Партия • 21 Тамыз, 2023

Жұртшылыққа берілген уәде орындалып келеді

242 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Amanat» партия­сы­ның Абай облыстық филиалында облыс мәслихатының депутаты, облыстық мәслихаттағы «Amanat» партия­сы депутаттық фрак­циясының төрағасы Шағангүл Жанаеваның қатысуымен брифинг өтті.

Жұртшылыққа берілген уәде орындалып келеді

БАҚ өкілдерімен кездесу барысында облыстық «Amanat» партиясы депу­таттық фракциясының атқарған жұ­мыс­та­ры, сайлауалды бағдарламаның орындалуы жайы баяндалды. Аймақта аталған партияның 10 филиалы (1 өңірлік, 9 аумақтық), 137 бастауыш партия ұйымы жұмыс істейді, олардың құрамында 23 708 партия мүшесі бар.

Бүгінгі таңда өңірлік Жол картасына партияның алдын ала міндеттемелерін іске асыруға бағытталған 157 іс-шара енгізілген. Шағангүл Алдамжарқызы фракцияның әрбір мүшесі Жол картаның орындалуын жіті бақылауына алғанын атап өтті.

«Басты мақсатымыз – «Amanat» пар­тия­­сының 2023-2027 жылдарға арнал­ған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағ­д­ар­ламасын жүзеге асыру. Бағдар­ла­маға түйткілді мәселелерді шешетін, халықтың жағдайын жақсартатын жүйелі іс-шаралар жоспары кірді. Абай облысы бойынша Сайлауалды бағдарламаның орындалуына жүргізілген талдауға сәй­кес, 6 айда 157 іс-шараның ішінде – 4 (3%) орындалды, орындалу сатысында – 92 (58,5%), орындалу мерзімі әлі келмеген – 61 (39%) көрсетті. Атап айтқанда, Семей қаласының Қайнар ауылында 200 орынға арналған денешынықтыру-сауықтыру кешені, Семей қаласында 150 орындық мүгедектерге арналған оңалту орталығы енгізілді. Сонымен қатар облыс орталығында фотовидеофиксация және бейнеаналитика жүйесі құрылып, 1 551 бейнекамера орнатылды. Көкпекті ауданындағы «Көкжайық ауылындағы су желілерінің құрылысы» нысаны енгізілді», дейді облыстық мәслихат депутаты Ш.Алдамжарқызы.

сми

Бүгінде іске асып жатқан бірқатар партиялық жоба барын да атай кеткен жөн. «Amanat» партиясының «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Ұлттық мұра», «Еңбек адамы», «Халыққа көмек» және тағы да басқа жобалар рет-ретімен орындалып келеді. Мысалы, ерекше қажеттіліктері бар адамдарды жұмыспен қамту мәселесін шешу үшін «Кедергісіз келешек» жобасы аясында «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламалары бойынша ЖОО түлектері жұмысқа орналастырылды, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарының қолжетімділігіне партия­лық мониторинг жүргізіледі.

«Қазіргі уақытта партия депутаттары партияның Орталық аппараты мен өңір­лік филиалдарының қызметкерлері, баста­уыш партия ұйымдарының мүше­ле­рімен бірлесе отырып, «Балаларды мектепке даярлайық!» акциясына белсене қатысып келеді. Бұл акция «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында осымен 13 мәрте өткізіліп отыр. Акцияның мақсаты – көпбалалы және аз қамтылған отбасылардағы балаларды жаңа оқу жылына дайындауға көмектесу. Іс-шара аясында ұрпақ болашағына бейжай қарай алмайтын азаматтар оқушыларға мектеп формасы, оқулықтар мен қажетті құралдар салынған рюкзактар тарту етті», дейді Шағангүл Алдамжарқызы.