісі келгенімен, бергенінен, алғаны көп бас пайдасын бірінші қоятындар. Сол Кірпішбай (есімдері бөлек болса да) жазушының бір шығармасынан екіншісіне күрделене, зорая, зұлымдана, қорқаулана түседі. Сөйтіп, Әкім Тарази қазақ әдебиетіне Кірпішбай деген типтік бейне алып келді.
Жалпы, өз басым социализм адамдарының типтік бейнесін жасай отырып, оларға ортақ атау берген екі жазушыны білемін. Бірі – Тәкен Әлімқұлов. Ол кісі кеңес билігін не тұрғын үй, не мазар, әлде сарай екені белгісіз дүбәра құрылыс салып жатқан өздері де дүбәра адамдар деп суреттеп еді. Әкім Тарази болса оларды бір қалыппен құйылған Кірпішбайлар деп атады.
«Құйрықты жұлдыздан» (1966) соң «Үлкен ауыл» (1968), «Асу-асу» (1970), «Қиян-соқпақ» (1976), «Гнездо на облаках» (1984), «Журавли-журавушки» (1984), «Басынан Қаратаудың...» (1985) повесть, әңгімелер, «Қыз махаббаты» (1982) пьесалар жинақтары, «Бұлтқа салған ұясын» (1978), «Тасжарған», «Кен» (1968), «Шер», «Қиянат», «Жаза»(1998), «Мұстафа Шоқай» романдары, көптомдықтары бірінен соң бірі жарық көрді.
Жалпы, Әкім Тарази бір тақырыппен немесе жеке жанрмен шектеліп қалған бір ішек жазушы емес. «Балуанға оң-терісі бірдей» дегендей ол көп жанрда жазады. Бұл энциклопедиялық мәліметтер жазушының бүгінгі күн тақырыбын жазудан көп ауытқымағанын әрі өнімді еңбек еткенін көрсетеді. Әрі шығармаларының ешқайсысы да оқырман, әлде сыншы сынына ұшыраған жоқ. Қайта мақталды. Бірақ осынау сан жанрлы ұланғайыр шығармаларында жазушы тек Кірпішбайларды ғана қашап шығарды деуге болмайды.
Коммунистік билік талап еткен қазіргі заман қаһармандарын жасағанда Тарази жасасын. Оның Сәнжаны мен Перизаты, Қодарқұлы мен Танасы, Тұңғатары мен Лимасы («Қорқау жұлдыз»), Омары («Бұлтқа салған ұясын», «Тасжарған») нағыз қаһармандар. Дәл сол кеңестік заманның қаһармандары. Олар да типтендірілген кейіпкерлер. Бірақ кезінде жазушы сомдаған бұл образдарды, міне, әдебиетке біздің заманымыздың нағыз қаһармандары келді деп кеңестік идеология айқайлатқан жоқ. Қоғамды алға жылжытатын осындай ойлы, белсенді, инициативашыл қара қылды қақ жара алатын әділетті, сөзінен таймайтын шыншыл адамдар болуы керек деп үлгі етіп ұсынбады. Неге? Өйткені тоталитарлық қоғам тез тоғышарланады екен. Сөз жүзінде бізге қоғамды алға сүйрейтін тұлға керек деп дабылдатқанымен іс жүзінде Кірпішбайлардың өсіп-өнуіне қолайлы екен. Міне, сол қара құрым болып қаптап кеткен Кірпішбайлар жаңашыл, озық ойлы, іскер жандарға өріс берсін бе? Бермейді. Олардың оң ісін теріс қылып көрсетіп, шәпкесін кері кигізіп жібереді. «Менің ісім оң» деп қайда барып арызданса да, алдарынан бір Кірпішбай шыға келеді. Содан тауы шағылады. Тіпті жалған жаламен істі болып, қоғамды алға сүйремек түгілі қара бастарын арашалап алу мұң болып қалады. Бір сөзбен айтқанда, Кірпішбайлар үстемдік құрған қоғамға еш үйлесе алмайды. Бірақ сонда да алған бетінен қайтпайды олар. Бір ұжымнан қуылса, екінші ұжымға барып, өз жаңалығын енгізіп, жан баласына ортақ әділетті алға тартады да отырады. Ал Лима болса үстіне бензин құйып тұтатып, әділетсіз шешім шығарған сот ғимаратын өртеп жіберуге тұра ұмтылды. Өкінішке қарай, өзі өртеніп өлгенімен сот ғимараты аман қалды. Кеңестік өмір шындығын автор бұдан артық қалай суреттесін? Кірпішбайлықтың қалыбын бұзуға ұмтылған Лима сияқты өз заманының танылмай кеткен қаһармандарын бұдан артық қалай жырласын? Қалай алаулатсын?
