Жан-жақты қолдауға әзір
Өрт фактісіне байланысты Қылмыстық кодекстің 277-бабының 3-бөлігі бойынша «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу» тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Өрт тұтанған конвейер таспасы бір күн бұрын ғана ауыстырылған. Температураның жоғары болуына, шахтаны түтін басуына және сәйкесінше, өндіріс орнының қолжетімсіздігіне байланысты өрт ошағы әлі де оқшауланбаған. Қазіргі уақытта шыққан өртті шахтаның өзге жағынан сөндіру бойынша шаралар жүргізіліп жатыр.
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Қарағандыдағы профессор Х.Ж.Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханасындағы зардап шеккен кеншілерге келіп, тезірек сауығуларын тіледі. Шахтерлерге компания есебінен еңбекке жарамсыздық кезеңінде орташа еңбекақының 100 пайыз мөлшерінде төлем жүргізетіні, дәрілерді төлейтіні, санаторий-курорттық ем берілетіні және моральдық зиян өтелетіні айтылды.
Апат салдарынан 13 адам зардап шеккен. Олардың тоғызы улы газдармен уланып, оның ішінде ауыр дәрежеде иіс тиіп, ауруханаға жеткізілді. Бүгінде екі шахтер жансақтау бөлімінен ауыстырылды. Науқастардың жағдайы орташа дәрежеде, тұрақты. Есін біледі. Ауыр интоксикация синдромы мен энцефалопатия жағдайды ауырлатып тұр. Гемодинамикалық көрсеткіштер тұрақты. Тағы төрт адам Шахтинск қаласының орталық ауруханасына жеткізілді. Екі адам амбулаториялық емделуге жіберілді, тағы екі адам стационарлық ем қабылдап жатыр, олардың жағдайы орташа.
Үкімет басшысы қаза тапқан кеншілердің отбасымен кездесіп, қайғыларына ортақтасып, көңіл айтты.
– Жауапты тұлғалардың барлығы жазаланады. Өткен жылы да осындай жағдай болған. Ол кезде басшылық барлық қажетті шараны қабылдап, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, инвестиция салуға уәде берген еді. Бірақ көріп отырғанымыздай, қайғылы оқиға қайталанып отыр, қажетті көлемде қаражат бөлінбей отыр. Сондықтан қазір бұл компанияның иесі бойынша қандай шара қабылданады деген сұрақ қойылды. Өткен қайғылы оқиғалар бойынша тергеу жұмыстары аяқталып келеді. Қыркүйек айында материалдар сотқа жіберіліп, кінәлілер, оның ішінде компанияның топ-менеджменті жауапқа тартылады деп күтілуде. Мұның соңына жететініміз анық, – деді Премьер-министр.
Сонымен қатар қаза тапқандардың отбасына жұмыс беруші кеншілердің жылдық жалақысының 10 еселенген мөлшерінде моральдық зиян үшін біржолғы өтемақы төлеп, сондай-ақ жерлеу және еске алу шараларын өткізу шығындарын өтейді. Тұрғын үй болмаған жағдайда Қарағанды облысынан пәтер беріледі, балаларын жоғары оқу орнында тегін оқытады. Компания отбасы мүшелерін жұмысқа орналастыру және ипотекалық несиелерді өтеу бойынша шаралар қабылдайды. Осы міндеттемелердің барлығын орындау «АрселорМиттал Теміртау» АҚ меншік иесі ауысқан жағдайда да жалғасады.
Премьер-министр атап өткендей, қазіргі уақытта «АрселорМиттал Теміртауда» халықаралық компанияларды тарта отырып, экологиялық аудит және өнеркәсіптік қауіпсіздік аудиті аяқталып отыр. Тексеріс нәтижесі қыркүйек айында белгілі болып, тиісті шешімдер қабылданады.
Кездесу барысында кеншілер үшін зейнеткерлік жасты төмендету мәселесі көтерілді. Ә.Смайылов қазіргі уақытта шахтерлерге ертерек – 55 жастан бастап зейнетке шығуға мүмкіндік беретін заңнамалық өзгерістер енгізіліп жатқанын айтты.
Қаза тапқан кеншілердің аты-жөні: Стешин Денис Геннадьевич 1978 жылы туған, 4-разрядты жерасты үңгушісі, еңбек өтілі – 21 жыл; Халиков Артур Ринатович 1994 жылы туған, 4-разрядты жерасты электршебері, еңбек өтілі – 10 жыл; Бургун Виктор Сергеевич 1966 жылы туған, 5-разрядты жерасты электршебері, еңбек өтілі – 39 жыл; Слюньков Виталий Владимирович 1965 жылы туған, 5-разрядты жерасты электршебері, еңбек өтілі – 39 жыл; Старовойт Илья Александрович 1996 жылы туған, 3-разрядты жерасты электршебері, еңбек өтілі – 4 жыл.
