Мектеп • 21 Тамыз, 2023

Мектеп жайлы болмай, білім сайлы болмас

252 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қыркүйекте Батыс Қазақстан облысының 377 мектебінде қоңырау соғылып, 121 мыңнан астам оқушы білім әлеміне қадам басады. Бұл мектептердің дені, яғни 369-ы – күндіз білім беретін мемлекеттік білім ордасы. Сондай-ақ кешкі білім беретін 3 мектеп, жекеменшік 5 мектеп жаңа оқу жылына кіріседі.

Мектеп жайлы болмай, білім сайлы болмас

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

«Биыл бірінші сыныпқа 12 891 оқушы қабылданды, олардың 71%-ы мемлекеттік тілде білім алуға өтініш берді», дейді облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева. Шәкірттерді оқулықпен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 1845,0 млн теңге бөлінген.

Дәл қазір әр отбасы баласын мектепке дайындау қамымен жүргені рас. Бірақ әдеттегідей тұрмысы төмен, аз қам­тылған отбасылар да ескеріліп, олар­ға қоғам болып көмек көрсетіп жатыр. Тамыз айымен бірге дәстүрлі екі айлық «Мектепке жол» республикалық акциясы басталды. 1 тамыз бен 30 қыр­күйек аралығында «Жақсылық жаса» ұра­нымен аз қамтылған және көп балалы отбасыларға, жетім балаларға, сондай-ақ ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала­ларға материалдық қолдау көрсетіледі. Биыл облыс бойынша жалпыға бірдей білім беру қорынан оқушылар­ға кеңсе ­тауарлары, мектеп формасы, спорт­тық киім, аяқкиім, тағы да басқа дүниелер­ді сатып алуға 372,6 млн теңге қаражат бөлінген. Бүгінгі таңда 7 838 оқушы­ның ата-анасы құжат тапсырып, 4 728 оқушының ата-анасының есеп-шотына қаражат аударылған. Қаржы әр балаға ­40 567 теңгеден есептелген, бұл әжеп­тәуір көмек.

Заман талабына сай білім мекеме­лерінің қауіпсіздігі де басты назарға алы­нып отыр. Биыл білім ғимараттарына бей­небақылау жүйесі мен турникет орнатылып, бейнебақылау жүйесін Жедел басқару орталығына қосу үшін бюджеттен 511 980 мың теңге қаражат бөлінді. Осылайша, өңірдегі білім мекемелері бейнебақылау камераларымен толық қамтамасыз етілді. Болашақта қауіп­сіздікті арнайы лицензиясы бар күзет мекемелері атқаратын болады.

Өңірде көпшілік назар аударып отыр­ған мәселенің бірі – мектеп құрылыс­тары. Қазіргі таңда облыс бойынша түрлі қаржы көздерінен 23 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Соның ішінде бюджет қаражаты есебінен Қазталов ауданында 600 орындық А.Оразбаева атындағы орта мектебі, 108 орындық А.Құсайы­нов атындағы мектеп және Қаратөбе ауда­нындағы 60 орындық Шалғын орта мектебі ғимараттары салынып жатыр. Айта кетейік, жоғарыдағы 600 орындық мектеп ғимараты әу бастағы кестесінен кешігіп, «сақалды» құрылыстың біріне айналды. Ал Шалғын ауылы – 2022 жылы көктемгі су тасқынынан зардап шеккен елдімекен. Бұл ауылдың оқушылары да сол уақыттан бері көшіп-қонып, жаңа мектеп ғимаратын сарыла күтіп жүр.

Ал Ақжайық, Бәйтерек, Бөрлі, Жәні­бек, Қаратөбе, Қазталов және Терек­ті аудандарында тағы 15 мектеп ғима­раты өңірдегі ірі кенішті игеруші – «Қара­шығанақ Петролеум Оперейтинг б.в.» компаниясының қаражатына салынып жатыр. Бұл мектептердің барлығы да жоспар бойынша жыл соңына дейін пайдалануға берілуі керек. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде облыс бойынша 16 200 орындық 18 мектептің құрылысы 2023-2025 жылдарға жоспарланған. Мұның ішінде 9 мектеп құрылысы биыл бас­талып, 2024 жылы аяқталатын болса, қалған 9 мектептің құрылысы 2024 жылы басталып, 2025 жылы алғашқы қоңырау соғылады деп жоспарланып отыр. Айгүл Әділгерейқызы қазіргі таң­да 5 мектептің құрылысы басталғанын,­ 4 мектептің құрылысына мердігер анық­тау үшін конкурстық рәсімдер жүргізі­ліп жатқанын хабарлады.