Шамада сол алпысыншы жылдардың аяғы мен жетпістің басында «Новый мир» журналында жарияланған Семин дегеннің «Бір шаңырақтың астындағы жетеу» повесі мен Макаровтың «Үйде» деген әңгімесі одақ сыншылары тарапынан шеттегі шетін тұрмысты суреттегені үшін қатты сынға алынды. Социалистік реализмнен ауытқыған деп сынады бұл шығармаларды олар. Тіпті «Вопросы литературы» журналында реализм туралы бір жылға созылған айтыс-тартысқа мұрындық та болды.
Лиманың өзін-өзі алау қылып жағып, әділетсіздік ұясын өртеп жібермек болған әрекетін оқыса ол сыншылар не дер еді? Мүйізі қарағайдай Айтматовтың «Ақ кемесі» де сыналды емес пе?
Дегенмен жазушының шығармашылық жолы тақтайдай тегіс болды деп айтуға тағы болмайды. Бір сұхбатында ол «Күлмейтін комедиясын» бір көкесі сахнадан алдырып тастағанын, ал Латвияның театрында қойылған «Жолы болғыш жігітті» тағы бір көкесі сол жаққа барып жаптырып келгенін айтады. Шырылдаған шындыққа төзе алмайтындар болған, әлі де бола береді. Ең бастысы, бұл екі шығарманың сахнадан осалдығынан түспегені қойылған театрларының деңгейі мен қолға алған режиссерлерінен-ақ көрініп тұр. Оларды мәскеулік, латвиялық режиссерлер сахналаған екен. «Күлмейтін комедияға» көптеген қазақ режиссері құмартып, сахнаға сан сүйрелепті. Бірақ спектакльге ұзақ ғұмыр бере алмапты. Сонда, гәп неде? ХХ ғасырда көп қойылған «Күлмейтін комедияның» сахналық ғұмыры неге қысқа болып отырды? Меніңше, гәп «Күлмейтін комедияның» табиғатында жатыр. Бұл тақылеттес пьесалар қазақ драматургиясында бұрын-соңды жазылмаған еді. М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов салған классикалық үлгідегі пьесалардың табиғаты басқаша болатын. Жалпы, әлемдік классикалық үлгідегі драмалар, әдетте, оқырман, көрермен назарын бір қиынға, шешуі табылмайтын түйінге аударады. Оның кейіпкерлерінің характерлері сол қиын түйінге қатынасы арқылы ашылып дараланады. Ал «Күлмейтін комедияда» ортаға тастаған ондай қиын түйін жоқ. Есесіне «Әр көңілде бір қиял» дейтін характерлер, не күлеріңді, не жыларыңды білмейтін өмір бар. Адамдардың ішкі жан дүниесіндегі ағыстарды, олардың тоғысуларын көре алмайсың, бірақ сезінесің. «Күлмейтін комедия» сондай тылсым шығарма. Шекспирдің емес, Чеховтың табиғатына жақын шығарма. Чеховтың да «Шағаласын» кез келген режиссер қоя бермейді.
Оның үстіне Асан мен Раяның, Сәнжан мен Китидің, Катяның ішкі иірімдерін көрерменге бере алатын, сыртына ішкі әлемі сай сахна шебері керек. Мұның бәрі үйлескенде сахнаны нәзік сезінетін көрермен керек. Өйткені «Күлмейтін комедия» уақытынан ерте жазылған шығарма. Жап-жас автор сонау 60-жылдардың өзінде адамдар психологиясындағы осынау нәзік өзгерістерді, қоғамдағы көрінбей жүріп жатқан құбылыстарды іліп ала қойған.