Алпауытқа алаңдауға негіз бар
2016 жылдан бері «Арселордың» көмір шахталарындағы апат қатары азаймай тұр. Мәселен, 2016-2022 жылдары 18 апат болып, соның салдарынан 19 кенші қаза тапқан, тағы 45 жұмысшы түрлі жарақат алған. 2021-2022 жылдары 4 апат тіркеліп, 21 адам зардап шегіп, 12 жұмысшы қаза тапты.
Апаттардың негізгі себептері – технологиялық үдерістерді өз деңгейінде ұйымдастырмау, қауіпсіздік талаптарын біле тұра ескермеу, өндірістік бақылаудың тиімсіздігі, сонымен қатар негізгі және қосалқы жабдықтардың тозуы.
Биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша «АМТ» АҚ көмір кәсіпорындарында 6 рет тексеру жұмысы жүргізілді. Онда 957 өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының бұзылуы анықталды. Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына 55 қауіпті өндірістік нысан мен қауіпті техникалық құрылғылардың жұмысын тоқтату туралы 7 талап арыз жолданды. Қазір сот шешімімен 25 нысанның жұмысы тоқтап тұр.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев кейінгі жылдары «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен өндірісті жаңғыртуға инвестициялар мен өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы шаралар бойынша бірқатар стратегиялық құжатқа қол қойылғанын хабарлады. Алайда кәсіпорын бұған пысқырып та қарамаған.
Кокс пештерінің бірқатар батареялары мен химиялық өңдеу цехы апатты жағдайда тұр. Екі жаңа пештің құрылысына келісімшарттар жасалған жоқ, пеш қоры бұзылып жатыр. Бұл өндірістің қысқаруына әкеледі.
Премьер-министр қайғылы оқиға өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заң бұзушылықтармен тікелей байланысты екенін атап өтті.
«Бұл – ең алдымен, кәсіпорын иесінің кінәсі. Олардың өздерін компанияның тыныс-тіршілігінен толықтай шеттетуі бірнеше жыл бойы қайғылы салдарға әкеп соғып отыр. Көріп отырғанымыздай, жұмысшылар үшін тиісті қауіпсіздік деңгейі сақталмай, кәсіпорын жұмысының барлық кезеңінде басты назар тек пайда табуға аударылған. Сондықтан да апаттар жиі қайталанып отыр. Ең қайғылысы, адамдардың өліміне алып келуде», деді Ә.Смайылов Шахтинск қаласында өткен кеңес кезінде.
«АрселорМиттал Теміртау» нысандарында кейінгі 15 жылда 100-ден аса адам қаза тапты. Бұл сан жыл сайын өсіп келеді. «АрселорМиттал» халықаралық компаниялар тобындағы әрбір екінші қаза қазақстандық дивизионға тиесілі болып отыр», деді Ә.Смайылов.
Теміртаудағы экологиялық жағдай да ерекше назар аударуды қажет етеді. Теміртаудағы барлық зиянды шығарындылардың 88 пайызы осы алпауытқа тиесілі. Зардабын қала тұрғындары тартып отыр: онкологиялық аурулардың, тыныс алу жолдары ауруларының және басқа да сырқаттардың өсуі байқалады.
«Атап өткеніміздей, кәсіпорын өндірісті жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу бойынша шаралар қабылдамайды. 30 жылға жуық уақыт ішінде біз комбинаттың күйреуін ғана көріп отырмыз. Жекешелендіру кезінен бері оның өндірістік көрсеткіштері жартысына дейін төмендеді. Болат шығару көлемі өткен жылы 6 млн тоннадан 3 млн тоннаға дейін – екі есеге қысқарды. Көмір өндіру төрттен бір бөлікке азайды», деп атап өтті Премьер-министр.
Ол аз десеңіз, лонжеронды және электротехникалық болатты, басқа да жоғары маржиналды номенклатураларды шығару бойынша құзыреттерінен айырылып қалған. Мұның салдары жұмыспен қамтылғандар саны 72 мыңнан 30 мың адамға дейін қысқаруға алып келіп отыр.
Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министр «Қазақстан» шахтасындағы апаттың себептерін жан-жақты тексеру үшін комиссияның жұмысын сапалы қамтамасыз етуді және зардап шеккен отбасыларға барлық қажетті көмекті көрсетуді тапсырды. Ә.Смайылов тиісті шешімдер қабылдау үшін ТЖМ мен Экология және табиғи ресурстар министрліктеріне «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-да жүргізіліп жатқан өнеркәсіп және экологиялық аудиттерді жедел аяқтауды талап етті.
Қарағанды облысы