Аймақтар • 20 Тамыз, 2023

Жаңа автобустар жолға шықты

245 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Қарағанды облысында 165 жаңа автобус жолға шығады. Іргедегі «Саран Qaztehna» зауытынан №5 автопаркке 59 автобус жеткізілді. Бұл жаңалыққа Пришахтинск тұрғындары ерекше қуанды. Бұған дейін осы бағытта қатынайтын №145 және №45 автобустардың дені ескірген еді. Жолаушылар енді «Еуро-5» экологиялық стандарты талаптарына толық сай жаңа маршрутпен қатынайды.

Жаңа автобустар жолға шықты

«59 жаңа автобус сатып алдық. Олар климатты бақылау, бейне­ба­қы­лау жүйелерімен және ақылды ка­мера­лармен жабдықталған. Мысалы, егер жүргізуші шаршаса, қалғып кетсе, темекі шексе немесе телефонмен сөйлессе, бұл камералар бәрін түсіріп, ереже талабы бұзылғаны туралы белгі береді. Осылайша, нақты уақыт режімінде барлығын қада­ғалап отыруға техникалық мүм­кіндігіміз бар», дейді №5 автобус паркінің бас директоры Нұрлан Елшібаев.

Сонымен қатар автобустар жыл­дам­­дықты шектейтін датчиктермен, жүріп-тұруы қиын жолаушыларға арналған көтергіштермен жабдық­тал­ған. Олардың клиренсі жоғары, жүргізушіге қоңырау шалу түймесі бар. Автобустар «Еуро-5» эко­ло­гия­лық стандарты талаптарына толық жауап береді.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев автопаркке арнайы барып, ондағы бас­шылықпен кездесті. Зауыттан жаңа алынған автобустарды көрді. Екін­ші кезектегі міндет қоғамдық кө­лік­тің жұмыс кестесін ұзарту екенін атап өтті.

«Осымен үшінші жыл қоғамдық көлікті жаңартумен тұрақты түрде айналысып келеміз. Onay электронды билеттеу жүйесін енгіздік. Қалалық маршруттарда ғана емес, қала маңындағы маршруттарда да жол жүруді екі есеге жуық арзан­да­туға мүм­кіндік жасадық. 18 жасқа дейінгі балаларды тегін жол жүретін қылдық. Енді Пришахтинск тұрғындарының үйіне жетуі үшін автобустардың жұмыс уақытын 21.00-ге дейін ұзарту мәселесі ғана қалды. Қалааралық автобустарды да жаңарту көзделген. Жыл соңына дейін барлығы 33 көлік сатып аламыз, сегізі ең сұранысқа ие бағыттардың бірі «Қарағанды – Теміртау» бағытына шығады. Жақын арада Балқаш қаласының да автобус паркі жаңарады. №5 автопарктің ие­ле­рі сол жерде де жұмыс істейді», деді әкім.

Қазір автопарк техникаларының 80 пайызы жаңартылған. Мұндай бағыт­тағы жұмыстар әлі жалғаса береді.

 

Қарағанды облысы