Ақша мен тауар қуалаған бүгінгі адамдар да сол күлмейтін комедия кейіпкеріне айналып бара жатыр. Демек автор белгілі дәрежеде болжампаздық та танытқан.
«Жаза» романы жазушының кеңестік өмір туралы шығармаларының қорытындысы іспеттес. Табиғаты да бөлек, дүниетанымында да оқшаулық, заманынан түңілген Абай сияқты айтып отырған моралінің өзінде сұмдық бір шарасыздық бар. Дегенмен ойлы оқырман сонау «Құйрықты жұлдыздан» басталып, «Қорқау жұлдыз», «Шер», «Кен», «Қиянат» романдарында тереңдеп кеткен жақсы мен жаманның кескілескен күресінің бір байламын іздері де бек мүмкін еді. Жазушы асқан шеберлікпен айта біліп, көркем жеткізе алған сол философиялық байламды қарабайыр мақаланың қарадүрсін тілімен жеткізу өте қиын. Оқырманға жеңіл болсын деп алыстан орағытсам әйтеуір бір ақырзаман болары анық қой. Анық. Әрі ол ақырзаманды адамдар өзі жеделдетіп жатқаны да дау тудырмайды. Адамзат өзі отырған бұтағын өзі кесіп жатыр деп талай айтылған. Бірақ перзентін аяғаннан өзі өлтіріп жатыр дегенді естімеппін. Жарық дүниеде қалып кетсе баласы, адам шыдатпас азаппен өледі деп есептейді әкесі. Өйткені сыбайластық жайлаған қоғамда қарапайым адамдар үшін азаптан өзге ештеңе жоқ. Ал Або болса, арнайы дайындықтан өтіп ауған соғысына қатысқан, өлтірудің 365 түрін білетін жан алғыш маман. Сол тәсілдердің ішінде жанды қинамай алатын бір тәсіл бар. Тек, Або ғана біледі. Бұрын ол бұл тәсілмен балалардың тәрбиесіне жауапты сыбайлас жемқорларды ешкімге білдірмей өлтірген. Міне, сол Або баласы өмірдің азабынан қиналып өлгеннен гөрі, өзі ғана білетін тәсілмен қиналмай өлгенін қалайды. Оның байлам-түсінігі осындай. Әлемде бұндай тосын шешімді туынды бар ма, жоқ па кесіп айта алмаймын. Бірақ «Жаза» романы қазақ әдебиетінде бұрын-соңды болмаған ерекше құбылыс екені даусыз.
Тәуелсіздік жылдары жазған роман, хикаят, әңгімелерінде жазушы бүгінгі күнді қойып, халқымыз тарихының тереңіне, қалтарыс-бұлтарыстары мен ақтаңдақтарына тереңірек сүңгіп, тыңға түрен салды десе болады. Бұл да кемелденген қаламгерге лайық қылық. Ол «Көк аспанда қырағы көз бар», «Таңшықай» (жұбайы Розаға арнаған), «Нұртай хан» романдарында ежелгі ғұн, үйсін дәуіріндегі Тәңірқұт, Күнби атанған ел билеушілеріміздің данагерлігімен бірге жіберген құйттай кемшілігінің зардабы халыққа аса ауыр тиетінін «қызым саған айтамын, келінім сен де тыңда» деген тәліммен ұсынады. Ал «Андрей» атты әңгімесінде отарлаушылардың қазақ халқына жасаған зұлымдығын тағы да сол өзгелерге ұқсамай қылмыскерлердің өзінің ішкі жан дүниесі арқылы биік интеллектуалдық деңгейде баяндайды. «Мұстафа Шоқай» романының бірінші кітабы болса, қилы заманның қараниет өңешіне халқының жұтылып кетпеуі үшін өзі өткір пышақтың жүзінде өмір сүріп жүріп күрескен бірегей тұлғаның шәкірттік шағына арналыпты. Сондықтан әңгіме етуге әлі ертелеу сияқты.
Алла, жазушыға денсаулық, ұзақ ғұмыр берсін!
Елен ӘЛІМЖАН,
жазушы, драматург
ТАРАЗ