Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Бие сүті 3 мың жыл бұрын Қытайда емдік мақсатта қолданылатын қасиетті өнім болып саналған. Гиппократ (шамамен б.з.д. 460-377 ж.) осы өнім жайлы жазбаларында оның емдік қасиеті, әсіресе туберкулез, тыныс жолдары аурулары мен басқа да көптеген сырқатқа таптырмас ем екенін баяндаған. Еуропалық әдебиеттерде бие сүті ас қорыту ауруларына қарсы «бальзам», бауырға арналған «эликсир» және жалпы сырқаттарға арналған «сергіткіш сусын» ретінде көрсетілді. Бұл көптеген аурудың симптомдарын азайтатын немесе толығымен алдын алатын пайдалы тағам деп есептелді. Сондай-ақ «Бие сүті ағзаны емдеп қана қоймай, оны нығайтады, иммунитетті арттырады, күш-қуат беріп, төзімділікті арттырады, яғни жалпы өмір сүру сапасын жақсартады» деген қорытынды жасалған.
Жаңа сауылған бие сүтінің ғасырлар бойы Қазақстан аумағында ғана емес, оның шегінен тыс жерлерде де танымал болғанына қарамастан, оның емдік қасиетіне кейінгі жылдары ғана мән беріле бастады. Бұл үрдіске бие сүтінің жаңа инновациялық технологиялар – сублимациялау, пастерлеу әдістері арқылы саумалдың ұнтақ түрін шығаруы түрткі болды.
Сублимациялау (сублимациялық кептіру) саласындағы заманауи жетістіктер бие сүтінің пайдалы қасиеттері мен балғындығын тиімді сақтауға мүмкіндік береді. Сублимация процесі кезінде бие сүті тоңазытылып (– 35ºС), мұзға айналған соң, алынған сүт мұзы арнайы жағдайда сұйық фазаны айналып өтіп, құрамындағы су буға айналып кетеді. Нәтижесінде мұздың орнында тек сүттің құрғақ ұнтағы ғана қалады. Осылайша, сублимация әдісімен алынған бие сүті ұнтағының сапалық құрамы табиғи сүтке мейлінше жақын болады.
Пастерлеу (пастеризация) процесі арқылы өнімнің қауіпсіздігіне қол жеткізілді. Бұл жағдай тек ересектер үшін ғана емес, балалар мен жүкті әйелдер үшін де өте маңызды. Құрғақ бие сүті ұнтағын белгілі бір пропорцияда жылы суда еріткен кезде ол тез қалпына келіп, табиғи сүтке айналады. Осындай озық технологиялармен өңделген бие сүтін отандық кәсіпкерлер ойдағыдай жүзеге асырып, оны шетелдік тұтынушыларға да ұсынып жатқаны қуантады. Бұл, әрине, экономикалық тұрғыдан да мемлекетімізге тиімді.
Осындай сублимация мен пастерлеу әдістері арқылы саумалдың ем-шипалық қасиетін медицина саласында кең көлемде ғылыми тұрғыда зерттеуге мүмкіндік туды. Отандық дәрігер ғалымдардың осы саладағы еңбектерін айтып өткен жөн. Еліміздегі бетке тұтар клиникаларымыздың бірі – Президент Іс басқармасы медицина орталығының ауруханасында осындай ғылыми зерттеулер жүргізіліп жатқанын білетінмін. Бие сүті мен қымыздың, түйе сүті мен шұбаттың ем-шипалық қасиеттерін зерттеп жүрген ғалымдардың көшбасшысы ретінде осы аурухананың бас гастроэнтеролог дәрігері, медицина ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Биімбетовті зор ілтипатпен айта аламын. Оның жүргізіп жатқан ғылыми жұмыстары, бие сүтінің ас қорыту органдары мен бауыр, өт жолдары сырқаттарындағы кереметтей қасиеттерін дәлелдеп жазған ғылыми жұмыстары көңілге жылу ұялатады.
Қазіргі заманда кең етек алып жатқан метаболизмге байланысты аурулар мен кешегі елімізге орасан зор шығын келтірген Covid-19 инфекциясының салдары әлі де маңызды проблемалардың бірі болып келеді. Ол тек медицина қызметкерлерін ғана емес, жалпы қоғамды да алаңдатып отыр. Осы бағытта жаңаша көзқарастар мен зерттеулер қажет сияқты көрінеді.
Жақында Президент ауруханасында қызмет ететін медицина ғылымдарының докторы, профессор Орал Оспановтың жетекшілігімен дайындалған бір топ автордың «Қазақстан Республикасындағы бариатриялық және метаболикалық хирургияның концептуалды реинжинирингін әзірлеу және енгізу – көпсалалы көзқарас» тақырыбында Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласы бойынша Мемлекеттік сыйлығына тапсырылған жұмысын тізімнен көріп, қуанып қалдым.