Ал бұрыннан бар мектеп ғимарат­та­рын күрделі жөндеу мәселесіне кел­сек, биыл 6 нысанға күрделі жөндеу үшін 678,7 млн теңге қаржы бөлінген. Осы тамыз айында үш мектептің күрделі жөн­деу жұмысы аяқталып, жаңа оқу жылында есігін айқара ашады. Ал Ақжайық ауданына қарасты Базартөбе мектебі, сондай-ақ Бәйтерек ауданындағы Раздольный ­мен Чувашка мектептерін жөндеу жұмысы кестеден кешігіп, жыл соңына дейін созылуы мүмкін. «Мұндай жағдайда жөн­деу жұмысы аяқталмаған мектептер­дегі оқу үдерісі ыңғайластырылған нысан­дарда – ауылдық клуб, мектептің интер­наты, ауылдық әкімдік үйінде ұйым­дасты­рылады», дейді басқарма басшысы.

Жалпы, осы білім нысандарындағы құрылыстың жай-күйін, мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын өңір басшысы Нариман Төреғалиев те әрдайым қадағалап, жағдаймен танысып отырғанын айтты. «Оқушыларға алаңсыз білім алуға жағдай жасау – басты міндетіміз» деген облыс басшысы жақында Орал қаласындағы Дарынды балаларға ар­нал­ған С.Сейфуллин атындағы №11 об­лыстық мамандандырылған мектеп-лицей интернатының жағдайымен танысып шықты. Сөйтіп, 1979 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген ғимараттың тозығы жеткен қалпын өз көзімен көрген болатын. «Облыс орталығындағы №17 мектеп ғимараты 1966 жылы, №9 мектеп 1988 жылы салынған. Бұл ғимараттар ұзақ жылдан күрделі жөндеу көрмеген. Осыған байланысты құзырлы органдар­ға аталған мектептерді жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп, күрделі жөндеу жүргізу бойынша тапсырма бердім», деді Н.Төреғалиев.

Құрылысы қожырап, кестеден кеші­гіп қалған мектептер Орал қала­сында да аз емес. Мысалы, дарынды бала­лар­ға арналған №8 облыстық мамандан­ды­рылған мектеп-лицейі осы жылдың басында жөнделіп болуы керек еді. Алайда мердігердің салғырттығынан жөндеу жұмысы аяқталмаған. Тапсырыс беруші мердігермен келісімшартты бұзып, мердігер компания соттың шешімімен жосықсыз қатысушы» деп танылды.

– Сонымен қатар 2020 жылдан бері жырға айналған №31 мектептің құры­лысы аяқталмақ түгілі әлі толықтай бас­талған жоқ. Мен бұл мәселені облыс әкімі болып қызметке кіріскелі қатаң бақылауға алдым. Бүгінде мектептің жер телімін мемлекет балансына қайтардық. Аталған мектеп бойынша Оқу-ағарту министрлігіне бюджеттік өтінім жолданды. Бюджет мақұлданған жағдайда мердігерді анықтап, құрылыс-монтаж жұмыстарын бастауды жоспарлап отырмыз, – деді облыс әкімі.

Білім саласының басшылары өңір­дегі мектептерді жылы дәретханамен жаб­дықтау, санитарлық қауіпсіздікті сақ­тау мәселесін де ескергенін айтты. «Облыстағы барлық мектеп дезин­фек­циялық және санитарлық қауіпсіздік құрал­дарымен қамтамасыз етілді. Биыл облыс бойынша Бәйтерек ауданында – 2, Қазталов ауданында – 5, Жаңақала ауданында – 2, Теректіде – 5 мектеп, барлығы 14 мектеп ғимараты көгілдір отынға қосылады», деді А.Мыңбаева. Айта кетейік, бұл аталғандардың дені – ауылдық округ ішіндегі шағын елді­мекендерде орналасқан мектептер.

 

Батыс Қазақстан облысы