«Жыл басынан бері елімізде бірнеше ірі кинопремьера өтті. Олардың кейбірі қазақ тілінде дубляждың болмауына байланысты көрерменнің назарынан тыс қалды. Халықтың пікірін бақылап отырмыз. Кассалық фильмдер аудиторияға мемлекеттік тілде қолжетімді болуы керек. Мысалы, былтыр Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен халықтың қызығушылығын тудырған 3 кинопремьера қазақ тіліндегі дубляжбен шықты. Биыл мәдениет саласын дамытудың 7 жылдық тұжырымдамасын әзірлеп, Үкімет қаулысымен бекіттік. Енді жыл сайын кем дегенде 15 кинопремьераға қазақ тілінде дубляж жасалуы керек деген міндет қойдық», деді А.Оралов.
Айта кетейік, Мәдениет және спорт министрі наурыз айында мемлекеттік тілге дубляж жасау үшін фильмдерді іріктеу ережесін бекітті. Министрлік алдағы бірнеше жылда жалпы прокаттағы қазақ тіліндегі фильмдердің үлесін 30%-ға дейін жеткізуге ниетті. Бұл көрсеткіш кассалық шетелдік фильмдерге мемлекеттік тілде дубляж жасау арқылы да артуға тиіс.
«Тағы бір өзекті мәселе – қазақша дубляжбен шығатын картиналар сеансы әрдайым көрерменге ыңғайлы уақытта қойыла бермейді. Бұл туралы да әлеуметтік желілерде жиі жазылады. Фильмді мемлекеттік тілде көргісі келетіндер көбінесе түнде баруға мәжбүр. Бұл, әрине, дұрыс емес. Біз кинотеатрлардың жекеменшік кәсіп нысаны екенін түсінеміз. Дегенмен де мемлекеттік тұрғыдан біз дүниежүзі көретін кинопремьералардың қазақ тілінде және ыңғайлы уақытта көрсетілуін қамтамасыз етуге міндеттіміз. Сондықтан жеке кәсіпкерлермен, кинотеатрлардың иелерімен осы бағыттағы жұмысты жандандыруымыз қажет», деді Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.