«Реинжиниринг» деген сөзбен ұсынылған жұмыс тақырыбын оқыған кезде алдымен медицинадағы қандай да бір техникалық жаңалықтар туралы ойлаған едім. Бірақ ғылыми-практикалық жұмыспен танысқан соң оның терең мағынасы түсінікті болды. Жалпы айтқанда, бұл ғылыми жұмыс метаболизм бұзылыстары мен оның асқынуларын комплексті түрде, яғни әртүрлі саладағы дәрігерлердің бірігіп, көпсалалы көзқараспен қарап, хирургиялық және хирургиялық емес тәсілдермен емдеу керек деген қорытындыға саяды. Меніңше, бұл – өте дұрыс көзқарас. Себебі адам организмі өте күрделі жаратылған биологиялық субъект қой. Оны тек бір көзқараспен қарап, денсаулық проблемасын оңтайлы шешу, сірә, дұрыс болмас.
Дәрігер болмағандықтан, мен аталған ғылыми-практикалық жұмыста көрсетілген хирургиялық тәсілдерге сараптама жасай алмаспын, бірақ биолог, ветеринар, ғалым ретінде ой-пікірімді білдіргім келді:
Біріншіден, жұмыстың ауқымдылығы. Аталған проблемаларды шешу жөнінде жасалып жатқан әртүрлі хирургиялық тәсіл, олардың керемет нәтижелері. Бұл, әсіресе, кейінгі кезде белең алып бара жатқан семіздік кезінде айқын көрінеді.
Екіншіден, «Бариатриялық және метаболикалық хирургия» саласы инновация ретінде танылып, алғаш рет Денсаулық сақтау министрлігінің аттестаттауға жататын мамандықтар тізіміне енгізілген екен. Яғни бұл – медицинада жаңаша мамандық пайда болды деген сөз. Бұл мамандық Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен бекітілген. Бұл, әрине, мақтауға тұрарлық нәтиже.
Үшіншіден, жұмыс нәтижелерінің отандық және шетелдік баспаларда ауқымды түрде жарық көруі. Жасалған жұмыс нәтижесі бойынша 7 монография, 15 отандық және шетелдік патент, 39 авторлық куәлік, дәрігерлерге арналған 9 методикалық нұсқаулық, әлемдік «Scopus» және «Web of Science» деректер базасындағы басылымдарда жарияланған 50 мақала. Өте көлемді, ауқымды жұмыс. Тарихта тек бір монографиямен ғана мемлекеттік сыйлықты алған жағдайлар кездеседі. Ал мұндай ірі көлемдегі жұмыс қазіргі таңда сирек кездессе керек.
Төртіншіден, жасалған жұмыс нәтижесі тек ғылыми жұмыс болып «шаң басып» жатпай, күнделікті практикада қолданысқа ие болған. Бұған еліміздің барлық өңіріндегі практикаға енгізу актілері дәлел. Яғни кең-байтақ қазақ елінің өңірлерінде метаболизм бұзылыстары кезінде авторлар енгізген әдістермен ем-шаралар жүргізіліп жатыр деген сөз.
Бесіншіден, әрине, бие саумалын метаболизм сырқаттары кезінде емдік-профилактикалық әдіс ретінде қолдану – тың көзқарас, жаңаша әдіс. Ұлттық тағамымызға тың көзқараспен қарау нәтижесінде пайда болған жаңаша емдеу тәсілі көптеген ғылыми зерттеуді жүргізу нәтижесінде дәлелденген. Бұл бағыттағы жұмыстар патенттер мен авторлық куәліктермен, «Scopus» және «Web of Science» деректер базасындағы басылымдарда жарияланған. Сонымен қатар саумалдың ем-шипалық қасиеттері жөнінде Бақытжан Биімбетовтің авторлығымен 2 монография жарық көрді.
Реті келгенде айта кеткен дұрыс болар. Ұлтымыздың қасиетті тағамдары қымыздың, шұбаттың ем-шипалық қасиетін терең зерттеу мақсатында мемлекеттік тұрғыда қолдау жасалынып, Ұлттық бағдарлама ретінде қолға алуымыз керек. Ата-бабамыздан қалған кәсіпті жалғастырып, түйе мен жылқы шаруашылығын дамытуға, олардан алынатын шұбат-қымыз сияқты бағалы өнімдерді молайтуға, оны мақтаныш ететіндей ұлттық брендімізге айналдыруға мол мүмкіндігіміз бар.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, Денсаулық сақтау мен Ауыл шаруашылығы министрліктері бірлесіп, осы бағытта жаңа бағдарлама жасап ұсынса, оны білікті ғалым дәрігерлер мен ауыл шаруашылығы саласының ғалымдары терең зерттеп, нәтижесін көпшілікке ұсынса, нұр үстіне нұр болар еді.
Президент Іс басқармасы медицина орталығының ауруханасы дәрігерлерінің «Қазақстан Республикасында бариатриялық және метаболикалық хирургияның концептуалды реинжинирингін әзірлеу және енгізу – көпсалалы тәсіл» тақырыбындағы жұмысы ғылыми-практикалық маңызы бар, ашқан жаңалығы мен енгізу ауқымы бойынша Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығының иегері атануға лайықты деп есептейміз.
Қуаныш АЙТАХАНОВ,
Ауылшаруашылығы ғылымдары академиясының академигі,
экономика ғылымдарының докторы